Accessibility links

Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Путинді тұтқындауға ордер берді


Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путинді тұтқындауға ордер берді. Бұл хабар соттың ресми сайтында жарық көрді. Путинмен қоса, Ресейдің бала құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі Мария Львова-Белованы да тұтқындауға пәрмен берілген.

Халықаралық қылмыстық сот екеуін де Украинаның оккупацияланған аймағынан халықты, соның ішінде балаларды күштеп көшіріп, әскери қылмыс жасады деп айыптаған. Халықаралық құқықта бұл геноцид деп танылуы мүмкін.

Ресей бұл соттың юрисдикциясын мойындамайды. Мәскеу 2016 жылдан бері соттың әрекетін анықтайтын Рим статутына қатыспайды. Ал сот әскери қылмыс жасады деп айыпталып жатқан мемлекет басшыларының иммунитетін мойындамайды.

"Ресей Халықаралық қылмыстық соттың Рим статутының мүшесі емес, ол бойынша міндеттемелері жоқ. Ресей бұл органмен әріптес емес, ал Халықаралық қылмыстық сот берді деген тұтқындау туралы әлдебір "рецептінің" біз үшін құқықтық салмағы жоқ" деді Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова.

Львова-Белова Ресей "балаларды майдан алаңында қалдырмай, қамқор болып", "оларға жақсы жағдай жасап жатқанын" айтты. "Барлық елдің санкциясы болды, тіпті Жапония да маған санкция салды, енді тұтқындауға ордер беріпті, ары қарай не береді екен, көрейік" деді ол Ресейдің "РБК" сайтына.

Украинаның бас прокуроры Андрей Костин мұны Украина мен жалпы халықаралық құқық жүйесі үшін тарихи шешім деп атады. Оның айтуынша, Киев Гаагадағы сотқа балаларды Ресейге күштеп көшіру ісі бойынша 40 том материал тапсырған.

Бұдан бір күн бұрын ғана Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты тергеу тобы Ресейді "Украинада кең ауқымда әскери қылмыс жасады, соның ішінде қасақана адам өлтіріп, азаптады, кей кездері жақындарын балаларының көзінше зорлап, мәйіттерінің қасына қамады" деп айыптаған.

  • Киев пен халықаралық құқық қорғау ұйымдары Мәскеуді соғыс аймағындағы балалар үйлеріндегі украин балаларын ата-анасы, туыстары бар болса да, Ресейге күштеп әкетіп, басқа отбасыларға беріп жатыр деп айыптап келеді.
  • Мамыр айында Ресей мұндай балаларға азаматтық беру үшін заңдарын өзгерткен. Мәскеу бұл балаларды соғыстан қорғап жатырмыз дейді. Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы соғыс кезінде балаларды асырап алу халықаралық құқық нормаларына қайшы екенін мәлімдеген.
  • Халықаралық құқықта іс басындағы мемлекет басшысын тұтқындау процедурасы реттелмеген. Бұдан бұрын Халықаралық қылмыстық сот 2008 жылы Судан президенті Омар әл-Баширді тұтқындауға ордер берген. Биліктен қуылған соң оны өз елінің құқық қорғау органдары тұтқындаған, бірақ оны Халықаралық қылмыстық сотқа әлі тапсырмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG