Accessibility links

"15 мың калория жесем де, өзімді тоқ сезінбейтінмін". Булимияны жеңген қыздың әңгімесі


2 маусым – Халықаралық тамақтану әдетінің бұзылуымен күрес күні. Өскемен тұрғыны Арина Атаева Азаттыққа булимияны қалай жеңгенін әңгімелеп берді. 10 жыл бұрын бойжеткеннің тамақтану әдеті бұзылып, бұл диагнозбен күресі бес жылға созылған. "Булимия – артық салмақтан арылу үшін құсу емес. Тамақтану әдетінің бұзылуы – тамақпен қатынастың дұрыс болмауынан туатын депрессия" дейді Арина.

Тамақтану әдетінің бұзылуы деген не?

Жоғары санатты психиатр-нарколог, Павлодар облыстық психоневрологиялық диспансерінің невроздар бөлімшесінің меңгерушісі Роза Бабатаева:

– Тамақтану әдеті бұзылуының үш түрі бар: анорексия, булимия және жабысқақ ой салдарынан болатын (компульсия) шамадан тыс тамақ жеу. Анорексия – арықтау үшін тамақтан бас тарту. Бұл диагноз кезінде адам қарны ашып, тамақ ішсе, өзін кінәлі сезінеді. Сондықтан аузына қолын салып құсып, іш өткізетін, зәр айдайтын дәрілер ішіп, спортпен айналысып, өзін қинайды. Анорексияға шалдыққан адамдар міндетті түрде арық болмайды. Жоғарыда аталған ауру белгілері байқалса, науқаста анорексия деген сөз.

Булимия – уайым мен мазасыздық сияқты психологиялық мәселелерге байланысты тамақты шектен тыс жеу. Науқас ішіп-жеген тамағын қадағалай алмайды. Бір кезде тыныс алуы қиындап, тым артық тамақ жеп қойғанын түсініп, құсуға тырысады.

Компульсия салдарынан шамадан тыс тамақ жеу – тойғанды сезбеу. Мысалы, мұндай адамдар қатты күйгелектеніп кетіп, көп тамақ жеп қояды да, кейін өзін жазалап, қатаң диета ұстайды.

БІРІНШІ ЭПИЗОД

Аринаның айтуынша, тамақтану әдетінің бұзылуына жігітімен айырылысуы себеп болған. Ол кезде бойжеткен туған қаласы Өскеменнен Ресейдің Новосибирск қаласына көшіп, оқуға түскен.

Арина Атаева. Жеке архивтегі сурет.
Арина Атаева. Жеке архивтегі сурет.

– Күйзелістен тәбетім болмай, ойымды бөлу үшін "дұрыс тамақтана бастадым": рецептілерден сарыуыз бен майды алып тастап, тәттінің орнына қант алмастырғышты пайдаландым. Тұзаққа қалай түсіп қалғанымды байқамадым. "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі бір топтан мақалаларды оқып, әр калорияны есептеуге көштім. Бір тәулікте жеуге болатын тамақ мөлшерін үнемі азайтып отырдым. Басында 900 килокалория болды, кейін 450-ге түсті.

Психикам эмоцияға төтеп берудің неге дәл осындай әдісін таңдағанын білмеймін, гипермаркетке барып, бір айға азық-түлік алып келетінмін. Дүкенді сағаттап аралап, әр өнімнің қаптамасын оқып, өлшеп, калориясын есептейтінмін. Оған дене шынықтыру: жаттығулар, лифтіні пайдаланбау, жаяу жүру қосылды.

Суық тиюге қарсы ұнтақ ішер алдында дәрінің калориясына дейін өлшегенде бірнәрсе дұрыс емесін түсіндім. Жарты жыл ішінде осындай деңгейге дейін өзгеріп кеттім.

Тамақтану әдетінің бұзылуы кімдерде кездеседі? Аурудың себебі неде?

Жоғары санатты психиатр-нарколог, Павлодар облыстық психоневрологиялық диспансерінің невроздар бөлімшесінің меңгерушісі Роза Бабатаева:

– Бұл ауру негізінен әйелдерде орташа есеппен жасөспірім кезден 25 жасқа дейінгі аралықта болады. Оған адамның өзін төмен бағалауы, айналадағы адамдардың пікіріне тәуелділігі себеп болуы мүмкін. Жасөспірімдерде тамақтану әдетінің бұзылуы жиі кездеседі, өйткені олардың психикасы әлі толық қалыптасып үлгермеген. Бәрі айналасындағы адамдардың сөзінен басталады. Көбіне ата-аналар «Көп тамақ жеме, толып кетесің» деген сөздер арқылы өздері байқамай, балаларда комплекс қалыптастырады. Бір бала мұндай сөзді құлағына ілмегенімен, екіншісі көңіліне алып қалуы мүмкін.

Тамақтану әдеті бұзылғанын неден байқауға болады?

– Бәрі тамақ пен салмақ тақырыбын жиі әңгімеге қосудан басталады. Қайта-қайта салмағын өлшеп, тек тамаққа қатысты ақпарат оқиды. Бұл – тамақтану әдетінің бұзылуы синдромының алғашқы кезеңі. Кей адамдарда алғашқы кезеңнен кейін асқынулар болмайды. Бірақ жоғарыда сипатталған әрекеттің өзі нормадан ауытқу деп есептеледі.

Маманға жүгінуді қажет ететін елеулі белгілерге етеккір циклінің бұзылуы, шаштың зақымдануы, терінің құрғауы, ашушаңдық, дұрыс ұйықтай алмау, оқуға, жұмысқа енжарлық, тез шаршау, ойдың шашыраңқы болуы жатады.

Тамақтану әдетінің бұзылуы депрессияға апарып соғуы мүмкін. Мұндайда психиатр, психолог немесе психотерапевке қаралу керек.

Екінші курстың ортасында жаңажылдық демалыста үйге бардым. Ата-анам жүдеп кеткенімді көріп, шошыды. Бірақ агрессиямен жауап қайырып, өзіме осындай өмір салты ұнайтынын айтып, райымнан қайтпадым. Әжемнің үйіне қонаққа барғанша өзімді жақсы ұстап жүрдім. Бірақ әжем дастарқанға құймақ әкелгенде өзімді ұстай алмадым. Асқазаным ауырған кезде бір-ақ ес жидым. Көмейге саусағымды салып, құсып тастайын деген ой келді.

"Бір рет қана жасаймын" дедім. Тамақтану әдеті бұзылған адамдардың бәрі содан бастайды. "Олар ақымақ, өздерін бақылай алмайды, мен ондай емеспін" деп ойладым.

Олардан еш айырмашылығым жоқ екен. Бұл булимияның алғашқы эпизоды еді. Одан кейін аптасына бір рет, кейін бірнеше рет қарнымды сыздатып тамақ ішетінді шығардым. Бұрын бір айға жететін азық-түлік енді үш күнде таусылатын болды.

Мектепте озат оқушы едім, университетте дүкенге бару үшін сабақтан қаштым. Тамақтан басқа ештеңе ойлай алмайтын күйге жеттім. Денем қалтырай бастады.

Басымдағы жағдайды ата-анама айттым. Мұны әуелі физиологиямен байланыстырдық: психикалық ауру болғанына қарамастан, дәрі ішіп жазылып кететін қарапайым ем іздедік. Гормонға қан тапсырдым, тексерістен өттім. Бірақ неге қарным аша беретінін түсінбедім.

Тағы бір семестр өтті. Оқу жылының аяғына қарай жағдай ушықты. Оқуға көңіл бөле алмадым. Емтиханға дайындық адам төзгісіз азап болып көрінді. Жарты сағат бір билеттің сұрағына дайындалсам да, оқығанымды түсінбейтінмін.

ДИСПАНСЕРДЕГІ ЕМ

Өскемендегі психоневрологиялық диспансерге бардық. Стационарға түскенде дәрігерлерге "Салмағым 44,5 келі (бойым – 168 см) болғанда өзіме ұнайтынмын, қазіргі 46 келі тым артық" деп дәлелдеумен болдым.

Бір ай ауруханада жаттым. Маған "жүйке булимиясы" деген диагноз қойды. Психикалық аурулар реестрінде бұл ауру алкоголизм және нашақорлықпен қатар тұрады. Бұл – қолыңды көмейге салып, құсу ғана емес. Булимия "бұқаның тәбеті" деп аударылады. Мұндай диагноз қойылған науқастың үнемі қарны ашып жүреді, тойғанын сезбейді.

Ауруханада психотропты препараттар іштім. Дәрілер көп энергия беретін. Тамақ ішкеннен кейін құсып тастайтын әдетім өзгерген жоқ. Психотерапевтермен шағын сессиялар болды, бірақ мұндай кездесулер ауруханада дәрігерлерді аралап шығумен бірдей. Науқастың бәрін бір палатаға жинап, "Жағдайың қалай?" деп сұрайды. Жеке сөйлескен кездеріміз де болды, бірақ маған ұзақ сеанстар қажет еді. Ал консультация сапасы туралы мүлде айтпай-ақ қояйын.

Құсуға қандай эмоция мен ниет әсер ететінін түсіну үшін тамақтану күнделігін жүргіздім. Бірақ психотерапиясыз бұл жай бір жазу-сызу болды. Қазір негізгі жұмыс тамақтанумен байланысты болса, одан еш нәтиже шықпайтынын жақсы білемін. Тамақтану әдетінің бұзылуы – ерік-жігердің жоқтығы емес, тамақпен қатынастың дұрыс болмауынан туатын депрессия. Сондықтан тамақтануды реттеуге тырысу – түбі тесілген кемеге желім жаққанмен бірдей. Антидепрессант – психикалық күйіңді жақсарту құралы ғана. Психотерапиясыз бұл да – басты мәселені жасыратын шымылдық сияқты.

Диспансерде ем алғаннан кейін жағдайым сәл түзеліп қалды. Көтеріңкі көңіл-күймен үшінші курсқа өттім. Бірақ кейін өзімді антидепрессантпен алдаусыратқанымды ұқтым. Жағдайым одан әрі нашарлап кетті. Сабақтан қашып, үйге жеткенше көрген дүкенімнің бәріне кіретінмін. Өзімді қолға алу үшін сатып алған заттарымды қоқысқа тастап та көрдім. Бірақ тура сол күні қайтадан тамақ сатып аламын. "Үлкен қаладағы секс" сериалында Миранда тортты қоқысқа тастап, кейін сол жерден алып жейді, үстіне ыдыс жуатын сұйық зат құяды, бірақ бәрібір тәттіден бас тарта алмайды. Менде де тура солай болды.

Тыныс алуым қиындағанша тоқтамай тамақ жейтінмін. Бұрынғыдай құса алмайтын болдым. Психологиялық қорғаныс па, әлде көбіне ұннан жасалған тағамдар жегеннен бе, әйтеуір құсуым қиындады. Тамақты шайнамай, сусыз жедім. Глютен желім сияқты асқазанымда тас болып тұратын. Жедел жәрдем шақырып, асқазанымды зонд көмегімен шайдыратынмын.

Паникалық шабуыл, жылау, өзімді шарасыз сезіну. Бәрінен шаршадым, деканатқа барып, академиялық демалыс алдым. Психоневрологиялық диспансерге жаттым. Мен күткен ғажайып болған жоқ.

АЗАПТЫ КҮНДЕР

Барлық күнім бірдей өтетін. Азық-түлікке қыруар ақша жұмсап, ауырғанша тамақ ішіп, бәрін кері құсып тастауға тырысатынмын. Кейін булимияда шектен тыс тамақ жеу жоспарлы және оқыстан болатынын түсіндім. Оқыстан болатын кездерде бәрі бақылауымда деген оймен тамақ ішесің, бірақ тоқтай алмай қаласың.

Жоспарлы тамақтануға алдын ала дайындаласың. Үйде ешкім жоқта тыйым салынған тағамдарды сатып алып, кейін ізіңді жасырып, ештеңе болмағандай отырасың. Көбіне бүкіл отбасымызға арналған тамақты жеп қоятынмын. Ондайда байқатпай орнына жаңасын әкеліп қоюға тырысамын. Сырт көзге "ішкен жоқпын" деп өтірік айтатын маскүнем сияқты көрінген шығармын. -40 градус аязда жалғыз күртеше мен үй тәпішкесін киіп, жақын маңдағы тәтті пісіретін жерге жүгіріп бара жатқаным есімде. Жақындарың ренжитінін білсең де, ештеңе істей алмау – сондай қиын әрі қорқынышты сезім.

Жекеменшік психотерапевт іздеп, Санкт-Петербургтен ТМД бойынша тамақтану әдетінің бұзылуы диагнозымен жұмыс істейтін жалғыз емхана таптым. Олар екі апталық топтық сессия ұсынды. Басқа амалым болмағандықтан және не істерімді білмегенде тығырықтан шығар жалғыз жол осы болып көрінгендіктен, емделуге келістім.

Курс басталғанша Санкт-Петербургтегі өмірім тамұққа айналды. Бұрынғыдай құса алмаймын, сондықтан не асқазаным жарылып кетердей болып қиналамын, не жедел жәрдем шақырамын.

Осындай күндердің бірінде дәрігерлер зонд қойып кетті. Бұл үлкен қате болды. Өйткені зондпен қалағанымша құса алатын болдым. Ол кезде тамағымды жырып, өңешіме түтікше салу жаман нәрсе болып көрінген жоқ. Асқазанымды тамақтан босатудың жолын тапқандықтан, алды-артыма қарамай тамақ іше беретін болдым. Құсу артық калориядан қорғамайды, қант пен көмірсулар ауыз қуысында-ақ ағзаға сіңіп кетеді.

Таңғы астың өзі 15 мың калорияға жетеді. Бір отырғанда тұшпара, торт, нан мен "Нутелланың" бір банкісін, бір қорап тәттіні соғып аламын. 90 пайыз жағдайда "таңғы асқа бәрібір көп жеп қойдым" деп, күні бойы қалағанымша тамақтана беретінмін.

Санкт-Петербургтегі емнен нәтиже болмады, үмітім ақталмады. Бірақ сол сапардан кейін оқуымды Питерге ауыстырдым. Алғашқы жарты жылда бәрі жақсы еді. Төбем көкке жеткендей қуандым.

Жаңа адамдар мен эмоциялар әсер етіп, сессиямды ерте жауып, желтоқсанда қосымша бес жұмыс алып үлгердім. Бірақ психотерапиядан өтпегендіктен, эйфориямен бұрынғы әдетіңе орала береді екенсің. Сол кезде іш өткізетін және зәр айдайтын дәрілерге көштім. Әдеттегідей бәрі "бір көрейінші" дегеннен басталды. Бір жақсысы, зәр айдайтын дәріні екі аптадан кейін тастадым.

Үшінші курсты көңілсіз бітірдім. Төртінші курс басталғанда психотерапевт іздеуге кірістім. Біреу көмектеспесе, оқуымды бітіре алмайтынымды түсіндім.

НЕ КӨМЕКТЕСТІ?

Психотерапевпен тамақ туралы сөйлеспедік. Бірақ қиын сәттерде сүйенер тірегім болуы үшін тамақтану туралы "нұсқаулық" беруді сұрадым. Әр сессиядан кейін өмірге құштарлығымды оятатын тапсырмалар беретін. Жігітпен кездесу, жаңа нәрсені байқап көру, қызығушылық табу сияқты түрлі тапсырма болды. Жаның ешнәрсені қаламай, өзіңді төмен бағалайтын кезде сырттан кәсіби маман жөн сілтеп, тапсырма беріп отырғаны жақсы екен. Кей шешімдер үшін жауапкершілік алмайсың. "Үнемі иә де" фильміндегі кейіпкер сияқты өміріме мән-мағына қосар деп түрлі нәрсені байқап көре бердім.

Әлі де артық тамақ жеп қоятын кездерім көп болды. Диплом жазып жүргенде университетке бармадым. Бірақ дипломымды жақсы қорғап, Өскеменге оралдым.

Үйге қайтардан бір ай бұрын 68 келі едім, келгенде 63 болдым. Ұзақ уақыт салмағым осы қалпында болды.

Өзімді жақсы сезінбесем де, достар тауып, жұмысқа тұрдым. Кейін бір кісіні ұнатып, қыз-жігіт болып жүре бастадық. Сол кезде ештеңені кейінге қалдыруға болмайтынын түсіндім. "Арықтасам, өмірім жақсарады", "Өзімді жақсы көріп үйренейін, содан кейін ғана жұп іздеймін" деп, жақсы сәтті күтіп жүре берген дұрыс емес екен.

Сурет сала бастадым. Бала күнімнен сурет салғанды жақсы көретінмін. Сүйікті ісіммен айналысқанда тамақ туралы ойламайтынмын. Ал бұл – зор көмек. Біртіндеп сурет салу негізгі кәсібіме айналды.

Соңғы рет 2017 жылы қарашада шамадан тыс тамақ жеп қойдым.

Арина Атаева.
Арина Атаева.

Ағзамды тыңдап, түсінуді Светлана Бронникованың "Интуитивное питание. Как перестать беспокоиться о еде и похудеть" деген кітабынан үйрендім. Дұрыс немесе бұрыс өнімдер болмайтынын түсіндім. Қазір сарыуыз, май, қант – бәрін жеймін. Қарным ашқанын сезіп, уақытылы тамақ ішіп, қарным тойғанда тоқтауды үйрендім. Тамаққа құрметпен, өмір сүруімізге қажет отын деп қараймын.

Тамақтану әдетінің бұзылуына қарсы 100 пайыз көмектесетін, бәріне ортақ әдіс жоқ. Әлеуметтік желіде өз хикаямды бөлістім. Әлі күнге ақпарат беруді сұрап жазатын қыздар мен аналар көп. Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде кейінгі бірнеше жылда сапалы өзгерістер бола қоймаған секілді.

Өзіме психотерапия, өмірге құштарлықтың оянуы, махаббатқа толы жеке өмір, сүйікті ісім көмектесті.

Медициналық білімі бар психотерапевт табу керек. Қай қалада тұратыны маңызды емес. Онлайн сөйлесуге де болады. Бірақ 2-3 сеанстан кейін нәтиже болмаса, бұл психотерапиядан пайда жоқ екен дегенді білдірмейді. Өз психотерапевіңді табу қиын, бірақ маңызды.

Ата-ана болсаңыз, баланың тамаққа қатынасын өз бетіңізше түзеуге тырыспаңыз. Бұл жұмысты маманға қалдырыңыз. Қашан қандай тамақ ішуі керегін үйретіп, ақыл айтпаңыз. Одан пайда жоқ. Балаңыздың жақын досы болыңыз, жаңа дүниелерді байқап көруге, әр күніне бір ерекшелік енгізуге тырысыңыз. Жақсы маман іздеңіз. Кей аналар "Балам университетке түсіп еді, сабақтан қала алмаймыз, тамақтану әдетінің бұзылуы диагнозынан қалай тез арылуға болады?" деп жазады. Емге дұрыс уақыт пен көңіл бөлмесе, бала суицидке баруы мүмкін. Бұл – әжептәуір мәселе, оны құнсыздандыруға немесе елеусіз қалдыруға болмайды.

Тамақтану әдеті бұзылған адамды ешкім түсінбейді. Маған да әкем "Адамдар өмірлік маңызды шешімдер қабылдап жатыр, ал сен алдыңдағы тамаққа шамаң жетпей отыр" деп еді.

Диспансерге осындай мәселесі бар адамдар жиі келе ме?

Жоғары санатты психиатр-нарколог, Павлодар облыстық психоневрологиялық диспансерінің невроздар бөлімшесінің меңгерушісі Роза Бабатаева:

– 15 жылдан бері осы салада істеймін. Жиі келмейді. Бұрын ақпарат құралдары осы мәселеге көп көңіл бөлетін. Қазір ауру көбейді не азайды дей алмаймын. Ауыр халдегі науқастар бізге түспейді. Яғни денсаулығына зақым келген науқастарды басқа ауруханаға апарады. Дегенмен осындай диагнозбен келетіндер бар. Жақында ғана анорексиямен келген студент қызды ауруханадан шығардық. Анасына еріп келгенде сабағын оқи алмай, күйзелісте жүрген. Ауруханада психотропты дәрілер бердік, психологпен жұмыс істеді.

Бірақ науқастың емі осымен бітпейді. Психологпен жұмысын жалғастыруға кеңес береміз. Психоневрологиялық диспансерде дәрігерлер әртүрлі препараттардың көмегімен науқастың психоэмоциялық күйін жақсартуға тырысады. Тамақтану әдетінің бұзылу себептерін анықтау көп уақыт алады. Аурудың себебін анықтап, сонымен жұмыс істемесе, науқас бұрынғы күйіне оралуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG