Accessibility links

Мәскеудегі парад және Орталық Азия басшылары. Кремль аймақ президенттерін қалай көндірді?


Солдан оңға қарай: Армения премьер-министрі, Беларусь лидері, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерінің президенттері. Мәскеу, 9 мамыр 2023 жыл.
Солдан оңға қарай: Армения премьер-министрі, Беларусь лидері, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерінің президенттері. Мәскеу, 9 мамыр 2023 жыл.

Өткен аптада Мәскеудегі жеңіс парадына Орталық Азиядан Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қана қатысады деп айтылған еді. Бірақ шараға аз уақыт қалғанда өңірдегі басқа басшылар да баратыны белгілі болып, Кремльдің қысымы туралы айтыла бастады.

Өткен аптада Мәскеудегі Жеңіс күніне орай өтетін әскери парадқа Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтан басқа президенттер қатыспайтындай көрінген. Ресей жылда осы күні фашистік Германияны жеңгенін тойлайды. 2014 жылы Донбасстағы қақтығысқа араласқан Ресей былтыр Украинаға басып кіргелі бұл мерекенің айналасында дау көбейді.

Кремльдің бір бұрышына дрон тиіп, өртенген соң, қырғыз президенті Садыр Жапаровтың парадқа баруы екіталай делінген. Ресей дрон шабуылын Украинамен байланыстырып, "Киев Владимир Путинді өлтірмек болды" деп айыптады. Киев бұл айыптауларды жоққа шығарды.

9 мамыр қарсаңында Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан басшылары Мәскеудегі парадқа жиналды.

Олардың Мәскеудің шақыртуынан қалмай, Ресей президенті Владимир Путинмен, Беларусь басшысы Александр Лукашенкомен, Армения премьер-министрі Николь Пашинянмен бірге жүруі Орталық Азия елдері соғыс басталғалы әлемнің көп бөлігі сырт айналған Ресейге тірек болып отырғанын көрсетті.

Жиналғандар Путиннің "Батыс элитасы жеккөрініш, русофобия мен агрессиялы национализмді өршітіп, дәстүр мен отбасына тән құндылықтарды бұзып жатыр" деген сөзін тыңдады. 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргелі Путин Батысқа қарсы осындай мәлімдемелерді жиі жасайтын болған.

Ресей сарбаздары Мәскеудегі парадта. 9 мамыр 2023 жыл.
Ресей сарбаздары Мәскеудегі парадта. 9 мамыр 2023 жыл.

Путин "арнайы әскери операция" (Кремль Украинаға қарсы соғысты осылай атайды) жауынгерлерін мақтан тұтатынын, әріптес мемлекет басшыларының Мәскеуге келуі өзі үшін өте маңызды екенін айтты. Президенттер бірге отырып, бейресми жағдайда таңғы ас ішті.

Литвада орналасқан Шығыс Еуропаны зерттеу орталығының қызметкері Дионис Ценуса Twitter-дегі парақшасында "Орталық Азиядағы әр басшының Кремльмен "іскерлік қарым-қатынасы" бар. Бұл оларды аймақ елдерімен жеке стратегиялық әріптестік орнатқысы келетін Батыстың алдындағы абыройға қарағанда көбірек алаңдатады" деп жазды.

Кремльдің қолында өңір мемлекеттеріне ықпал ету тетіктері барын ескерсек, салдары ауыр болатынын біле тұра, Орталық Азия басшыларын Мәскеудегі парадқа бару сияқты саяси шараға қатысуға не итермеледі?

ҚЫЛКӨПІР ҮСТІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН

Соғыс басталғанда Қазақстан "Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейміз" деп, Мәскеуге қарсы санкцияларды бұзбауға уәде берген. Бұл Орталық Азия елдері арасындағы ең жарқын позициялардың бірі болды.

Бірақ Қазақстан соғыс басталғалы жасалған мәлімдемелерінің бірде-бірінде Мәскеуді ашық сынаған жоқ. Астана ресейлік саясаткерлер мен сарапшылардың Қазақстанға көрсеткен қоқан-лоқысын да елеусіз қалдырды.

\Мирзияев, Тоқаев және Путин Мәскеудегі Қызыл алаңға келе жатыр. 9 мамыр 2023 жыл.
\Мирзияев, Тоқаев және Путин Мәскеудегі Қызыл алаңға келе жатыр. 9 мамыр 2023 жыл.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов Азаттыққа берген сұхбатында "Қасым-Жомарт Тоқаевтың парадқа қатысуы "Қазақстан – сыртқы саясатта бәрімен тең қарым-қатынас ұстанатын тәуелсіз мемлекет" деген сөзді жоққа шығарды" деді.

Сарапшы Орталық Азия елдері экономикалық және саяси тәуелсіздігінің негізін қаламаса, Кремльге қарсы тұра алмайды деп есептейді.

Кейінгі апталарда "Мәскеудің сауда әріптестері экономикалық шектеулерді айналып өтуге көмектесіп отыр" деген хабарлардан кейін Қазақстан Батыстың бірнеше өкілетті тұлғасын қабылдап, АҚШ, Еуроодақ пен Ұлыбританияның Ресейге қарсы санкцияларын бұзбау мәселесін талқылады.

Қазақстанға қарсы қосымша санкциялар салынуы мүмкін. Бірақ Ресейдің ықпалы бұл қорқыныштан да үлкен сияқты. Былтыр Мәскеу Қазақстан мұнайын Ресейге тасымалдайтын құбыр жұмысын бірнеше рет тоқтатып тастады.

Қазақстан экспортының жартысына жуығы құбыр арқылы жіберілетіндіктен, тасымалдың тоқтауы біраз алаңдаушылық туғызды. Мәскеу Қазақстанды өзін қолдауға итермелеу үшін құбыр жұмысын әдейі тоқтатып отыр деген болжамдар айтылды.

КЕДЕЙ ҚАРСЫЛАСТАР: ҚЫРҒЫЗСТАН МЕН ТӘЖІКСТАН

Орталық Азиядағы ең кедей екі мемлекет Ресейге басқалардан гөрі көбірек тәуелді.

Былтыр Украинадағы соғысқа қарамастан, Ресейде жұмыс істейтін жүздеген мың қырғыз, тәжік азаматының елге жіберетін ақша аударымдары артып, жұмыссыздық пен қымбатшылықтан тұралаған экономикаға көмек болды.

Ресей бұл мемлекеттерге көбіне мигранттары арқылы қысым жасайды. Бірақ бұл жолы қырғыз басшысы Садыр Жапаров пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды парадқа шақыру үшін қос мемлекет арасындағы шешілмеген шекара мәселесін пайдаланған сияқты.

2021 жылы пандемия кезінде Рахмон Мәскеудегі парадқа жалғыз өзі қатысқан.

Бұл қырғыздарға ұнаған жоқ. Олар мұны Ресейдің Тәжікстанды қолдауы деп түсінді. Содан бір апта бұрын шекарада басталған қақтығыс салдарынан қос тараптан да ондаған адам қаза тапқан еді.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың "Рахмонның сапары Қырғызстан мен Тәжікстан арасында қақтығыс болмай тұрып жоспарланған" деген сөзіне ешкім сенген жоқ.

Былтыр Путин Қырғызстанның сұрауымен осы қақтығыстағы бітімгер рөлін атқарған. Өйткені қос мемлекет те Ресейдің қырына ілінгісі келмейді.

Ресей "бөліп ал да, билей бер" саясатын жақсы көреді. Бейресми таңғы астан жарияланған суретте Қырғызстан президенті Садыр Жапаров көрінбейді. Әлеуметтік желідегі пікірлерге қарағанда, қырғыз басшысы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен бір дастарқан басында отырғысы келмеген болуы мүмкін.

Мәскеудегі парадқа барған мемлекет басшылары бейресми жағдайда таңғы ас ішті.
Мәскеудегі парадқа барған мемлекет басшылары бейресми жағдайда таңғы ас ішті.

ТҮРКІМЕНСТАНДАҒЫ РЕСЕЙ ПРОПАГАНДАСЫ

Кейінгі жылдары Ресей мен Түркіменстанның қарым-қатынасы жақсара бастағанын байқағандар Мәскеудегі парадтан президент Сердар Бердімұхамедовты көргеніне таңғалмайды.

Ашғабат экономикасы негізінен Қытайға экспортталатын табиғи газ саудасына тәуелді. Ресейлік "Газпром" Түркіменстан нарығына шығып, осы тәуелділікті сәл азайтқандай болды.

Батыс елдерінің Түркіменстанмен шаруасы жоқ.

Былтыр Азаттық тілшілері Түркіменстанның арнаулы қызметі жастармен кездесулерде Батыс елдері мен Киевке қарсы пропаганда жүргізіп, Украинадағы соғысқа "Батыстың ақпарат құралдары кінәлі" дегенін жазған.

Мұндай пропаганда түркімен жастарының санасын улауы мүмкін. Өйткені Түркіменстанда медиакеңістік мемлекеттік ақпарат құралдарының ғана қолында. Билік қаржыландыратын медиада Украинадағы немесе басқа елдердегі қақтығыс туралы жазылмайды.

Путин Жеңіс парадында сөз сөйлеп тұр.
Путин Жеңіс парадында сөз сөйлеп тұр.

МИРЗИЯЕВҚА МӘСКЕУДІҢ ҚОЛДАУЫ КЕРЕК

Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев кезектен тыс президент сайлауы жарияланғаннан кейін бірден Мәскеуге барды. Бір апта бұрын елде сарапшылар "Мирзияевтың билігін күшейту амалы" деп бағалаған жаңа Конституция жобасы бойынша референдум өтті. Өзбекстан басшысы кезектен тыс президент сайлауында жеңіске жетсе, 2040 жылға дейін билікте қалады.

9 шілдеге белгіленген президент сайлауында Мирзияевқа қарсылас болмайтын сияқты. Өйткені Өзбекстанда сайлау әдетте бәсекесіз өтеді.

Мирзияев Қарақалпақстандағы қантөгіс, энергия тапшылығы мен қымбатшылықтан кейін беделі әлсіреп қалғанын түсініп, билігін сақтау үшін Ресейдің қолдауына ие болғысы келеді.

Биыл наурызда Мирзияев одақтасы Мәскеуді ашық қолдап, "Өзбекстан мен Ресей қиын күндерде де бірге болады" деді.

Былтыр қазанда Өзбекстан президенті Владимир Путинге "Достық" орденін табыстады.

Бірақ Ресеймен байланысы қанша нығайса да, Өзбекстан Мәскеу басқаратын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына оралуға немесе Еуразия экономикалық одағына қосылуға асығар емес. Ташкент алты мемлекеттен тұратын әскери одақтан 2012 жылы шығып кеткен.

Өзбекстанның БҰҰ-дағы позициясы да өзгерген жоқ. Осыған дейін Өзбекстан мен Орталық Азияның басқа төрт мемлекеті БҰҰ-ның Ресейдің Украинаға қарсы соғыс ашуын сынайтын қарарына дауыс беруден қалыс қалып келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG