Accessibility links

Қазақстанда парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау басталды


Парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау. Астана қаласындағы №111 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан сайлаушы. 19 наурыз, 2023 жыл.
Парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау. Астана қаласындағы №111 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан сайлаушы. 19 наурыз, 2023 жыл.

Бүгін Қазақстан азаматтары мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлап жатыр. Елдің көп бөлігіндегі сайлау учаскелерінде дауыс беру Астана уақытымен таңертең сағат 7.00-де басталды. Орталық сайлау учаскесінің дерегінше, ел аумағындағы 8272 сайлау учаскесі мен Қазақстанның 12 шет мемлекеттегі өкілдіктерінде ашылған 13 сайлау учаскесінде дауыс беру басталған.

Ал уақыт айырмашылығына байланысты Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында дауыс беру Астана уақыты бойынша сағат 8.00-де басталады. Қазақстандағы 92 сайлау учаскесінде аумақтық сайлау комиссияларының шешіміне сәйкес, дауыс беру сағат 6.00-де басталған.

Дауыс беру сағат 20.00-ге дейін жалғасады.

Елде барлығы 10 мыңнан астам, шетелде (77 мемлекетте) 66 сайлау учаскесі құрылған.

Сайлаушы тізімінде 12 миллионнан астам азамат бар.

Биылғы парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау аралас жүйемен өтіп жатыр. Мәжілістегі 98 депутаттың 69-ы партиялық тізіммен, қалған 29-ы бірмандатты округтерден өзін-өзі ұсыну арқылы сайланады.

Облыс және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаты депутаттарының жартысы аралас, жартысы партиялық тізіммен сайланады. Аудандық және облыстық маңызы бар қалаларда мәслихат сайлауы тек бірмандатты округ бойынша өтеді.

Бұған дейін Қазақстанда кейбір белсенділер билік оларды "декларациядағы сәйкессіздіктерге" байланысты сайлаудан "заңсыз шеттеткенін" мәлімдеген. Кей белсенділер "уақытынан бұрын үгіт-насихат жүргізгені үшін" де үміткер куәлігінен айырылған. Ал ОСК мұндай шешімдердің саяси сипаты барын терістеген.

Қазақстанда мәжіліс депутаттығына өзін-өзі ұсыну институты 2007 жылы жойылған. Сол кезден бері мәжілісті сайлау тек пропорционал жүйе бойынша өтіп келді. 2018 жылы жергілікті өзін-өзі басқару органы – мәслихатқа сайлау да тек партиялық тізім бойынша өтті.

Қаңтар оқиғасында наразылыққа шыққан халық саяси жүйені түбегейлі өзгерту жайлы талап қойған соң, президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр наурызда халыққа жолдауында мәжіліс пен мәслихатты пропорционал және мажоритар жүйе арқылы сайлауды ұсынды. Көп ұзамай сайлау заңына тиісті өзгертулер енгізілді. Билік мұны саяси бәсекені арттыруға бағытталған саяси реформалар деп атаған.

Сайлауға бірмандатты округтер бойынша жеке кандидаттардың қатысуына мүмкіндік берілсе де, сыншылар сайлау бәсекесінің имитациясы ғана бар дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG