Accessibility links

Оралда белсенді "полицияға бағынбағаны үшін" қамалды


Азаматтық белсенді Орынбай Оқасов.
Азаматтық белсенді Орынбай Оқасов.

Оралда азаматтық белсенді Орынбай Оқасов жеті күнге қамалды. Ол бір ай бұрын полицейлер көлігінің терезесін сындырып, оны салоннан күштеп алып шыққан кезде қамалған.

Белсенді әуелі "мас күйде көлік айдағаны үшін" ұсталған, кейін оны "полиция қызметкеріне бағынбағаны үшін" соттады. Әкімшілік кодексте бұл бап "полиция қызметкерінің әрекетіне кедергі келтірумен" пара-пар.

17 наурызда Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік істер жөніндегі сотының судьясы Мағауия Құрмашев Орынбай Оқасовқа шешім шығарды.

Іс материалдарына қарағанда, 9 ақпанда кешкісін Оралдың орталығында полицейлер белсендінің көлігін тоқтатқан. Сотта жауап берген полиция қызметкерлері ақыры оны не үшін тоқтатқанын нақты айта алған жоқ: оны көліктің дабыл шамдары дұрыс істемей тұрғаны үшін тоқтатты ма, әлде біреу "102-ге" хабарласып, "мас жүргізуші" туралы айтқаны себеп болды ма, түсініксіз.

Полиция қызметкерлері Оқасовтан көліктен шығуын сұраған кезде ол "бағынбаған". Полицейлер көліктің терезесін шағып, оны сыртқа күштеп шығарған. Бұдан соң қызметтік көлікке отырғызып, "ішімдік ішу деңгейін анықтау үшін" сараптама орталығына апарған.

Оқасовтың айтуынша, ол көліктен шығудан бас тартпаған, тек әуелі "құқықтары бұзылмас үшін" адвокаты мен әріптесіне хабарласуға мүмкіндік беруді сұраған.

– Мұны видеодан да көруге болады: мен тек өзге белсенділер мен адвокатты күтуге мүмкіндік беруді сұрадым. Бірақ қызметкерлер көліктің әйнегін сындырып, мені сол жақтан күштеп алып шықты. Видеода әйнекті сындырып жатқанда белсенділер келгені көрінеді. Көлігімді бүлдірудің қажеті жоқ еді, өзім шығатын едім, – деді белсенді Орынбай Оқасов.

Белсенді ұстау кезінде көп заңсыздық болғанын, полицейлер ұрғанын айтты. Мұны іске тіркелген сот-медицина сараптамасының нәтижесі де дәлелдеген.

Судья Құрмашев сот отырысы кезінде заңсыздық болғанын растап, белсенді мен адвокатқа "бәрін жазып алдым" деп айтқан. Алайда сот оған байланысты жеке қаулы шығарған жоқ. Бұл жөнінде адвокат Жанболат Құлжанов та өтініш берген. Адвокат заңбұзушылықты "полицияның бассыздығы" деп атаған.

Судья Құрмашев сот үкімі оқылатын күні "белсендінің соққыға жығылуы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік пен прокуратура, полиция органдары шара қолданатын шығар" деген.

Бұдан соң үкімді оқып, Орынбай Оқасовты жеті күн әкімшілік қамауға жіберген.

Бұл – 9 ақпанда Оқасов ұсталғалы бері шыққан екінші шешім. Бұған дейін әкімшілік сот оны "полиция талабына бағынбағаны үшін" 15 күнге қамап, сегіз жылға жүргізуші куәлігінен айырған. Сот шешімі 17 ақпанда күшіне енді. Апелляциялық сот шешімді өзгертпеді.

Орынбай Оқасов – бейбіт митингілерге қатысып, елдегі маңызды мәселелер туралы пікірін ашық айтып жүрген белсенді. Сол үшін талай әкімшілік жауапқа да тартылған. 2021 жылы қарашада "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған белсендінің бостандығы бір жылға шектелген. Бірақ "митингіге қатыспақ болғаны үшін" бірнеше айдан соң түрме жазасы берілді. Белсенді былтыр күзде түрмеден босап шықты.

XS
SM
MD
LG