Accessibility links

Қарағандыда белсенді Ғалы Бақтыбаевтың қазасына байланысты сот қайта басталды


Ғалы Бақтыбаевтың әйелі мен ұлы Жаңаарқа ауданы әкімінің белсендіге берген алғыс хатын көрсетіп отыр. Атасу кенті, Қарағанды облысы. 1 маусым 2019 жыл.
Ғалы Бақтыбаевтың әйелі мен ұлы Жаңаарқа ауданы әкімінің белсендіге берген алғыс хатын көрсетіп отыр. Атасу кенті, Қарағанды облысы. 1 маусым 2019 жыл.

Қарағанды облысы Атасу кентінде "тапсырыспен өлтірілген" белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты сот қайта басталды. Бұған дейін сот алқасы ақтау үкімін шығарып, жәбірленушілер мен прокурор үкімді апелляцияға берген. Артынша ақтау үкімінің күші жойылып, іс сотқа қайта жіберілген еді.

11 қарашада аталған іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Іс Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр, бірақ оны басқа судья жүргізіп отыр. Сот алқасы да жаңадан жасақталады.

Бейсенбі күні прокурор соттан екі айыпталушы – экс-полицей Ғалым Ахметжанов пен кәсіпкер Азамат Бөкенаевқа бұлтартау шарасын қолданып, қамауды сұрады. Бұған дейін тергеу органдары мен айыптау тарабы оларды "Бақтыбаевты ұрып-соқты", кейінірек "өлтіруге тапсырыс берді" деп айыптаған еді. Ал сот алқасы оларды ақтап шыққан. "Тапсырысты орындады" деп күдікке ілінген Иман Мияшов та бұл эпизод бойынша ақталған. Сот алқасы оны белсенді өліміне дейін Бақтыбаевты ұрып-соқты деп кінәлі деп тапқан. Мияшов пен тағы бір айыпталушы Эльдар Жәкен 2019 жылдан бері қамауда отыр.

Эльдар Жәкен 11 қарашада өзін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатуды сұрады, бірақ өтініші қанағаттандырылмады. Ал Ахметжанов пен Бөкенаев өздерін қамамауды, қажетті уақытта сотқа келетінін айтты.

Сот тараптардың өтінішін тыңдап, бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз жоқ деп мәлімдеді.

Негізгі сот отырысы 8 желтоқсанда басталады. Сол уақытқа дейін сот алқасының мүшелері іріктеледі. Запастағы судья да бекітіледі.

Бұған дейін "тапсырыспен өлтірілген" Ғалы Бақтыбаевтың туыстары ақтау үкімімен келіспей, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған. Олар өткір мәселе көтеріп жүрген белсендінің түбіне жеткендер жазасыз қалғанын айтып шағымданған. Қазан айында Қарағанды облыстық сотының сот алқасы марқұмның туысының апелляциялық шағымы мен прокуратура өтінішін қарап, ақтау үкімінің күшін жойған. Осылайша Атасудың төрт тұрғыны – бұрынғы полицей, кәсіпкер мен бұрын сотталған екі жігіттің соты қайта басталды.

59 жастағы Ғалы Бақтыбаев әлеуметтік мәселелерді көтеріп, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы жемқорлықты зерттеумен әйгілі болған. Оның қазасы қоғамда қызу талқыланып, құқық қорғаушылар оны өлтіргендерді тез арада табуды талап еткен.

Transparency Kazakhstan ұйымы Нұр-Сұлтанды істі бейтарап әрі ашық тергеуге шақырған. АҚШ мемлекеттік департаментінің 2021 жылғы 30 наурызда жарық көрген әлемдегі адам құқықтары туралы есебінде де Бақтыбаевтың қазасын атап өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG