Accessibility links

Экономика министрі жазда электр энергиясы қымбаттайтынын айтты


Екібастұзда жылу радиаторын ауыстырып жатқан тұрғын. Желтоқсан, 2022 жыл
Екібастұзда жылу радиаторын ауыстырып жатқан тұрғын. Желтоқсан, 2022 жыл

Қазақстанда маусымнан бастап электр энергиясы қымбаттайды. Сәрсенбі күні журналистердің сұрақтарына жауап берген ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осылай деп мәлімдеді.

– Тариф жазда өседі. Бірақ біз оны біртіндеп жүзеге асырамыз. Тариф халыққа жайлы болуы керек, – деді ол.

Дегенмен министр "әр аймақта әртүрлі" деп, тариф қанша пайызға өсетінін нақтыламады.

– Екібастұзда тарифті 108 пайыз өсіретінін айтты. Біз ондайға бара алмаймыз. Тариф халыққа жайлы болуы үшін оны талқылаймыз, түсіреміз, – деді ол.

Оның сөзінше, биыл әбден тозығы жеткен желілерді жаңартып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің жалақысын көбейту үшін тариф өсіріледі.

Ол сонымен бірге жылу желілерін тек тарифті өсіру арқылы емес, өзге де амалдар арқылы жаңалау жоспарда барын жеткізді.

– Тарифтердің кемінде 60 пайызы жылу электр орталықтарына тәуелді. Энергия тасымалдайтын ұйымдардың тарифтегі үлесі – 30-35 пайыз. Кейбір аймақта электр, жылу желілерінің 80 пайызы тозып кеткен. Бірақ бұл мәселені тариф арқылы ғана шешпеу керек. Жауапкершілік пен инвестицияның бір бөлігі иелеріне, бір бөлігі бюджетке жүктеледі. Қазір [электр энергиясы] бағасының бюджетке түсіретін салмағы артты, – деді Қуантыров.

Кейінгі кезде аймақтағы инфрақұрылымның ахуалын талқылаған Қазақстан билігі жылу энергиясы тарифін көтеретінін бірнеше рет айтқан. Тарифті өсіруді президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан.

Былтыр күзде Екібастұзда жылу орталығындағы апаттан кейін казақстандық шенеуніктер тарифті өсіру туралы жиі айта бастады. Қақаған қыста жылусыз қалған қаланың мыңдаған тұрғыны жылытқыш құралдарын қосуға мәжбүр болып, осыдан кейін оларға көп сома жазылған түбіртектер келе бастаған.

Сәуірден бастап Қазақстан үкіметі жылу тарифін де өсіретінін айтқан.

Бастапқыда энергетика министрлігі бензиннің шектік бағасын 11 пайыз, дизельдің шектік бағасын 20 пайыз өсіру туралы шешім қабылдаған. Билік бұл жанармай тапшылығын болдырмас үшін жасалып отыр деп мәлімдеген. Министрлер кабинеті бензин мен дизель тапшылығын бұл өнімдер көрші елдерге транзит көліктерімен тасымалданып жатқанынан көреді.

Ізінше энергетика министрлігі "төмен баға ысырапшылдыққа жол береді" деп, Алматы мен бірнеше аймақта автогазды қымбаттату жоспарын айтқан.

XS
SM
MD
LG