Accessibility links

Алматы әкімдігі министрліктің "Тағзым" мемориалының бюджеті туралы ақпаратты жариялау талабын орындамады


Қаңтар оқиғасына арналған "Тағзым" мемориалын жөндеп жүрген жұмысшылар. Алматы, 26 желтоқсан, 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына арналған "Тағзым" мемориалын жөндеп жүрген жұмысшылар. Алматы, 26 желтоқсан, 2022 жыл.

Алматы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің "Тағзым" мемориалының бюджеті туралы ақпаратты ашық жариялау туралы талабын орындамады.

Қаңтар құрбандарына арнап ашылған "Тағзым" мемориалының қанша ақшаға салынғаны "мемлекеттік құпияға жатпайды" деп мәлімдеген министрлік Азаттық сауалынан кейін Алматы әкімдігін жұмсалған қаржы мөлшерін ашық жариялауға міндеті қылған.

Министрліктің мемлекет пен қоғам коммуникациясын дамыту департаментінің директоры Бекзат Рақымов әкімдікке "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заңын бұзғаны жөнінде екі рет хат жолдаса да, әкімдік ресми жауап бермегенін жазды.

"[16 ақпанда] бюджет қаражаты бойынша ақпаратты әкімдіктің ресми интернет-ресурсында жариялауды және ақпаратқа қол жеткізуді шектемеу туралы хат жолданды. Әкімдік тиісті шараны орындамағандықтан, 2 наурызда министрлік әкімдікке екінші мәрте сұраныс хат жолдады. Алайда әкімдік ресми жауап ұсынған жоқ" деді Рақымов Азаттыққа жолдаған жауабында.

"Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заңының 6-бабының 9, 10-бөліктеріне сәйкес, әр азамат "мемлекеттік құпия мәліметтерді қоспағанда, республикалық және жергілікті бюджет қаражаты, оның жұмсалуы және жұмсалуын бақылау туралы" ақпаратқа еркін қол жеткізуге құқылы.

Азаттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, мемлекеттік қызмет істері агенттігіне, бас прокуратураға және Алматы прокуратурасына: "Тағзым" мемориалына жұмсалған қаржы туралы ақпарат мемлекеттік құпияға жатпайды. Ескерткішке қанша қаржы жұмсалды деген сұраққа Алматы әкімдігі жауап бермеді. Бұл ақпарат ашықтығы қағидасына қайшы емес пе?" деген сауал жолдады.

Екі прокуратура да сауалды әуеліде ақпарат беруден бас тартқан әкімдіктің өзіне қайтарды. Оған ешқандай жауап келмеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "әкімдік әрекетінің негізділігін және заңдылығын тексеру агенттіктің құзыретіне жатпайды" деп жауап жазды.

Ал мемлекеттік қызмет істері агенттігі Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 91-бабының 3-бөлігіне сәйкес, әкімдіктің әрекетіне қатысты сотқа дейінгі шағымды одан жоғары тұрған орган қарайтынын жазды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс бойынша, ақпарат беруден заңсыз бас тартқан мемлекеттік органға айыппұл түріндегі жауапкершілік көзделген.

Алматы қаласы Бостандық ауданының қаржы-шаруашылық бөлімінің жетекшісі Айдар Жылқайдаров мемориалға жұмсалған қаржы туралы ақпарат беруден бас тартты. Мемлекеттік органдардың хатына неге жауап бермегенін түсіндірмеді.

– Бұл туралы жауап берілді. Оған алып қосарым жоқ, – деді Жылқайдаров.

Әкімдік 4 қаңтарда Азаттыққа жолдаған ресми жауабында ескерткіш бюджетіне байланысты сұрақтарға "қызметтік пайдалану үшін жүргізілген құжаттамаға байланысты жауап беру мүмкіндігі жоқ" деген. Бұған қоса, әкімдіктің жауабында мемориалды орнату үшін мемлекеттік сатып алу порталында ешқандай келісімшарт жасалмағаны айтылған, ескерткішке қанша қаржы жұмсалды деген сұрақ жауапсыз қалған.

Азаттық тілшілері мемориал ашылған күні оның бюджетін білу үшін қала әкімдігіне қоңырау шалғанда, әкімдіктегілер "бұл — ешқандай құпия ақпарат емес, ресми сұрау жолдасаңыздар, жауап береміз" деген.

Қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған мемориалды 23 желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым- Жомарт Тоқаев ашқан. "Тағзым" деп аталған ескерткіш кешені қазақтың танымал тұлғаларының сөздері жазылған 13 тақтадан тұрады. Қоғам белсенділері мен Қаңтар оқиғасында жақындарынан айырылған адамдардың мемориалға көңілі толмады. Олар "Жаңа ескерткіш Қаңтар қырғыны құрбандарына тағзым етуге лайық емес" деп, қаза болған 238 адамның аты-жөні жазылмағанына наразылық білдірген. Жоба авторлары да мемориал нұсқалары қоғамда ашық талқыланбағанын, мүсіншілер арасында байқау болмағанын айтқан.

Қоғамда мемориалдың сапасына да сын айтылды. Ескерткіш ресми ашылғаннан бірнеше күннен кейін-ақ қайта жөнделген.

Қарай отырыңыз: Тоқаев ашқан мемориал қайта жөнделіп жатыр (17 наурыз 2023 жыл).

Тоқаев ашқан мемориал қайта жөнделіп жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:51 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG