Accessibility links

ШҚО прокуратурасы Қаңтар оқиғасынан кейін азапталған Өскемен тұрғынынан кешірім сұрады


Өскемен қаласының тұрғыны Ренат Жұбақов. Өскемен қаласы.
Өскемен қаласының тұрғыны Ренат Жұбақов. Өскемен қаласы.

Бүгін, 30 мамырда Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, қамау орындарында азапталған Өскемен тұрғыны Ренат Жұбақовтан кешірім өтініп, хат жолдады. Бұл жөнінде Азаттыққа Жұбақовтың өзі хабарлады.

Прокуратураның хатында Ренат Жұбақовқа "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" бабы бойынша тағылған айып дәлелденбегені көрсетілген. "Қылмыстық процесті жүргізуші орган атынан сізге зарар келтірілгені үшін ресми кешірім өтінеміз" деп жазылған.

Ренат Жұбақов кешірімді сұрап алғандай болдым дейді.

– Екі ай қамауда, тоғыз ай үйқамақта болдық. Былтыр жыл соңында кінәларың дәлелденбеді деп, түк болмағандай жібере салды. Кінәсіз екенімді көрсететін құжат беріңдер деп Бас прокуратураға шағым жаздым. Олар шағым жазғызбай-ақ, Қылмыстық-процестік кодекстің 41-бабы бойынша, мені жазықсыз қамағаны үшін кешірім сұрауы керек еді. Өз басым нақақ ұсталғанымды білсем де, мемлекет "террорист" етпекші болды ғой (Қаңтар оқиғасы күндері президент Қасым-Жомарт Тоқаев "бір ғана Алматының өзіне 20 мың бандит шабуыл жасады" деген – ред.). Мұны бүкіл таныстарым естіді. Әрине, мына хат прокурорлардың шын жүректен кешірім сұрағаны емес. Танымал адам болмасақ та, жиған абыройымыз бар, соны сақтау үшін бұл қағаз керек. Қазір мемлекет кешірім сұраған хатты барлық таныстарыма жіберіп жатырмын, – деді Ренат Жұбақов Азаттық тілшісіне.

38 жастағы Ренат Жұбақовты құқық қорғау қызметкерлері Өскемендегі Қаңтар оқиғасынан кейін үш күннен соң үйінен ұстап алып кеткен. Ол үш күн уақытша ұстау изоляторында, екі ай сот санкциясымен түзеу мекемесінде қамауда болған.

Ол қамау орындарында азапталғаны туралы екі рет арыз түсірген. Бірақ ШҚО прокуратурасы дәлел жоқ деп, іс қысқартылғанын хабарлаған.

Астананың Есіл аудандық соты 26 мамырда Жұбақовтың биліктен моральдық өтемақы алуға берген талабын ішінара қанағаттандырған.

Бұған дейін Астана соты Қаңтар кезінде бір көзінен айырылғанын айтып, биліктен өтемақы талап еткен Өскемен тұрғыны Ерқанат Жеңісұлына бірінші инстанцияда берілген 10 млн теңгені 3 млн теңгеге азайтқан. Талапкер шешімге келіспейтінін, жоғары инстанцияға жүгінетінін айтқан.

Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты 25 мамырда Өскемен тұрғыны Тілеужан Сайлауұлына Қаңтар оқиғасы кезінде азапталғаны үшін мемлекет есебінен 1 миллион теңге моральдық өтемақы төлеу туралы шешім шығарған. Сайлауұлы қаржы министрлігінен 20 миллион теңге өтемақы талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG