Accessibility links

Шенеуніктер киіктердің жағдайы мен фермерлердің шағымы туралы: сарапшылардың кеңесін күтеміз


Қазақстан даласында жайылып жүрген киіктер. 2020 жыл.
Қазақстан даласында жайылып жүрген киіктер. 2020 жыл.

26 мамырда Батыс Қазақстан облысының әкімі және ауыл шаруашылығы министрінің қатысуымен өткен брифингте спикерлерге "аймақтағы киіктердің жағдайы мен фермерлердің шағымы" туралы сұрақ қойылды.

"Бір мезетте фермерлерге де ыңғайлы, киіктерді де атпауға мүмкіндік беретін шешім қабылданды ма?" деген сұраққа БҚО әкімі Нариман Төреғалиев "әзірге оң шешім жоқ" деп жауап берді.

"Биыл бізге төрт елден сарапшы келді. Олар киік көп мекендейтін аудандарға барып көрді: Жәнібек, Бөкей ордасы, Қазтал және Жаңғалы аудандары. Сарапшылар киіктердің көп екеніне көздері жетті. Бірақ киіктердің санын реттеуге құқығымыз жоқ конвенция барын айтты. Ал халық реттеуді ұсынады. Біз шаруалармен ортақ шешімін табуымыз керек" деді БҚО әкімі.

Оның сөзінше, егер мемлекет киіктердің санын реттегісі келсе, дұрыс механизм керек.

"Бөкей ордасы ауданында резерват аштық. Сол себепті қазір реттеу мәселесіне сақтықпен қарау қажет. Қазір бұл мәселелерді сарапшыларға қойдық. Осы күзде олар жиналыс өткізіп, осы мәселені талқылайды. Әзірге оң шешім жоқ. Бірақ сарапшылардың қорытындысын күтеміз" деді Нариман Төреғалиев.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев те Батыс Қазақстан облысына келген сарапшылардың қорытындысын күтетінін айтты.

Ауыл шаруашылығы министрлігінен келген спикерлер "киіктер егістікті жайпап кетті" деген фермерлерге өтемақы беру мәселесі шешіліп жатқанын айтты.

Жуырда "Ауыл" партиясының депутаттары премьер-министрге қайырылып, өтемақы төлеу мәселесін қозғап, киіктерді аулауды ұсынған.

Кейінгі мәлімет бойынша, Қазақстанда киіктердің саны 2 млн-ға жеткен. Олардың 90 пайызы Қазақстанның батысын мекендейді. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысының шаруалары айрықша көбейген киік шаруашылыққа зиян келтіре бастағаны жайлы көптеген шағым айтқан. Елде киіктерді ату арқылы олардың санын "реттеу" мәселесі қозғалған кезде экологтар мұндай шара киікті жөн-жосықсыз атып, жойып жіберуге дейін жеткізуі мүмкін деген қауіп айтқан. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанда киіктер жылына 40 пайызға көбейеді. Киіктерді қорғау мамандары олардың санын ұлғайту оңай болған жоқ, оларға аңдардан гөрі адам қауіптірек деп айтқан.

XS
SM
MD
LG