Ресейдің Украинамен шектесетін Белгород облысында "контртеррористік операция аяқталды" деп хабарлады губернатор Вячеслав Гладков.
Бұған дейін облысқа Орыс еріктілер корпусы мен "Азат Ресей" қарулы тобы кіріп, ұрыс болып жатқаны хабарланған еді. Украинамен шектесетін облыстағы бірнеше ауылға "қарулы топ шабуылдағаннан кейін", соңғы мәлімет бойынша, 12 адам жараланған.
Гладков жергілікті тұрғындар арасында екі адам қаза болғанын айтты. 1941 жылы туған жергілікті тұрғын эвакуация кезінде қайтыс болған. Гладковтың айтуынша, Козинка ауылының тағы бір тұрғыны атқылау кезінде қаза тапқан болуы мүмкін. Baza телеграм-арнасының жазуынша, ол ұрысқа қатыспаған, ер адам қаңғыған оқтан қаза болуы мүмкін.
Ресей қорғаныс министрлігі Брянск облысына кірген қарулы топтың 70 мүшесі қаза болғанын хабарлады. Ресей әскері қаза болған әскери қызметкерлер туралы мәлімет таратпады. Ал "Коммерсантъ" кемінде екі әскери қызметкер қайтыс болғанын, төрт адам жараланғанын жазды. Бұл ақпаратты әзірге тексеру мүмкін емес.
Шабуылды Орыс еріктілер корпусы мен "Азат Ресей" легионы мойнына алды. Украина жағында соғысып жүрген бұл топтар Ресей азаматтарынан құралған деп айтылады.
Украина қорғаныс министрлігіне қарасты барлау басқармасының өкілі Андрей Юсов Белгород облысында "қауіпсіздік аймағын құру" операциясы жүргізілгенін мәлімдеді. Бұл – Украина барлау басқармасының алғашқы мәлімдемесі. Әдетте украин әскері Ресей аумағындағы атқылаулар немесе диверсиялар жөнінде түсініктеме бермейтін.
Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк оқиғаларды "қызықтап бақылап отырғанын", бірақ оған тікелей қатысы жоғын жазды.