Accessibility links

БҰҰ Жер күніне орай климат ахуалы туралы баяндама жариялады


22 сәуірде аталып өтетін Жер күніне орай БҰҰ-ның Дүниежүзілік метеорология ұйымы ғаламдық климат ахуалы туралы баяндама жариялады.

Ұйымның мәліметінше, 2021 жылы ауадағы парник газының көлемі рекорд көрсеткішке жеткен. Индустриялық кезеңмен салыстырғанда көмірқышқыл газы 149 пайыз, метан 262, азоттың шала тотығы 124 пайыз көбейген.

Парник газы – ғаламдық жылынуға әсер етіп отырған негізгі факторлардың бірі. Тарихи бақылау кезеңі тұрғысынан алып қарағанда, ең жоғары температура 2015-2022 жылдары тіркелген. Осы уақыт аралығында Жердегі орташа температура индустриялық кезеңмен салыстырғанда 1,15°C жоғары болған. Ғалымдар 1,5°C-ты "жағдайдың ушыққаны" деп есептейді.

Ғаламдық жылыну ауа райының күрт құбылуына ықпал етеді: су тасқыны, құрғақшылық, орман өрті, дауыл, қатты ыстық немесе қатты суық жиілей түседі. Табиғи апаттың салдарынан адамдар мен жануарлар өлімі жиілеп, олардың миграциясы арта түседі. Үйлер мен инфрақұрылым қирап, жайылымдар жойылады.

Парник газы көбейгеннен кейін атмосферада жиналып қалған артық энергияның 90 пайызын мұхиттар сіңіріп жатыр. Судың жылуы мен мұздықтардың еруі теңіз деңгейін жоғарылатады. 30 жыл ішінде теңіз деңгейінің жоғарылауы екі есе ұлғайып, 10 сантиметрден артық көтерілген.

Ғаламдық жылыну, қышқылдың көбеюі және мұхит деңгейінің көтерілуі экожүйені бұзып, теңіз маржандарының түсін солғындатады. Ағзалардың жойылуына не мекен ауыстыруына себеп болады.

Ұйым ғаламдық жылынуды тоқтату үшін "парник газы көлемін барынша азайту" керек екенін айтады. Тағы бір шешім – Күн, жел сияқты қалпына келетін энергия көздерін пайдалану. Дүниежүзілік метеорология ұйымының мәліметінше, 2022 жылы Күннен және желден өндірілетін энергия көлемі рекордтық 12 пайызға жеткен.

XS
SM
MD
LG