Accessibility links

Байден Путинді тұтқындау туралы ордерді орынды шешім деп атады


Джо Байден.
Джо Байден.

АҚШ президенті Джо Байден Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың Ресей басшысы Владимир Путинді тұтқындау туралы ордерін орынды шешім деп атады.

Путиннің "әскери қылмыс жасағаны айқын" деді Байден. Ол Халықаралық қылмыстық соттың шешімін "мықты позиция" деп те бағалады.

Ресей сияқты АҚШ та Халықаралық қылмыстық соттың құзыретін мойындамайды.

Бұған дейін Путинді тұтқындау туралы ордерді Еуроодақ пен Украина қолдаған. ЕО сыртқы саясат жөніндегі ведомство жетекшісі Жозеп Боррель "Владимир Путинді тұтқындау туралы ордер – Мәскеуді Украинаға қатысты қылмысы мен жауыздығы үшін жауапқа тарту жолындағы қадамдардың басы" деді.

Украина президенті Владимир Зеленский Халықаралық қылмыстық сотқа принципшілдігі мен кінәлілерді жауапқа тартуға әзірлігі үшін алғыс айтты. "Мұндай дәрежедегі қылмысты террорист-мемлекеттің басшысының бұйрығынсыз жүзеге асыру мүмкін емес" деді Зеленский.

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы ордерді қылмыс жасағандардың барлығына ескерту деп атады.

17 наурызда Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путинді тұтқындауға ордер берген. Путинге қоса, Ресейдің бала құқығы жөніндегі уәкілетті өкілі Мария Львова-Белованы да тұтқындауға пәрмен берілген.

  • Халықаралық қылмыстық сот екеуін де Украинаның оккупацияланған аумағынан халықты, соның ішінде балаларды күштеп көшіріп, әскери қылмыс жасады деп айыптаған. Халықаралық құқықта бұл геноцид деп танылуы мүмкін.
  • Ресей Халықаралық қылмыстық соттың юрисдикциясын мойындамайды және оның жұмысына қатыспайды. Мәскеу 2016 жылдан бері соттың әрекетін анықтайтын Рим статутына қатысушы емес. Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова 17 наурызда ордерге қатысты алғаш рет реакция білдірген кезде осы тезисті қайталады.
  • Кремль өкілі Дмитрий Песков Халықаралық сот шешімінің "Ресей үшін құқықтық тұрғыда маңызы шамалы" деді. Ол сотта осындай сұрақ қойылуын "өрескел және жол беруге болмайтын жайт" деп атады.
XS
SM
MD
LG