Accessibility links

Украинаның Мариуполь қаласында Ресей полициясының көлігі жарылған


Украинаның Ресей басып алған Мариуполь қаласында 27 наурызда таңертең Ресей тағайындаған қалалық полиция бастығының көлігі жарылған. Ресей ақпарат көздерінің хабарлауынша, полиция бастығы жеңіл жараланған.

Жарылыс жергілікті уақыт 8.07-де (Астана уақытымен 11.07) қаланың оңтүстік-батысындағы базарда болған деп жазады Украинаның Мариуполь қалалық кеңесінің Telegram-дағы арнасы. Қала басшысы Вадим Бойченко Ресейдің жоғары лауазымды әскери шенеунігінің көлігі жарылған деп мәлімдеді.

ТАСС агенттігі полиция бастығы Михаил Москвинге қастандық жасалған деп хабарлады. Донецк сепаратистерінің басшысы Эдуард Басурин қастандықтан кейін Москвинмен сөйлескенін айтқан.

Донецк сепаратистерінің ішінде әкелі-балалы Москвиндер болған. Екеуі де – Украина азаматтары. Үлкен Москвин – бұрынғы милиционер, 31 жастағы кіші Москвин 2014 жылы Украинаның ұлттық гвардиясынан қашып кетіп, сепаратистерге қосылған. Қастандық осы екеуінің қайсысына жасалғаны белгісіз.

Украинаның Ресей басып алған жерлерінде Ресей тағайындаған әскери басшылар мен шенеуніктерге қастандық жиі жасалатыны байқалған. Әдетте Киев мұндай істерді мойнына алған емес. Алайда Ресей жағынан тараған кей ақпаратқа қарағанда, қастандыққа Ресейдің Федерациялық қауіпсіздік қызметінің қатысы болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG