Қарағанды соты 2019 жылы азаматтық белсенді Ғалы Бақтыбаевтың қастандық салдарынан қайтыс болуына байланысты қозғалған қылмыстық істі қарауға қайта кірісті.
Алайда процесс басталмай жатып, үзіліп қалды. Сотталушылардың адвокаттары 3 сәуірде "бұл істі бұрын да қараған" деп, судья Самал Арыноваға сенімсіздік білдірді.
Адвокаттардың талабы қанағаттандырылды. Енді бұл істі өзге судья жүргізеді. Істі қарау қашан қайта басталатыны әзірге белгісіз.
Белсендіге жасалған қастандық бойынша қылмыстық іс сотта әлденеше рет қаралған. Істі Қарағандыдан Ұлытауға, одан қайтадан Қарағандыға жіберген. Сотталушылар мен олардың адвокаттары тергеу мен айыптау кезінде "кісі өлімінің өзге де нұсқалары болуы мүмкін екенін қарастырмағанын" алға тартып, прокурорға сенімсіздік білдірген. Жәбірленуші тарап "кісі өліміне бұрын сотталған жергілікті тұрғын мен бұрынғы полицейдің және Бақтыбаевтың туысының қатысы бар" дейтін прокуратура нұсқасын қолдайды.
2021-22 жылдары алқабилер қатысқан қалалық сот сотталушыларды ақтап шыққан. Дауыс беру нәтижесінде алқабилер "тапсырысты орындаушыны" ақтаған, бірақ оның кісі өліміне дейін белсендіні ұрып-соққанын айыптап, 10 жыл түрмеге қамауды сұраған. Тергеу мен айыптау "белсендіні ұрып-соғу мен өлтіруге тапсырыс беруші" деп көрсеткен тағы екі сотталушыны да алқабилер толық ақтаған. "Бақтыбаевты ұруға қатысты" деп айыпталған тағы бір адам үш жылға бас бостандығынан айырылған.
Былтыр қазан айында Қарағанды облыстық қылмыстық істер сотының сот алқасы ақтау туралы шешімді бұзған.
Осыдан кейін, 2022 жылғы қарашада үшінші сот отырысы басталған.
Прокурор айыпталушы үш адамның әрқайсысын 20-25 жылға дейін түрмеге қамауды сұраған. Прокурордың сөзінше, айыпталушылар "Бақтыбаевтан сескенген, өйткені ол бұрын бірнеше рет арыз жазған, сол арыз бойынша өздерінің үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін деп қауіптенген, сондықтан белсендіні өлтіруге тапсырыс берген".
Ғалы Бақтыбаевқа 2017 жылы жемқорлыққа және алаяқтыққа байланысты қоғамдық зерттеулермен айналысып жүрген кезінде қоқан-лоқы басталған. Үйінің терезесін сындырған, ауласындағы электр шамын атқан, қағазға қоқан-лоқы жазып қалдырған, ұрып-соққан. Кейін белсендіні есігінің алдында басынан атып кеткен. Қастандыққа байланысты істе әуелі Бақтыбаевты ұрып-соғуға байланысты эпизод бөлек қаралып, сот екі күдіктінің кінәсі дәлелденді деп есептеп, үкім шығарған.
Президент сайлауы қарсаңында болып, қоғамда айрықша резонанс туғызған соң, бұл істі ішкі істер министрлігі ерекше бақылауға алғанын мәлімдеген. Құқық қорғаушылар сотталушылар ақталғаны сот әділдігіне күмән келтіретінін мәлімдеген.
Бақтыбаевқа жасалған қастандықты 2021 жылы наурызда АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстандағы адам құқығы туралы баяндамасында атап өтіп, оын "мемлекет қаражатын жымқырушылармен күрескен белсенді" деп сипаттаған.
ПІКІРЛЕР