Accessibility links

Көзден аққан қан. Қаңтаршылардың Өскемен түрмесінде көрген азабы


Kazakhstan - After January events torture victims
Kazakhstan - After January events torture victims

Әжетхана жуғызып, видеоға түсіру, ауызға резеңке таяқ тығу, "балаң басқа біреуді әке дейді" деп қыспаққа алу – былтырғы Қаңтар оқиғасынан соң "жаппай тәртіпсіздік жасады" деп айыпталып, кейін ақталып шыққан өскемендік төрт азамат абақтыда көрген азабын осылай сипаттайды. Жиырмадан жаңа асқан жігіт көз жанарынан айырылды. Бәрінің өмірі астан-кестен болды. Олар абақтыдағы азапты айтып шағымданғанымен, "дәлел жоқ" деген себеппен іс қозғалмай қалған. Ал ақталып шыққандарға азын-аулақ өтемақы төленген.

"МЫНАНЫҢ ҚЫЗДЫҒЫН АЛДЫҚ" ДЕДІ

Нұржан Жайлаубаев, Өскемен тұрғыны:

– Төртінші қабатта болған бір оқиға ойымнан шықпайды. Өскемен қалалық полиция басқармасының іші. Иван деген жігіт бар еді. Полиция қызметкерлері резеңке таяқтың басына мүшеқап кигізіп, аузына тықты. Иванның тамағы жыртылып кетіп, қан ақты. Соны полиция қызметкерлері видеоға түсіріп, мессенджердегі топтарына таратып жатты. "Мынаның қыздығын алдық" десті. Нағыз айуандық қой. Көріп тұрған мен бір ауыз сөз айта алмадым. "Қазір саған да сөйтеміз" деп зәремді ұшырды.

Өскеменде Қаңтар оқиғасына қатысып, азапталған Нұржан Жайлаубаев
Өскеменде Қаңтар оқиғасына қатысып, азапталған Нұржан Жайлаубаев

Көше-көшеден, үйді-үйінен ұстап әкеліп, осы ғимараттың жертөлесіне тоғытқандар ондап саналады. Мені сонда түсіргенде бәрін отырғызып-тұрғызып, "отжимание" істетіп, ұрып-соғып жатыр екен. Жертөледе арықша бар еді, соның бойымен қан ағып жатты.

"Буква Г!" деп, басымды еңкейтіп қойып, әбден төмпештеді. Екі рет басыма пакет кигізіп ұрды. Пакетті тұтанып тұрған темекімен тесіп, ішіне түтін жібереді. Екеуінде де талықсып, есеңгіреп кеттім. Су шашып оятып алды. Көппен бірге қабырғаға теріс қаратып тұрғызып, жыныс мүшемізден тепті. Өзіміздің қазақтың жап-жас жігіттерінен қорлық көрдік. Жасымыз елуге келгеніне, алдымызда алпыстағы адамдар тұрғанына да қараған жоқ.

Алаңда айқайлап, ұран тастап, ағаш бұтақтарын сындырып, кафельдерді шағып, көпшілікті бастап жүргендер болды. Артынан сол адамдар бізді ұстауға қатысып, тіпті полиция мекемелерінің ішінде таяқтың астына алды. Сонда әдейі арандатып жүрген күш құрылымдарының өздері ме деп тұжырым жасадым. Оның үстіне, дәл солардан таяқ жеп шығып, полицияның арнайы жасағына барғанбыз, сонда олар "жаңа ҰҚК-нің таяғын жеп шықтыңдар, олардікі батпады ма, нашар екен ғой" деп айтты. Бірақ бұл туралы, яғни “көшеде арандатып жүрген өздерің" деп ешкімге тіс жармадым. Себебі көзімді құртып жіберетін еді.

Жыл басында 70 күн түрмеде, сосын желтоқсанның 28-іне дейін үйқамақта болдым. Бір жылда итқорлықты көрдім. Бір-ақ күнде 25 адамды аяқ астынан шақырып алып, "сендердің кінәларың дәлелденбеді" деп, барлық шектеуден босата салды. Құдды ештеңе болмағандай. Біз денсаулығымызды құрттық, адвокатқа 500 мыңдап ақша шығындадық қой. Соның бәрін өтеп алайын деп, арыз түсірдім. Моральдық өтемақы 10 миллион, материалдық өтемақы 10 миллион деп көрсеттім. Бірақ 700 мың теңге ғана жазып берді. Мұнысы бір адвокатқа шығарған шығынымды да жапқан жоқ. Адам өмірін ойыншыққа айналдырып, сайқымазақ қылып отыр ғой.

Жалдаған адвокаттарымыз да бізді дұрыс қорғамады. Маған қорғаушым телефон соғып: "Мойындай салсаң, шартты жазамен үш жыл береді, сыртқа шығып жүре бересің" дегенге дейін айтты. Оның ақшасын әйелім жылап жүріп, туыстардан жиып-теріп төлеген еді. Соның бәрін біле тұра, менің ақтығыма көзі жете тұра әділетсіздік істеді.

Үйіме арнайы жасақ келіп, мені күштеп ұстағанын төрт жастағы қызым көрген еді. Ол өте жаман әсер алып қалды. Қазір полициядан қатты қорқады. Сыртта жүріп бір-екі сағат айналып қалсам, үйдегілер қайта-қайта қоңырау соғып, алаңдап іздеп отыратын болды.

"ӘЖЕТХАНА ЖУҒЫЗЫП, ВИДЕОҒА ТҮСІРДІ"

Ерқанат Жеңісұлы, Өскемен тұрғыны:

– Көпшілікпен бірге қашып бара жатқанда, көзіме мылтық ұңғымасы астынан атылатын гранатаның жарықшағы тиді. Ұшып түстім. Орнымнан сүйретіліп тұра бергенімде, жерге толассыз тамшылап жатқан қанды көрдім. Қан оң жақ көзімнен ағып жатыр екен.

Өскемендік Ерқанат Жеңісұлы
Өскемендік Ерқанат Жеңісұлы

Бір көзім көруден қалғанын бірден сездім. Есеңгіреп кеттім. Адамдар орнымнан тұрғызып, көтеріп әкетпекші болды. Бойымды жинап, "бір сәтке тоқтай тұрыңдаршы, қазір өзім-ақ тұрамын" деп, оларды тоқтаттым. Баскиімді қолыма алып, көзіме бастым, қан тоқтамады. Қара шәпкем қып-қызыл болды. Орнымнан көтерілгенде күрткемнің алды да қызылға боялды. Осының бәрі шын болып жатқанына сенер-сенбесімді білмей, айналама алақтадым. Адамдар мені алаңға жақын жердегі кинотеатрдың артына, таса жерге жетелеп әкелді.

Көзімді қармен жудым, қан тоқтайтын түрі жоқ. Қыс ортасы емес пе, қар деген көп. Уыстап-уыстап көзіме басамын, алақанымдағы домалақтанған қар әп-сәтте қып-қызыл болып шыға келеді. Ақыр аяғында аққан қан енді тоқтамайтынын түсіндім. Жұрт "ауруханаға бар" деп жатты. Біреуі көшеге шығарып, көлік тоқтатып, салып жіберді. Шұғыл деп айтып тұрсақ та, мәшинені облыстық аурухана ауласына кіргізбей қойды. Көз бөлімшесі бөлек ғимаратта, түкпірде екен, сол жерге жаяулатып зорға жеткенімді қазіргідей білемін.

Ертеңінде операция жасады. Ауруханаға бір күнде көзінен айырылған алты адам түсіппіз. Алтауымыздың да бірдей оң жақ көзіміз жоқ екен. Біреуіміз резеңке оқтан, екіншіміз гранатаның жарықшағынан зардап шеккенбіз. Басқаларды білмеймін, дәрігер маған "енді бір көзіңіз көрмейді" деп сол жерде-ақ айтып салды.

Сосын полиция келді. Келді де, телефондарымызды тәркілеп алып кетті. Үйдегілерге соңғы рет хабарластық.

Ауруханада жатқан үш күнде алтауымыз бір-бірімізбен сөйлескен жоқпыз. Өзімнің сөйлесуге зауқым соқпады. Түңіліп кеттім. "Сынып" кеттім. "Неге мен жайдан-жай мүгедек болып қалдым? Әлі жаспын, жиырмадан енді астым ғой" деймін. Қазір бір көзбен жүріп үйреніп қалдым ғой, бірақ ол кезде қабылдай алмаған едім. Ауруды басатын дәрі салып берсе деп ойлайсың… Көбіне ұйықтатып тастайды… Уақыт солай өтеді.

Полиция телефонымызды алып кеткеннен кейін көңіліміз алаң еді. Тура үш күн болды дегенде баса-көктеп кіріп келді. Әй-шайға қаратпай қолымызды қайырып, алып кетпек болды. Дәрігерлерге "жібермеңіздерші, операциядан кейін күтім керек қой, ең құрығанда бес күн палатада жатып қаралғымыз келеді" деп жалынып-жалбарынғанымыздан түк шықпады. Арнайы жасақ автобусқа кіргізгенде басымыздан мылтықтың дүмімен періп-періп қалды. Азапқа толы екі айдың алғашқы соққысын сол жерде алдық. Ұсталып кетіп бара жатқанымыздан туған-туыстарымыз бейхабар еді.

Сол күнгі медициналық тазалаудан кейін көзіміз тура бір ай тазаланбады. Түрменің кранынан аққан қара сумен ғана шайып жүрдік. Ағзаның жастығы шығар, іріңдемей, шірімей шықты әйтеуір. Асқынып кетуі әбден мүмкін еді.

Полиция басқармасында мемлекет адвокат бергенде қуанып кеттім. Қуанышым ұзаққа созылмады. Ол таяқ жеп жатқанымды көре тұра қасымнан үнсіз өтіп кетті. "Мына кісі менің жағымда емес пе, сонда қалай?" деп түсінбей қалдым. Сосын онымен жұмыс істеуден бас тарттым. Әкем қоғамдық қорғаушым болып тіркеліп, басқа адвокат жалдады.

Өскемен қалалық полиция басқармасына әкелгеннен бастап аяқкиімімізді шешкізіп, жалаңаяқ жүргізді. Одан соң уақытша ұстау изоляторында да үш күн жалаңаяқ жүрдік. Әжетханаға да солай кіріп-шықтық. Изолятордың іші мұздай суық. Сынық терезеден суық үрлеп тұрады. Түнімен ұйықтай алмаймыз. Жалғыз матрастың жартысын астымызға салып, жартысын үстімізге жапқан болып жатамыз. Қайта-қайта тұрып, краннан жылы су ағызып ішіп, бой жылытамыз. Кранның ыстық суын ішуге бола ма, жоқ па – оны ойлап та жатқан жоқпыз. Өзіміздің қалыңдау киімдерімізді сұрасақ та бермейді.

Адам құрлы көрмей, сілікпемізді шығарады. Малды да теппейміз ғой. Ешкімнің әке-шешесін өлтірген жоқпыз, неге сонша өшіккенін білмеймін. Бұйрық алса алған шығар, бірақ адамгершіліктен аттап кетуге бола ма? Сол сәтте бастықтарына сабап жатқандай сыңай танытып, шын мәнінде ақырын тепсе де қуанып қалатын едік қой. Жиырма мен отыздың арасындағы жап-жас жігіттердің (құрдастарым ғой) осы істеген ісіне қатты ашынамын. Изоляторға кірерде жүзік, алқа, ақша секілді құнды заттарымыз болған. Шыққанда оларды таппай қалдық. Сол жерде бізге едел-жедел сот өткізіп, екі айға санкциялап, қамауға жіберді.

Лихарев көшесіндегі түзеу мекемесіне алып барды. Әрбір есіктен өткен сайын "қабырғаға бұрыл, Гагаринді ізде" дейді. Онысы көкке қарап тұр дегені... Бұйрық берсе де, тәлкек қылады. Әркімді өзіне белгіленген камераға шейін отырғызып жүргізеді. Жеткенше қабырғамыздан әскери етіктің өкшесімен тепкілейді. Камера ішінде де сабайды. Ал видеокамераның басын резеңке таяқтарымен көтеріп, жоғары қарата салады.

Камераға кірген соң қолымызға шелек беріп, әжетхана жуғызды. "Унитаздың ішіне дейін қолыңды салып жу" дейді. Солай жуғаныңды өздері видеоға түсіріп алады. Видеоны жұмыстағыларының мессенджердегі топтарына жібереді.

Түзеу мекемесіндегі қызметкерлердің бәрін, уақытша ұстау изоляторындағылардың өзім көрген кейбірін білемін. Көрсем бірден танимын. Олар кейде көшеде бізді байқап қалады да сонадайдан айналып қашады.

"Антикорға" көзімнен айырған кінәліні тапсын деп арыз түсірдім. Тергеуші "кім атқанын өзің айт" деді маған. Бірнеше адамның фотосын көрсетеді. Алаңда олар тұмшаланып жүрді, мен қайдан біледі екенмін? "Онда бұйрық берген Тоқаевты (Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қаңтарда "ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеген – ред.), облыс әкімін, сосын Өскемендегі полицияның бірінші бастығын жазамын" деймін. Олай болмайды дейді. Бір қызығы, полицияға қарсы арызымды қарау полиция департаментінің өзіне тапсырылыпты. Бұл деген – абсурд! Олар өздерінің қылмысын өздері әшкерелеп береді дегенге кім сенеді?! Соны ұқпай дал болдық. Осыған байланысты өткен сотта маған прокурор "ұсталғанға дейін-ақ көзіңнен айырылғансың" дегенді айтты. Сонда бар кінә өзіңде дегені ме? Ақыры істі тоқтатып қойды. Кінәліні таппады.

Өзім ұялы телефон жөндейтін жұмыста істегендіктен, бұрын көбіне YouTube желісінен пайдалы кеңестер көретінмін. Елде болып жатқан жаңалықтардан мүлде бейхабар едім. Ал қазір жаңалықтарды бақылап отыратын болдым. Сайлау науқанындағы шу, Жаңаөзен тұрғындарының наразылығы, Алматыдағы митинг – барлығын оқып отырамын. Болашақта өзімізге де сайлауға түсу керек тәрізді. Өзімді дамытып, соған да жететін шығармын.

"СОҚЫР ШАЛ" ДЕП КЕЛЕКЕ ЕТТІ"

Ербол Бөрлібай, Өскемен тұрғыны:

– Полиция дәлізінде тұрғанымда бір келіншек жүгіріп келіп, "он", "это он" деп мені көрсете бастады. "Бензин таратқан – осы" деді. Түк түсінбедім. Немеремдей жас жігіттер (мен 58 жастамын) мені кабинетке ала жөнеліп, жерге домалатып, таяқтың астына алды. "Өзіңнің үстіңе бензин құйып өртейміз" деді.

Ербол Бөрлібай
Ербол Бөрлібай

Сол жерде жауап алды. Ішкиімшең бір жас жігітті алып келді. "Осы ма?" деп сұрады одан. Жігіт "бұл кісі емес" деп жылады. "Жоқ, осы ғой" деп оны қайта-қайта ұрды. Үсті-басы көкпеңбек, сау-тамтығы жоқ. Жігіт ақыры айтқанынан қайтпай, мені көрсетіп беруден бас тартты. Енді өзіме қысастық қыла бастады. "Бензинді мойында. Алматыда балаларың бар, қызың бар екенін білеміз. Бензинді мойыныңа алмасаң, қызыңа адам жібертіп, білгенін істетеміз" деп, балаларымды айтып, қатты қинады. Бұл таза жала болатын. 20 мың террористі бізден шығармақшы болды ғой (Қаңтар оқиғасы күндері президент Қасым-Жомарт Тоқаев "бір ғана Алматының өзіне 20 мың бандит шабуыл жасады" деген – ред.). Істемеген нәрсені қалай мойындаймын? “Өле қалсам да, айтқаным – айтқан” деп, қасарысып айтпай қойдым.

Талай жігітке осындай жала жабылып, өтірік куәлік айтылып, қамап та тастады. Әлгі жылап тұрып "бұл аға емес" деп айтқан жігітке Алла разы болсын. Өзін содан кейін әлі көрмедім. Бәлкім, көрсем де тани алмай жүрген шығармын. Егер ол жалған куәлік бергенде, мен де мойныма талай жыл арқалап кетер ме едім, кім білсін?

Екі көзім де тұманданып, нашар көреді. Еркін жүре алмаймын. Бірінші топтағы мүгедекпін. Оныма қарамай үйімнен алып кетіп, дедектетіп жүр. Мені Тілеужан деген бауырыма тапсырып қойды, ол кезде оны танымаймын, кейін білістік. "Мына соқыр шалды сен жетектеп жүресің" деді. Ол өзі таяқ жесе де, мені ертіп жүрді.

"Алаңда нең бар?" деп сұрайды менен, бірақ жауабымды керек қылмайды. Жағдайымды түсінуге тырыспайды. Жауап берейін десем, бас салып төпелеп, әбден айызы қанғанша сабайды. Көзім көрмей қабырғаларға соғылып бір таяқ жеп, аналардан екі таяқ жеп жүрдім. Адамдық қасиетімізден жұрдай қылды. "Былай қарай итеріп жіберіп, шүріппені басамын да, қашты деп көрсете саламын" деп тиіседі.

Алаңға барғаным рас. Банктен шығып келе жатқанмын, орталық алаңға жеткенде ғана жиылып тұрған адамдарды көрдім. Өзім бірінші топтағы мүгедекпін, әбден жақындап келмесем, көрмеймін. "Қымбатшылық", "күн көру қиын болып кетті" деп шулаған адамдардың ортасына кірдім. Бәрі қала әкімі Жақсылық Омарды қаумалап тұр екен. Мен де әкіммен сөйлестім. "Көмекшілерің саған анау арзан, мынау арзан деп өтірік ақпарат береді, базарға өзің шығып көрдің бе?" деп сұрадым. "Өзіңнің жалақың қанша? Мен мүгедектігіме 67 мың теңге жәрдемақы аламын, салыстыруға келе ме? Мен қалай күн көремін?" дедім. "Халықтың жағдайына қараңдар" деген сыңайда сөздер айттым. Содан жарықта үйге жетіп алайын деп, қайтып кеттім. Бар-жоғы – осы.

Азапталған Талдықорған. Арнайы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:16:31 0:00

Арада үш күн өткенде біреу есік қағып, "хозяин, есть молоток?" деді. Ашқаным сол еді, шекеме мылтықтың дүмі тиді. Шалқақтап бара жатқанымда, екі адам екі қолымды қайырып, жерге алып ұрды. Біреуі бір аяғымен басымнан, екінші аяғымен белімнен басып, үстіме шығып тұрып алды. Мен тұншығып бара жатқан соң "түс" деп айқайлай бастадым. Содан қолыма кісен салып, қабырғаға тұрғызып қойды. Үйді астан-кестен қылып, тексере бастады. Үйде жалғыз тұрамын. Бала-шағам Алматыда. Содан әлгілер құжаттарым мен алаңға киіп барған киімдерімді тәркілеп алды. Төрт сағаттай тінту жүргізді. Солай аяқ астынан алды да кетті.

Қамауда өткен қырық күнім қырық жылдай болды. Менің көргенімді ешбір адамның басына бермесін. Түрмеден шыққан соң күйзелістен құлап түстім. Қанымдағы қант деңгейі 29-ға [ммольге] көтеріліпті. Дәрігерлер қант диабеті диагнозын қойып берді. Қазір инсулинде отырмын. Бұрын мұндай болмаған еді. Көзімнің көрмейтіні аздай, енді тағы бір ауруға душар болып шықтым.

"БАЛАҢ БАСҚА БІРЕУДІ ӘКЕ ДЕЙДІ"

Еркебұлан Қадырханұлы, Өскемен тұрғыны:

– Ол кезде орталық алаңға іргелес "Мұхамади" мешітінің имамы едім. Кешкі намаздан кейін мешіт ауласына шығып тұрдық. Орталық алаңнан тарсылдаған дауыс шыға бастады. Біз отшашу ма деп түсінбей қалдық. Бір кезде намазхан жігіт жүгіріп келді де "аналар атып жатыр, қорықпаңдар, бару керек" деп айқайлады. Біз алаңға беттедік. Бір таңғаларлығы – екі күннен кейін мені үйден ұстап алып кетушілер арасында сол жігіт те жүрді.

Өскеменде Қаңтар оқиғасына қатысып, азапталған Еркебұлан Қадырханұлы
Өскеменде Қаңтар оқиғасына қатысып, азапталған Еркебұлан Қадырханұлы

Мені қалалық полиция басқармасының артындағы "Динамо" спорт кешеніне кіргізді. Еденде 200-дей адам жатыр екен. Полиция мен ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері оларды боқтап, сабап, әмірлерін жүргізіп тұр. Біреуі жұдырығымен алақанын ұрып, "е, "свежий" біреу бар ма?" деп айқайлайды. Мені соның алдында ғана WhatsApp-та "Оян, қазақ!" деген топқа қосып жіберген. Міне, "Оян, қазақ" келді, қазір бәріңді оятады" деп әжуалап таныстырған болды. Қолыма кісен салып, бүйірімнен соқты. "Жігіттер, оң аяғымда темір бар, сынған еді, соған тиіспей-ақ қойыңдаршы" дедім. Олар "Ал ендеше" деп екінші аяғымнан резеңке таяқтарымен таңқ-таңқ еткізіп соқты. Содан кейін жерде сұлаған адамдардың қасына жатқызды. Жай жатқызбады, бірінің басын екіншісінің бұтына тыққызып, іркес-тіркес тізбектеп қойды. Сосын үстімізден ары-бері жүгірді. Екі сағаттай уақыт өткенде мені және бірнеше адамды полиция басқармасына тергеуге жіберетін болды. Көлікке нығарлап тиеп жатып: "Анда барғанда "Динамодан" шығып келе жатырмыз деп айтып үлгермесеңдер, қолымыздан өтуге екінші рет келесіңдер" деді.

Тергеуде күндізгі сағат 11-ден кешкі 6-7-ге дейін қолымды желкеме қойып, түрегеп тұрдым. "Ал болды, түсір қолыңды" дегенде қолымды төмен түсіре алмай қойдым, сіресіп, қозғалмай қалыпты. Сөйтіп тұрғанда қолында электр есеңгіреткіші бар біреу оны денеме бойлата жүргізе бастады. Бақа секілді тарбаңдап, бақырдым.

"Уахабист екеніңді мойындайсың ба?" деп тепкіледі. Мен таяқ жеп жатқанда "мойындаймын" деп, ал бейнекамера алдына алып барғанда "мойындамаймын" деп отырып алдым. Ақыр аяғында "өзіңнің көргеніңді айтып шық" деп, айтқанымды ғана жазып алуға мәжбүр болды. Бұл тергеуші мені екінші рет тергеуге шақырды. "Сен сотталасың, ертең балаң басқа біреуді әке дейді, қатыныңды біреу бүйтеді" деп қолымен дөрекі әрекеттер істеді. Күйзеліп жүргенімде жаман әсер етті. Бірақ қанша қысқанымен, "мен істемеген нәрсемді мойныма алмаймын, ақиқатын Алла біледі" дедім.

Бізді уақытша ұстау изоляторында да, түзеу мекемесінде де аямай "встречать" етіп алды. Яғни сол жердің қызметкерлері екіге жарылып тұрады да, араларынан өткізіп, төпештеп, "қарсы алады". Осындай ауыр соққыдан екі қабырғам сынды.

Шығатын кезде түзеу мекемесінің бастығы денедегі көгергендерді ақтау үшін өздерің бірдеңе ойлап табыңдар деді. "Аттан құладым дейсің бе, шатырдан құладым дейсің бе, әлде ішіп алып қабырғаны соқтым дейсің бе (осыны айтып масаттанып күледі) – әйтеуір тексерген кезде берер жауап дайын болсын. Әрине, сыртқа шыққыларың келсе" дейді.

Екі ай 10 күнде қамаудан шықтым. Жыл соңына дейін қолхатпен жүрдім. Қамаудан шыққан соң заңды жұмыс істей алмадым. Таксист болдым. Күндік жалдамалы жұмыстар істедім. Табатыным – 5-6 мың теңге. Ауылға немесе басқа қалаға жақсы табысы бар жерлерге шығуға да болмайды, тыйым салынған.

Сұрауы бар, өтеуі жоқ азапты күндерді бастан кештім. Мемлекет соның бәрін жоққа шығарып, бір-ақ күнде "сен ақталдың, кінә таба алмадық" деп түк болмағандай қоя бере салды. Өтеуіне 770 мың теңге берді. Оның өзін соттасып жүріп алдым. Сонда адвокатым маған: "ең көп алып жатқан сенсің" деп қояды. Басқадан артық алған 70 мың теңгемді айтады. "Ей, бұл ақша саған бергеніме де жетпеді ғой" деймін.

Біз тек беріп жатырмыз. Ақша бердік, денсаулығымызды бердік, уақытымызды бердік... Айтпақшы, бір жолы мемлекет берген адвокат та менен ақша сұраған еді. "Егер төлесең, "50 де 50" істейміз" дейді. Онысын "жартылай саған, жартылай өкіметке болысамын" деп түсіндіреді. Күлдім де қойдым.

Адамдардың бізге деген көзқарасын өзгертіп жіберді. Осы күні мешітке барсам, таныстарым, тіпті кейбір молдалар да маған бір бүлікші секілді қарайды. Туысқандарымның арасында да көзқарасы өзгергені бар. Араласып жүрген жолдастарым үйіне шақырудан қалды. Бізді халыққа қылмыскер қылып көрсетіп қойды ғой. Айналамыздағы адамдармен қарым-қатынасымызға сызат түсіріп отыр.

Ақталғанымды растайтын құжатты ағайын-туыс пен молдалардың WhatsApp-тағы тобына "сүйінші, сіздердің дұғаларыңыздың арқасында ақталып шықтым" деп жолдадым. Бірақ бәрібір бұдан кейін де қарым-қатынасымыз баяғыдай жақсарып кетпеді.

АЗАПТАУ ФАКТІЛЕРІ "РАСТАЛМАДЫ", "ӨЗГЕ МӘЛІМЕТ ЖАРИЯЛАУҒА ЖАТПАЙДЫ"

Облыс прокуратурасының дерегі бойынша, Шығыс Қазақстанда құзырлы органдарға "полицейлер азаптады" деген 33 шағым түскен. Бірақ сотқа дейінгі тергеулерден кейін "кінәлілер анықталмай", бұл істер қысқартылған.

Ресми есеп бойынша, дүрбелең кезінде үш адам қаза болған. Оларды атып өлтіргендер де табылмады. Марқұмдардың есімі "Қазақстан халқына" қорының "кездейсоқ құрбандар" тізіміне енгізілді.

"Жаппай тәртіпсіздік" бабымен 40 адамға бас бостандығынан айыру және шектеу түріндегі түрлі жаза кесілді. Ал 25 адам "кінәсіз" деп танылды.

Азаттық кейіпкерлер келтірген фактілер бойынша Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Алмат Байшолақовқа 11 нақты сұрақ жіберді. Онда Шығыс Қазақстан облысында Қаңтар оқиғасына қатысқандарды азаптау бойынша қанша шағым түскені, бұл бойынша құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жауапқа тартылуы туралы мәліметтерді сұрадық.

Азапталдым деген азаматтар келтірген нақты фактілер туралы да сауалдар болды. Мәселен, Ерқанат пен сол тәрізді бір көзінен айырылған тағы бес адамның ауыр жарақатқа қарамастан, тергеу изоляторына әкетілуі заңды ма? Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталғандарды полиция басқармасында, уақытша ұстау изоляторында, түзеу мекемелерінде және "Динамо" спорт кешенінде құқық қорғау қызметкерлері ұрып-соққаны дәлелденді ме? Мүлікті қирату мен жұртты арандатуға күш құрылымдары қызметкерлері қатысқаны қаншалықты рас? Уақытша ұстау изоляторы мен Өскемен полиция басқармасы ғимаратында Қаңтар оқиғасы бойынша ұсталғандардың жалаңаяқ жүргізілуіне не себеп? Полиция басқармасында күш құрылымдары қызметкерлері ұсталғандардың аузына "дубинка" тығып, оны видеоға түсіргені рас па? Ұсталғандарды жалған куәлік беруге және жалған айыпты мойындауға мәжбүрлеу фактілері бар ма? Ұстау, тергеу кезінде құқық қорғау қызметкерлері электр есеңгіреткішті қолданғаны расталды ма?

Облыс прокуроры Азаттық сауалдарына қысқаша жауап берген. Алмат Байшолақовтың жазуынша, Қаңтар оқиғасы бойынша Өскеменде 28 қылмыстық іс тіркелген, оның ішінде 25 іс бойынша шешім шыққан, үш іс әлі өндірісте.

"Қылмыстық істерді тергеп-тексеру барысында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің электр есеңгіреткіш және дубинка қолдану, жалаңаяқ жүргізу және оларды бейнежазбаға түсіру фактілері расталмады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөліміне сәйкес, өзге мәліметтер жариялауға жатпайды" делінген прокурордың жауабында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG