Accessibility links

"Обырды жеңуге болады". Онколог Тельман Әлғожинмен сұхбат


Пациентті маммографиядан өтуге дайындап жатқан маман.
Пациентті маммографиядан өтуге дайындап жатқан маман.

Жылда 7 сәуірде аталып өтетін Дүниежүзілік денсаулық күніне орай Азаттық Павлодар облысының бас онкологі, өңірлік онкологиялық диспансер директорының орынбасары Тельман Әлғожинмен сөйлесті. Маманнан Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарында онкологиялық аурулар неге көп екенін, болашақта қатерлі ісік көбейеді деген болжамға не әсер етіп отырғанын, медицинада бұл ауруды емдеудің қандай жаңа әдістері табылғанын сұрадық.

ҚАТЕРЛІ ІСІК НЕДЕН ПАЙДА БОЛАДЫ?

- Қатерлі ісіктің пайда болуына әсер ететін ғылыми дәлелденген факторлар бар ма?

- Иә. Кез келген патологияның пайда болу себебі – қорғаныш күштеріміздің, яғни иммун жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі. Кез келген тірі ағзада рак жасушалары болады. Иммунитеттің онымен күресуге қауқары барда қатерлі ісік болмайды. Ағза әлсіреп, типсіз жасушаларға қарсы тұруға күші қалмаса, олар ұлғая бастайды.

Рактың пайда болуына әсер ететін, көп зерттеумен дәлелденген факторлар бар. Жатыр мойны обыры адам папиллома вирусынан туады. Бұл – ең көп таралған вирус. Ол жыныстық жолмен беріледі. Вирустың геномдары ағзада ондаған жыл бойы өмір сүрсе де, иммунитет одан қорғап тұрады. Бірақ иммунитет әлсіреген кезде виурс қатерлі ісік туғызады.

Павлодар облыстық онкология диспансері директорының орынбасары, хирург-онколог Тельман Әлғожин.
Павлодар облыстық онкология диспансері директорының орынбасары, хирург-онколог Тельман Әлғожин.

Сыртқы факторларға зиянды әдеттер: темекі шегу, ішімдік ішу, есірткі қолдану жатады. Тамақтанудың да ықпалы бар. Дұрыс тамақтанбау да – зиянды әдеттің бір түрі. Күнделікті стресс, жүйкеге артық жүк түсуі, демалыс пен жұмыс режимінің дұрыс болмауы да иммун жүйесіне кері әсер етеді. Қоршаған орта да маңызды. Ауаның ластануы, айналадағы технологиялар. Радиотолқын да қауіпті. Бірден әсер етпейді, бірақ әсері жылдар бойы жинала береді. Бір қызығы – өмір сүру сапасы артқан сайын онкологиялық ауру қаупі де күшейеді.

- Сонда дамыған мемлекеттерде онкологиялық аурулар жиірек кездесе ме?

- Қатерлі ісік жиі тіркелетін өңірлер қатарына Америка, Еуропа елдері, Жапония мен Корея жатады. Бұл елдердің экономикалық даму деңгейі жоғары. Бізде онкологиялық аурулар саны екі есе аз. Қазақстанда 100 мың адамға шаққанда 300-320 адам ауырады. Жоғарыда аталған мемлекеттерде, орташа есеппен алғанда, 100 мың адамға шаққанда 600, кейде 900 адамнан қатерлі ісік табылады. Бұл елдердегі өмір сүру қарқыны мүлде бөлек. Оған технология, ген бойынша модификацияланған өнімдердің көп болуы, қозғалыстың аздығы және тағы басқа факторлар әсер етеді.

- Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары бірнеше жылдан бері онкологиялық аурулар саны бойынша көш бастап келеді. Бұл экономикалық дамумен байланысты дей алмайтын шығарсыз. Аталған өңірлерде рактың көп болуына не себеп?

- Экология нашар. Тағы бір маңызды дүние бар. Ауру көрсеткіші – халық санына есептелетін коэффициент. Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында халық саны аз, туу көрсеткіші төмен. 65 жастан асқан адам көп, олар халықтың 15 пайызы болады. Бұл – өте жоғары көрсеткіш, оңтүстікте қарттардың үлесі 6-7 пайыздан аспайды. Бізде бір отбасына бір баладан келеді. Түркістан, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласын алсақ, бір отбасында бес-алты баладан бар.

Анасы, әкесі, атасы мен әжесі бар отбасында атасынан қатерлі ісік табылса, ауру алты адамның бірінде кездеседі дейміз. Шымкентте төрт ересек адамнан бөлек, алты бала бар, онда 10 адамның бірі онкологияға шалдыққан болады. Жастар арасында қатерлі ісік сирек кездеседі. Адам мәңгі жасайтын болса, бәрімізден әйтеуір бір кезде қатерлі ісік табылар еді. Тірі ағза жасушаларының табиғаты сондай.

Дамыған елдерден соны көріп отырмыз: оларда орташа өмір сүру ұзақтығы артып, тиісінше ауру саны да көбейіп жатыр. Онкологиялық аурулар қай жақта аз екенін білесіз бе? Африка мен Оңтүстік Америкада. Оларда орташа өмір сүру ұзақтығы төмен. Бірақ бұдан адамдар қорықпауы керек. Мемлекет дамыған сайын, скрининг деңгейі мен сапасы да арта береді. Ракты жаңа басталған кезінде анықтауға ұмтылуымыз керек.

Балалар мен жасөспірімдердің қатерлі ісікке шалдығуы

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Қазақстанда жыл сайын 19 жасқа толмаған 400 мың баладан онкологиялық ауру анықталады. Рактың лейкоз, мидың қатерлі ісігі, лимфома, нейробластома сияқты түрлері жиі кездеседі.

Кешенді медициналық қызмет көрсетілетін, табысы жоғары елдерде балалардың 80 пайызы ауруынан айығып кетеді. Табысы орташа немесе төменгі елдерде 30 пайызы ғана аяққа тұрады.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жылда елде 600 балаға рак диагнозы қойылады. Ресми дерек бойынша, науқастардың 70 пайызы жазылып шығады.

Балалар рагын скрининг көмегімен анықтап, алдын алу мүмкін емес. Америкалық онкологиялық қауымдастықтың дерегінше, баланың денесінде кішкене төмпешік немесе ісік пайда болса, күш-қуаты кеміп, беті бозарып, үнемі денесінің бір жері ауырса, аяғын ақсаң басып, себепсіз қызуы көтерілсе, ұзақ ауырса, басы ауырып, құсса, көру қабілеті нашарласа, жүдей бастаса, дереу дәрігерге қаралу ауруды ертерек анықтауға септеседі.

СКРИНИНГ ТҮРЛЕРІ МЕН ЖИІЛІГІ

- Қазақстанда ерте диагностика деңгейі төмен екені рас па?

- Елімізде қатерлі ісікпен ауыратын науқастардың 60-65 пайызы емдеуге жіберіледі. Бұл – онкологияның дер кезінде анықталған, бірінші, екінші кезеңі. 20 пайызы – емдеуге келмейтін науқастар, оларға операция жасауға болмайды. Олар бір жылға дейін ғана өмір сүреді. Қалған науқастардың да жағдайы ауыр, бірақ олардың өмірі үшін әлі де әртүрлі әдіспен күресуге мүмкіндік бар.

- Диагнозын ерте біліп, уақытылы ем алатын науқастар санын көбейту үшін не істеу керек?

- Дер кезінде медициналық көмекке жүгінген науқастардың 10 пайызы онкологиялық диспансерге емханадағы скринингіден келеді. Онкология белгілерімен келгендердің көбінде аурудың үшінші, төртінші кезеңі анықталады. Скрининг маңызды, салалық мамандарға да жылына бір рет барып тұру керек. Өйткені қатерлі ісіктің ерте кезеңінде ағзада еш өзгеріс байқалмайды.

Қазір әр емханада учаскелік дәрігерге келген адамды жіберетін скрининг бөлмесі бар. Көбі ол жаққа барғысы келмейді. "Жүрегім ауырып тұр, кардиологқа жолдама алуға келдім. Скрининг бөлмесіне неге уақыт кетіруім керек?" дейді. Былтыр Павлодар облысында онкологиялық ауруы бар 200 науқастың диагнозы дәл осы скрининг кезінде анықталды. Яғни тексерілуге барған адамдар онкологиялық ауруы барын білмеген де, деніміз сау деп ойлаған. Өз денсаулығымызға өзімізден артық ешкім қарамайды, сондықтан скринингіге көзқарас өзгеруі керек.

- Скринингіден өту жиілігі қандай болуы керек?

- Қазақстанда скринингінің үш түрі бар. Жатыр мойны обырының скринингісі 30-70 жас аралығындағы әйелдерге жүргізіледі. Төрт жылда бір рет әйелдің жыныс мүшесінен сынама алынып, цитологиялық зерттеуге жіберіледі. Омырау рагына 40-70 жас аралығындағы әйелдерді екі жылда бір рет тексереді. Тоқішек рагының скринингісі 50-70 жас аралығындағы ерлерді қамтиды. Екі жылда бір рет нәжісте қан бар-жоғын анықтау үшін тексеріліп отыру керек. Бұл – медициналық сақтандыруға кіретін тегін сараптама түрі.

Рактың жоғарыда аталған түрлері Қазақстан мен ТМД елдерінде жиі тіркеледі. Қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың 70 пайызында осы үшеуінің бірі кездеседі.

- Скринингіден жиірек өтуге бола ма? Аталған жас тобына кірмейтін азаматтар ше?

- Өз ақшасына скринингіден өтуіне болады, бірақ мұның қажеті бар ма? Дәрігерлер ауру статистикасына негізделген скринингінің тиімді кестесін жасап шығарды. Сондықтан бұл ережеден ауытқуға еш себеп жоқ.

Бірақ жылына бір рет сала мамандарына қаралып, емханадағы скрининг бөлмесіне барып тұруға болады. Мысалы, қыз-келіншек еш жері ауырмаса да, жыныстық серігі болмаса да, жылына екі рет гинекологке көрініп тұруы керек. Кез келген адам жылына бір рет бүкіл ағзасын тексерістен өткізуге тиіс.

- Рактың алдын алуға бола ма?

- Қауіп факторларына оралайық: зиянды әдеттерден арылып, жұмыс кестесін түзеп, стреске жол бермейміз. Спортпен айналысамыз, көп қозғалып, дұрыс тамақтанамыз.

Қазір Қазақстанда жатыр мойны обыры мен шырышты қабаттардағы рактың алдын алу үшін адам папиллома вирусына қарсы вакцинация жүрейін деп жатыр. Бұл да – онкологиялық ауруды болдырмайтын тиімді шаралардың бірі.

Маска таққан пациент сәуле терапиясын қабылдап жатыр.
Маска таққан пациент сәуле терапиясын қабылдап жатыр.

ОНКОДИСПАНСЕРДІҢ ЖҰМЫСЫ ТУРАЛЫ

- Онкодиспансерге қатысты "Онкологтің қабылдауына кіру қиын, операцияға жатқызбайды" деген шағымдар бар. Бұл туралы не айтасыз?

- Рак болуы мүмкін деп күдіктеніп, уайымдап жүрген адамдарды түсінемін. Бірақ әркімнің жағдайы әртүрлі. Сондықтан бүгін диагноз қойылса, ертең операцияға жатқыза алмаймыз. Науқасты қарау кезінде онкология белгілері анықталса, үш күн ішінде жалпы практика дәрігеріне барады. Дәрігер бес күн ішінде науқасты қарап, қажет болса, онкологке жібереді. Онколог сала мамандарына жолдама беруі мүмкін. Осылай бас-аяғы 18 күн ішінде науқас онкодиспансердің қабылдауына кіреді. Онкодиспансер тағы да диагностика жүргізеді. Емдеу хаттамасын дайындау үшін 30 күн уақыт керек.

- Емделу үшін бір ай күту деген қорқынышты естіледі екен...

- Онкология үшін 30 күн деген – ештеңе емес. Рак бірден пайда болмайды, науқастың әр күні санаулы болса, демек, ол аурудың соңғы кезеңінде жүр. Ондай кезде ем көмектеспейді. Ал тексеру үшін бір ай уақыт кетеді. Тиімді ем ұсыну үшін асықпай тексеру қажет. Аурудың кезеңін дұрыс анықтаған өте маңызды. Дәрігерлер метастаз басталды ма, қай органдарға жетіп қалды, бәрін білуге тиіс. Түйдей құрдас, рактың бірдей түрімен ауыратын және ауру кезеңі сәйкес келетін адамдардың өзіне бірдей емдеу әдісін қолдана алмаймыз. Ағзасындағы ерекшеліктерді ескере отырып, әркімге жеке емдеу әдісі жазылады. Емдеуге келмейтін кезеңге өтіп кеткен науқастар болады. Оларға операция жасап немесе емдейміз десек, тірі жасушаларын өлтіріп аламыз. Ем алмаса, 6-8 ай өмір сүретін де шығар, ал еммен 2-4 ай ғана уақыты қалады. Бұл жерде тексеріс қорытындыларына қарау керек. Иә, адамдар рактан қайтыс болады, кей адамдарға ем көмектеспейді. Сондықтан ауру белгілерін күтпей, дәрігерлерге жиі қаралып тұрыңыздар деп кеңес береміз.

- Онкодиспансерлерге "науқасты үйде өлсін деп қайтарып жіберді" деген айып жиі тағыла ма?

- Аурудың соңғы кезеңіндегі науқастарға мобильді топ барып, дәрі-дәрмек салып кетеді. Бұл аурудан жазылып кетуге мүмкіндік бар дегенді білдірмейді. Дәрі ауырсынуды басуға ғана көмектеседі. Психологтер барып сөйлеседі, моральдық тұрғыдан қолдап, кәсіби көмек береді.

Онкодиспансерлер құтқарып қалуға болатын адамдарды ғана емдейді. Одан бөлек, емдеуге келмейтін науқастарға паллиатив көмек беретін хоспистер бар. Олар симптоматикалық терапия жүргізіп, ауырсынуды басу үшін наркотик дәрі салады. Көбі жақын адамының көз алдында жаны қиналып, үзіліп бара жатқанын көргісі келмейді. Сондықтан хосписке алып кетуді сұрайды.

РАКПЕН КҮРЕС ЭВОЛЮЦИЯСЫ ТУРАЛЫ

- 30 жылдан бері осы салада істейсіз. Осы уақыт ішінде онкологиялық аурулармен күресте не өзгерді?

- Әр бағыт бойынша өте үлкен қадамдар жасалды. Хирургия туралы айтсақ, бәрі түбегейлі өзгерді деуге болады. Еңбек жолымды жаңа бастаған кезде омырау рагына операция жасағанда, көкірек безін ғана емес, бұлшықетін де алып тастайтын. Қазір операция кезінде тіндердің көп бөлігін сақтап қалады. Бұрын Қазақстанда химия терапиясына арналған үш препарат қана бар еді. Қазір аурудың соңғы кезеңдерінің өзінде көмектесетін дәрі-дәрмек бар.

Әрине, көп нәрсе науқастың ағзасына да байланысты. Метастаздары көбейіп, қоларбамен келген науқас бұрын 3-4 ай өмір сүретін болса, қазір қатерлі ісіктің дамуын тоқтататын терапияның арқасында төрт жылға дейін өмір сүрген кезі болған. Операцияның ауқымы кеңейіп, рактан болатын өлім санын барынша азайтуға тырысып жатырмыз.

Тағы да қайталаймын, мәселе ауруда емес. Ерте диагностика мен емдеу тиімділігін арттыруға жұмыс істеуіміз керек. Бұл – мамандар мен науқастардың ортақ жұмысы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG