Accessibility links

Elge Qaitaru қоры "заңсыз шығарылған активтерді қайтару" туралы заң жобасында кемшілік көп екенін айтты


Elge Qaitaru қорының өкілдері Болат Әбілов пен Оразалы Ержанов. Алматы, 1 маусым, 2023 жыл.
Elge Qaitaru қорының өкілдері Болат Әбілов пен Оразалы Ержанов. Алматы, 1 маусым, 2023 жыл.

Бүгін, 1 маусымда Алматыда Elge Qaitaru қоғамдық қоры мәжіліс қарауында жатқан "заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару" туралы заң жобасының кемшілігі көп екенін айтып, сынға алды.

Қор өкілдері саясаткер Болат Әбілов пен қаржыгер Оразалы Ержанов жобадағы "комиссия заңсыз шығарылған активтер тізіміне тек 45 млрд теңгеден (100 млн доллар) асатын байлық жинаған адамдарды кіргізуді қарастырады" деген бапқа қарсы. Олардың айтуынша, кез келген адамның байлығы тексеріліп, олардың заңсыз жолмен табылғаны дәлелденсе, мемлекетке қайтаруға тиіс. "Олай болмаса, шенеуніктер қорықпастан 100 миллион долларға (45 млрд теңге) дейін ұрлай береді" дейді қор өкілдері.

Қор мүшелері олигархтардың заң аясынан тыс қалғанына да наразы. Олар заң бойынша активтерді қайтаруға субъектілер ретінде тек биік лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің танылғанын "елеулі кемшілік" дейді.

Қор өкілдері заң жобасындағы тағы бір ереже жөнсіз екенін айтады. Егер "азамат заңсыз алған активтерді өз еркімен қайтарып беру туралы келісімге қол қойса, қандай да бір қудалаудан босатылады". Қор өкілдерінің сөзінше, бұл жемқорлыққа апарады.

Қоғамдық қор заң жобасындағы басқа да баптар бойынша кемшіліктерді айтып, заңды қайта қарау мүмкіндігі болса, ескертулерін ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.

Қазір мәжіліс "заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң жобасын қарап жатыр. Заң жобасы аясында Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Салық, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы сияқты жалпы саны 11 кодекс пен 13 заңға түзуту енгізілмек, одан бөлек, Бас прокуратура ішінен арнайы ведомство құрылады.

Бұған дейін әділет вице-министрі Алма Мұқанова журналистерге берген жауабында "заңсыз алынған активтерді қайтару" туралы заң жобасына сәйкес, "заңсыз байыды" деп күдікке ілінгендер декларация тапсырып, "қалай байығанын" түсіндіруге тиіс екенін айтқан. Егер оны дәлелдей алмаса, өкілетті органдар оның байлығын тәркілеу туралы бастама көтере алады. 12 мамырда бас прокурор Берік Асылов елге қазірге дейін 760 млрд теңгеге жуық қаржы қайтарылғанын мәлімдеген.

Қаңтар оқиғасынан кейін елде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның әулетінің "ұрлаған қаржысын" елге қайтару мәселесі жиі көтерілді. Tax Justice Network ұйымының мәліметінше, кейінгі 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорға шамамен 140–160 млрд доллар шығарылған. Кей сарапшылар заңсыз шығарылған ақша көлемі бұдан едәуір көп болуы мүмкін деп болжайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG