Accessibility links

Бақылаушылар: ОСК Алматыда сайлауға барғандардың санын асыра көрсеткен


Алматыда сайлауды бақылаған Қазақстан жастар ақпараттық қызметі мен "Сандж" зерттеу орталығы өткізген баспасөз мәслихаты. Алматы, 28 наурыз, 2023 жыл.
Алматыда сайлауды бақылаған Қазақстан жастар ақпараттық қызметі мен "Сандж" зерттеу орталығы өткізген баспасөз мәслихаты. Алматы, 28 наурыз, 2023 жыл.

Алматыда 19 наурыздағы сайлауды бақылаған "Қазақстан жастар ақпараттық қызметі" қоғамдық қоры мен "Сандж" зерттеу орталығы Орталық сайлау комиссиясы Алматыда дауыс беруге барғандар санын асыра көрсетті деп мәлімдеді.

"Қазақстан жастар ақпараттық қызметі" ұйымының есебінше, Алматыдағы сайлаушылардың 17 пайызы ғана сайлауға барған. Ал ОСК таратқан ресми деректе дауыс бергендердің үлесі 23,9 пайыз деп көрсетілген.

Ұйым бақылаушылары Алматыдағы 256 учаскеде болған. Оның 126-сынан хаттама алған. Бақылаушылардың санауынша, округтердің бірінде жеңілген кандидат алған дауыс саны жеңген кандидаттікінен асып кеткен. Ұйым төрағасы Ирина Медникова осы жайт бойынша Орталық сайлау комиссиясынан түсініктеме талап етті.

– Біздің қолымызға түскен хаттамалар бойынша, төртінші округте кандидат Санжар Боқаев көш бастап тұр. Ал ресми деректе онда басқа кандидат жеңген. Біз Орталық сайлау комиссиясынан осы жағдайға түсініктеме беруді, дауысты қайта санауды сұраймыз немесе төртінші округте дауыс беруді қайта өткізсін. Өйткені олардың ұзаққа созылған үнсіздігі барған сайын сайлау қорытындысына күдігімізді еселеп жатыр, – деді Медникова 28 наурызда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.

Қазақстан жастар ақпараттық қызметінің бақылаушылары қол жеткізген хаттамалар бойынша, бәріне қарсы дауыс бергендердің үлесі ОСК жариялаған деректен де көп. Бірмандатты округ кандидаттары бойынша есептегенде, "бәріне қарсымын" деген пункт көп дауыспен бірінші орында тұрса, партиялар бойынша есептегенде, ол "Аманаттан" кейінгі орында. ҚЖАҚ есебінше, "Аманат" партиясы 32 пайызбен бірінші орынға шыққан.

Ирина Медникова 19 наурыздағы сайлау әділ өткеніне әлі де көз жеткізе алмай отырғанын айтты. Өйткені аумақтық сайлау комиссиясы қорытынды есеп қалай шыққанын ашық жарияламаған.

– Алматы аумақтық комиссиясының сайтында Word форматында жазылған ресми қорытынды ілінген. Бірақ онда тек жалпылама сандар бар. Ол қорытынды есепке ұқсамайды, пайызбен, формуласымен көрсетілмеген өте шикі сандар. Өкінішке қарай, мұндай жағдай әр сайлауда қайталанады. Шындығында, ОСК сайлау әділ өткенін дәлелдеу үшін өздері шығарған қорытындыға түсініктеме беріп, учаскелерге көк мөр басылған хаттаманы ашық іліп қоюы керек. Аумақтық сайлау комиссиялары да қорытынды есепті кез келген адам салыстыра алатындай, сайлау әділ өткеніне көз жеткізетіндей етіп, ашық жариялауға тиіс. Бірақ олай болмай отыр, – дейді ұйым жетекшісі.

Ұйым сайлау күні 120 заңбұзушылықты тіркеп, ОСК мен аумақтық сайлау комиссияларына 50 шағым жазған. Сотқа екі шағым түсірген.

Ирина Медникованың айтуынша, бұл сайлауда да ең жиі кездескен заңбұзушылық – бақылаушы жұмысына кедергі келтіру және хаттаманы қате толтыру.

– Бақылаушылардың учаскеде қозғалуына, видео, фото түсіруіне жиі тыйым салынады, хаттама бермей қояды, психологиялық қысым жасайды, тіпті кейде күш қолданады. Сайлау комиссиялары хаттама толтыру білмей ме, әлде қасақана істей ме, білмейміз. Бірақ онда қате көп болады, көбі жарамсыз болады, – дейді ол.

"Сандж" зерттеу орталығы Алматының 1500-ге жуық тұрғыны арасында сайлау туралы сауалнама жүргізген. Сауалнама нәтижесінде сайлауға жастар өте аз барғаны байқалған, қалада 55-60 жастағы сайлаушылар өте белсенді болған. "Сандж" басшысы Жанар Жандосова алматылықтардың сайлауға көзқарасы 2016 жылмен салыстырғанда айтарлықтай нашарлағанын, сайлаудан өмірі өзгеретініне сенбейтіндер көбейгенін айтты.

Алматыда мәжіліс пен мәслихатты сайлауды бақылаған "Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымы да заңбұзушылық көп болғанын, бақылаушыларға көп кедергі жасалғанын айтып, 24 наурызда сотқа бес шағым түсірген еді.

Сайлауды бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы дауыс санау процесіне алаңдаушылық білдірген. Бас прокуратура сайлау күні заңбұзушылықтар болғанын мойындағанымен, "бұл фактілер сайлау қорытындысына әсер етпеді" деп мәлімдеген.

ОСК қорытындысы бойынша, мәжілістегі орындардың басым бөлігін биліктегі "Аманат" партиясы иеленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG