Accessibility links

"Қытайға қарай қисаю". Си Цзиньпиннің Мәскеу сапарынан не нәтиже болды?


Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президент Владимир Путин Кремльдегі қабылдаудан шығып барады. Мәскеу, 21 наурыз, 2023 жыл.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президент Владимир Путин Кремльдегі қабылдаудан шығып барады. Мәскеу, 21 наурыз, 2023 жыл.

Мәскеуде үш күн болған Қытай басшысы Си Цзиньпин еліне қайтты. Оның Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі символизмге толы болды. Нәтиже қандай?

22 наурыз күні таңертең Си Цзиньпин Қытайға қайтпай тұрып, Ресей президенті екеуі Кремльде өткен келіссөздерден кейін бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Онда Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты Қытайдың "позитив рөлі" мен "объектив позициясы" жарияланды. Қос мемлекет басшысы сондай-ақ Ресей мен Қытай арасындағы тығыз экономикалық байланыс, мемлекеттік ақпарат құралдары арасындағы әріптестік мәселесін талқылап, АҚШ пен НАТО-ны, әсіресе, Австралия, Ұлыбритания мен АҚШ арасындағы AUKUS қорғаныс пактісін сынады.

Бірақ келіссөз нәтижесінде маңызды экономикалық келісімшартқа қол қойылмады. Мәскеуге Батыс санкцияларының қысымына төтеп беру үшін осындай келісімдер керек еді. Бұл Пекиннің Мәскеуге көмегі шектеулі екенін, қос тараптың қарым-қатынасында Қытай көбірек пайда көріп отырғанын аңғартты.

"Си Цзиньпиннің мақсаты – Ресейге жақындау не онымен әріптестікті жаңа деңгейге көтеру емес, қазіргі қарым-қатынасты сақтап қалу" деп жазды Лондондағы Chatham House талдау орталығының Қытай бойынша аға ғылыми қызметкері Ю Цзе.

САММИТ ҚАЛАЙ АЯҚТАЛДЫ?

Си Цзиньпин Путин Украинаға басып кіргелі Мәскеуге бірінші рет барып отыр. Бұл халықаралық қауымдастықтың соғысқа қатысты солқылдақ ұстанымына қарамастан, Қытай Мәскеу жағында қалғанын дәлелдейді.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин Кремльдегі салтанатты қабылдауда. 21 наурыз, 2023 жыл
Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин Кремльдегі салтанатты қабылдауда. 21 наурыз, 2023 жыл

Мәскеудегі кездесу кезінде Си Цзиньпин Путиннің позициясын үнсіз қолдады. Қос мемлекет басшысы Ресей мен Қытай қарым-қатынасының жаңа дәуірі басталғанын жариялап, бұдан геосаяси ландшафт өзгереді деп мәлімдеді.

21 наурызда ресми түскі астан кейін аудармашысы арқылы Путинге қарата сөйлеген Си Цзиньпин "Қазір 100 жыл бұрынғыдай өзгерістерге куә болып отырмыз. Бұл өзгерістерді бірге жасап жатырмыз" деді.

Бірақ Си мырза Путиннің Украинадағы соғысын қолдауға маңызды қадам жасамады. Ресей күткен көп жоспар жүзеге аспай қалды.

Пекин Ресейдің Моңғолия арқылы Қытайға газ тасымалдайтын "Сібір қуаты 2" газ құбырына қатысты жоспарын мақұлдауға асықпады.

21 наурызда Путин газ құбыры туралы Қытаймен келісім жасалып қойғандай сөйледі. Ол Моңғолия келісімшартқа қол қойып үлгергенін, Ресей Қытайға 2023 жылға қарай 98 млрд текше метр табиғи газ жіберуге уәде бергенін айтты.

Бірақ бұл жоспар жүзеге асуы үшін газ құбыры жобасын Қытай да қолдауы керек. Ал Си Цзиньпин кездесу барысында "Сібір қуаты 2" жобасы туралы жақ ашқан жоқ.

Бірлескен мәлімдемеде Ресей мен Қытай газ құбыры жоспарына қатысты жұмыстарды талдап, дамытуға күш салады делінген.

"Компанияларға жобаны бүге-шүгесіне дейін дайындап, аз уақыт ішінде қол қоюға беру тапсырылды. Тараптар шарттарды келісуі керек. Бұл жұмыстар биыл аяқталады деп үміттенеміз" деді Ресей вице-премьері Александр Новак.

УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫСТЫ БЕЙБІТ ЖОЛМЕН ШЕШУ ТУРАЛЫ НЕ АЙТЫЛДЫ?

Кездесу алдында Си Цзиньпин Украинада атысты доғаруды ұсына ма, ақпанның соңында Қытай жариялаған әскери қимылды тоқтату туралы ұсынысты негізге алып, соғысты тоқтату жайында ұйғарым жасала ма деген сұрақтар болған.

Бірақ кездесу аяқталғанда, Украинада бейбітшіліктің ауылы алыс екенін түсіндік.

Бірлескен құжаттарға қол қойған Ресей мен Қытай басшылары Кремльде баспасөз мәслихатында отыр. 21 наурыз, 2023 жыл.
Бірлескен құжаттарға қол қойған Ресей мен Қытай басшылары Кремльде баспасөз мәслихатында отыр. 21 наурыз, 2023 жыл.

Путин Қытайдың соғысты тоқтату туралы позициясына келісетінін, бірақ бұл келісімнің болашағы Батыс пен Киев келіссөзге қаншалық ашық болатынына байланысты екенін айтты.

Батыс Қытайдың 12 бөлімнен тұратын ұсыныстарын қабылдаудан бас тартқан. Пекин құжатта Ресейден Украинадағы әскерін шығаруды талап етпейді. АҚШ пен Еуропа елдері мұны кикілжіңді Мәскеудің шарты бойынша тоқтату деп бағалаған.

АҚШ Пекин Ресейге әскери көмек жібергелі жатыр деп дабыл қаққанымен, Қытай майданға көмек бермеген.

Бірлескен баспасөз мәслихаты кезінде Си Цзиньпин мен Путин "кез келген ел немесе мемлекеттер тобы әскери, саяси және басқа да салаларда басымдыққа ие болу үшін басқа мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуі керек" деген тезисті қайталады.

Кремль НАТО-ның кеңеюіне қарсы және Украинадағы соғысқа Батыс елдерін кінәлайды.

Киев Қытайдың ұсынысына күмәндана қарап, келіссөз шартына "Ресей Украина жерінен әскерін алып кетсін" деген талап қосуды сұраған. Бірақ Украинаның лауазымды басшылары Қытайды ашық сынаған жоқ.

Ресей көрші мемлекетке басып кіргелі Си Цзиньпин Украина президенті Владимир Зеленскиймен сөйлеспеген. The Wall Street Journal Си Цзиньпиннің Мәскеуге сапары алдында Қытай басшысы мен Украина президенті телефон арқылы сөйлесетінін жазған. 21 наурызда Зеленский әзірге бұл ақпарат расталмағанын мәлімдеді.

ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ ӨЗГЕРДІ МЕ?

Пекин Ресейдің Украинадағы соғысына келгенде дипломатиялық қылкөпір үстінде қалғандай болды. Бұл соғыс Батыс елдерін біріктіріп, Пекиннің екі негізгі сауда әріптесі – АҚШ және Еуропа одағымен қарым-қатынасын қиындатып жіберді.

Сапардың негізгі мақсаты – Қытай Ресеймен қарым-қатынасқа әлі де қызығушылық білдіріп отырғанын, соғыс ештеңені өзгертпегенін көрсету еді. Си қолдау белгісі ретінде Путинді биыл қалаған уақытында Қытайға келуге шақырды.

Бұл кездесу Қытайдың өз мүддесіне қайшы келетін жерде Ресейге қолдау көрсете алмайтынын айқындады.

Пекин Украинада соғыс жүргізіп жатқан Ресейге маңызды экономикалық канал ұсынды. 2022 жылы қос мемлекеттің сауда айналымы 190 миллиард долларға жетті. Қытай юані Ресейдегі негізгі валюталардың біріне айналады, өйткені Мәскеудің Қытайға тәуелділігі артып жатыр.

2014 жылы Қырым аннексиясына байланысты Мәскеуге санкция салынғанда, Пекин "Сібір қуаты" құбыры арқылы арзан газ алуға келіскен. Газ құбыры 2019 жылы іске қосылды. Қазір де Ресейдің жаңа газ құбырына сатып алушылар керек. Келісім Қытайдың шарттары бойынша жүзеге асатын сияқты.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин Мәскеудегі Внуково-2 әуежайында. Бұл – оның төраға болып қайта сайланғаннан кейінгі шетелге алғашқы сапары.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин Мәскеудегі Внуково-2 әуежайында. Бұл – оның төраға болып қайта сайланғаннан кейінгі шетелге алғашқы сапары.

Күштер теңсіздігі мен экономикалық тәуелділікке қарамастан, Си Цзиньпин Путинді өзімен тең көруге тырысты. Сарапшылардың пікірінше, Қытай басшысы АҚШ-қа қарсы күресінде Ресейді маңызды серіктесі көреді.

Бұл Қытайдың Ресеймен арадағы қатынасына Вашингтонға қарсылық негіз болып отырғанын, Пекиннің мақсаты – Мәскеуді өз жағында ұстап, Украинадағы соғыста қатты тұраламай, Батысқа қарсы тұруға қауқарлы болуын қамтамасыз ету.

Сыртқы саясат саласындағы қытайлық сарапшылар да осы пікірге қосылады.

Шанхай халықаралық қатынастар институты академиялық консультативтік кеңесінің төрағасы, сыртқы саясат саласындағы белгілі ғалым Ян Цземянь ақпанда "Ресей Батыс елдері мен АҚШ-қа қарсы тұра алмайтындай әлсірейтін болса, Қытай өте қиын стратегиялық жағдайда қалады" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG