Accessibility links

Тараздағы "аруақтар соты": апелляциялық шағым қарала бастады


Тараз соты.
Тараз соты.

Таразда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып, қаза болған бес адамның апелляциялық соты басталды деп хабарлады Адам құқығын қорғау бюросы. Ел арасында "аруақтар ісі" аталып кеткен сот процесінің алғашқы отырысы 23 мамырда Жамбыл облыстық сотында қаралған. Сотта осы іс бойынша айыпталған қалған азаматтардың да үкімі қаралып жатыр.

Ақпанның басында алғашқы инстанциядағы сот Қаңтар кезінде оққа ұшқан бес азамат – Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев пен Тоқтар Ошақбайды кінәлі деп таныған. Оларға қайтыс болуына байланысты жаза тағайындалмаған еді. Тергеу органдары оларға Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты", "оқ-дәріні заңсыз алып жүрді" деген айып таққан.

Марқұмдардың туыстары жақындарына тағылған айыпқа келіспей, соттағы "әділетсіздіктер" мен "заңсыздықтарды" айтқан. Олар былтырдан бері биліктен марқұм туыстарын толық ақтауды және бейбіт адамдардың қазасына кінәлілерді жауапқа тартуды талап еткен.

Адам құқығын қорғау бюросының хабарлауынша, апелляциялық сот отырысы осыған дейін бірнеше рет кейінге қалған. 23 мамырда сот процесі 1,5 сағат кешігіп басталған. Істі Абидов, Атибеков, Досымқұлов деген судьялар қарап жатыр. Олар журналистерге процесті видео-фотоға түсіруге рұқсат еткенімен, өздерін түсіруге қарсы екенін айтқан.

Сейсенбі күні прокурор алғашқы инстанциядағы сот үкімімен рақымшылық жасалып, бостандыққа шыққан Асхат Тәшекеевтің үкімін қайта қарап, төрт жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Асхат Тәшекеевтің өзі прокурордың бұл өтінішіне ешқандай реакция білдірмеген. Сотқа бұған дейін прокуратура ешқандай өтініш хаттың көшірмесін жібермегенін, үкімді қайта қарауды сейсенбі күні ғана естіп тұрғанын айтқан.

Қанды Қаңтар кезінде оққа ұшқан Нұрсұлтан Қуатбаевтың әкесі Бақытжан Шыңғысбеков істе ешқандай дәлел болмағанын, куәлердің бәріне қысым жасалғанын айтты. Ол судьядан әділ шешім шығаруды сұрады.

– Біздің балалардың ешқандай кінәсі жоқ. Қалалық сотта барлығын көрдік. Куәгерлердің бәрі судья Төребекұлына қағазға арызын жазып алып келіп, "Қаңтар кезінде бізді ешкім тыңдаған жоқ. Азапталдық, зардап шектік" деді. Бірақ ол оған қараған жоқ. Тергеушілер жұмыс істемеген. Тек қаралай берген. Біздің балалар қайтыс болып кетті. Олардың кінәсі сөйлей алмағанында ма? Олар сөйлей алмаса, біз сөйлейміз, – деді ол.

Қаңтарда қаза тапқан тағы бір сотталушы Ержан Байжановтың анасы Нигора Закарияева "тергеуде заңсыздықтар мен бұрмалаушылықтар болғанын" айтты.

– Істе балам оқ тиіп қайтыс болды дейді. Баламның өмірін қиятындай оқ тимеген. Оны азаптап, бел омыртқасы сынғаннан кейін қылмысты жасыру үшін өлтірген. Балам БТР-ге ешқандай да оқ атпаған. Бейнетаспада жансауғалап қашып жатқан балаларды көресіздер. Оқ тиген балаларды азаптап, сүйреп, машинаға салып жатқанын көресіздер. Бірақ олардың арасында менің балам жоқ. Яғни балам қаланың басқа жерінен ұсталған. 12 сағат бойы қинағаннан кейін өмірімен қоштасқан. Менің басқа ұлым да, қызым да жоқ. Мен өз өмірімнен қорықпаймын. Жалғыз ұлымды ақтау – парызым, – деді Закарияева.

Ақпаратқа қарағанда, сот барысында адвокаттар мен сотталушы марқұмдардың туыстары істе тіркелген бейнетаспалардың көшірмесін беруді сұраған. Олар қалалық сот бейнетаспалардың көшірмесін бермегенін де алға тартқан. Сот алқасының судьялары Абидов, Атибеков пен Досымқұлов бұл өтінішті келесі сот отырысында қарайтынын айтты. Келесі сот отырысы 31 мамырда өтеді.

Биыл 7 ақпанда Тараз қалалық соты Қаңтар бойынша айыпталған тоғыз адам – Асхат Тәшекеев, Марат Бекбау, Ғани Керімбаев, Нұрбол Ережеповті және Қаңтарда оққа ұшып, қаза тапқан Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев, Тоқтар Ошақбай және Исатай Донбаевты кінәлі деп таныған. Төрт адамның ішінде Марат Бекбау түрмеге қамалған.

  • Ресми дерек бойынша, былтыр Таразда Қаңтар оқиғасында 15 адам оқ тиіп қаза болған. Адам өлімі бойынша қозғалған істердің бәрі жабылған.
  • Бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде Тараздағы алаңда мерт болған 17 жастағы Андрей Опушиевтің ісін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарап, жасөспірімді кінәлі деп тапқан еді. Апелляция соты үкімді өзгеріссіз қалдырды.
  • Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын "біржақты тергеді" деп сынаған. Бас прокуратура бұған келіспеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG