Accessibility links

Оппозиция митингісі өтеді деген күні Алматы мен Астанада бірнеше белсенді ұсталды


Полиция көлігі. Бейтарап сурет.
Полиция көлігі. Бейтарап сурет.

2 сәуірде оппозиция митингісі өтеді деген күні Алматы мен Астанада бірнеше белсенді ұсталды.

Жексенбі күні күндіз Астанада Жеңіс даңғылы бойындағы алаңда арнайы жасақ белсенділер – Амангелді Жахинді, Әсет Кенжебековті, Мереке Нұғымановты, Қанат Әміреновті, Жәнібек Жүнісовті ұстап әкетті. Олар сайлау нәтижесін жоюды және оппозициялық "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеуді талап етпек болған. Бұл жөнінде #NotExtremists телеграм-арнасы хабарлап, видео да жариялады.

Видеода арнайы жасақтың ондаған өкілі плакат көтерген кемінде екі белсендіні ұстап әкеткені көрінеді. Белсенділер "Алға, Қазақстан" деп айқайлайды. Көлік ішінен видеоны түсіріп отырған адамға да ұстауды түсіруге қолшатырмен кедергі жасалады. Кейін күш құрылымдары көліктің ішіне газ жіберіп, "артқы есікті сындырып, көлікке кіреді".

Полиция оқиғаға түсініктеме бермеді.

Жексенбі күні Астанада белсенді Марат Жыланбаев ұсталғаны да хабарланған. Полиция оны не үшін ұстағаны белгісіз.

2 сәуірде таңертең Алматыда белсенді Бибігүл Иманғалиеваны да полиция тұрғын үй кешені маңынан алып кетті. Ақпаратқа қарағанда, ол белсенді Болат Смағұловтың жаназасына бармақ болған.

Жексенбі күні күндіз аталған телеграм-арна Алматыда полиция тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының мүшелері Әсет Әбішев пен Әлібек Кінәсов отырған көлікті эвакуаторға тиеп алып кеткенін де хабарлаған. Көлікте белсенділер болған.

Оның алдында Әбішев пен Кінәсов өздерін жай киім киген полиция қызметкерлері ұстайын деп жатқанын хабарлап, видео жариялаған. Ақпаратқа қарағанда, полиция "әлдекімдерден жол ережесін бұзғаны жөнінде хабарлама түскенін" айтып, оларды ұстамақшы болған.

Видеолардың бірінен жай киім киген, маска таққан бірнеше адам Әбішев пен Кінәсовтен көліктен шығуды талап етіп тұрғаны көрінеді. Белсенділер олардан өздерін таныстыруды, көлікке не үшін тиісіп жатқанын сұрайды. Бұдан соң белсенділер оқиға орнына партульдік полиция қызметкерлерін шақырған. Кейін белсенділер өздері отырған көлікті эвакуаторға тиеп жатқаны туралы видео жариялады.

Алматы мен Астана полициясы әзірге оқиғаға түсініктеме берген жоқ.

Мұның алдында әкімдік сайлау нәтижесін жоюды талап етпек болған белсенділердің митинг өткізу туралы өтінішін мақұлдамаған еді.

Қазақстанда 19 наурызда мәжіліс пен мәслихатты сайлау өтті. Тәуелсіз бақылаушылар сайлауда заңсыздық көп болғанын мәлімдеп, дәлелдер ұсынған. Кейбірі сотқа шағымданды. Билік "жекелеген заңбұзушылық болды, бірақ сайлау нәтижесіне әсер ететіндей жаппай заңсыздық болған жоқ" деп мәлімдеді. Елде кейбір белсенділер сайлау нәтижесін жоюды талап етіп келеді.

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы айлар бойы әділет министрлігіне құжат тапсырып, саяси ұйымды тіркей алмай келеді. Министрлік бастамашыл топтың құжаттары партияларды тіркеу туралы заңға сай еместігін айтып, тіркемеген. Ал белсенділер өздерін "саяси себеппен тіркемей отыр" деп есептейді. Билік елде саяси қудалау барын мойындамайды.

"Алға, Қазақстан" 12 cәуірде әділет министрлігіне 12-рет құжат тапсырмақ.

Бейбіт жиын өткізу құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды полицияның күштеп ұстауы – елде жиі кездесетін практика. Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар ресми Астананы азаматтардың бейбіт жиналу құқығын сақтауға үндеп келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG