Accessibility links

"Тағы бір ай өмір сүру үшін..." Ракқа қарсы күрес күні науқастар Тоқаевқа үндеу жолдады


Қазақстанда жыл сайын ракқа шалдыққандар саны өсіп келеді.
Қазақстанда жыл сайын ракқа шалдыққандар саны өсіп келеді.

4 ақпан қатерлі ісікке қарсы бүкіләлемдік күрес күні. Қазақстанның онкологиялық диспансерлерінде 180 мың адам есепте тұрады. Жыл сайын 30 мың адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады. Онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар пандемия кезінде қандай мәселелерге тап болғанын, уақтылы берілмеген дәрі-дәрмек пен істен шыққан аппараттардан денсаулығына қандай залал келгенін айтып, президенттен көмек сұрады.

"ОНКОЛОГИЯЛЫҚ АУРУҒА ШАЛДЫҚҚАН НАУҚАСТАРДА ЕШКІМНІҢ ШАРУАСЫ ЖОҚ"

"Қасым-Жомарт Кемелұлы мырза, денсаулық сақтау министрлігін қашан тәртіпке саласыз? 2016 жылдан бері үш министр, қаншама вице-министр ауысты, ал онкологиялық науқастарға арналған дәрі-дәрмек мәселесі сол күйі шешілген жоқ. Онкологиялық ауруы бар науқас емді тоқтатып, дәрі-дәрмексіз қалса, не болатынын бәрі түсінетін шығар?!"

Бүкіләлемдік қатерлі ісікке қарсы күрес күні қарсаңында онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар әлеуметтік желіде Қазақстан президентіне осындай үндеу жариялап, дәрі-дәрмекке қол жеткізу қиындығы және науқастарды тексеруге арналған аппараттардың тапшылығы мәселесін көтерді.

Онкологиялық ауруға шалдыққан науқастардың атынан жарияланған үндеудің авторы, Алматы тұрғыны Елена Калякина үзбей ішуі керек дәрі-дәрмектің уақытылы берілмейтінін айтады. Мысалы, қазір "Тафинлар" және "Мекенист" препараттары кешігіп жатыр. Бұл дәрілерді бірге ішпесе, ағзаға әсері болмайды. Елена аталған препараттарды екі жылдан бері ішіп жүр. Бұл дәрі Қазақстанда тіркелгенге дейін Елена оны өз қалтасынан ақша шығарып, сатып алатын. Бір дәрі екі миллион теңге тұрады. Оның өзін Мәскеуден алдырып ішкен. Кейінгі екі жылда Қазақстанда аталған дәрілер мемлекет есебінен тегін беріле бастаған. Бірақ науқастар бұл дәрілердің тұрақты берілмейтінін айтады.

Елена Калякина
Елена Калякина

– Бұл препаратқа жарты айдан бері қол жеткізе алмай жүргендер бар. Дәрі кешігіп жатыр. Жақында онкологиялық диспансерге баруым керек, бірақ препарат жоқ. Дәрі жақын уақытта келмейтін сияқты, өйткені ешкім уақытын нақты айтпайды. Бүкіл Қазақстандағы жағдай – осы. Олар (шенеуніктер) жауапкершілікті бір-біріне ысырып отыр. Онда медициналық сақтандыру қоры не үшін құрылды? Бізге "бәрі уақытылы беріледі" деді, бірақ бәрі басқаша болды. Онкологиялық ауруы бар науқастарда ешкімнің шаруасы жоқ, коронавирустан басқа ештеңені көрмей отырған сияқты. Өміріміз қыл үстінде тұр. Дәрігерлердің кінәсі жоғын білемін, бәрі жоғары жақтан болып отыр. Түсінгенім, мәселені қоғам назарына шығармай, ештеңе шешілмейді екен. "Тағы бір ай өмір сүру үшін дәрі беріңдерші" деп қашанғы жалынуға болады? Бұл препаратты ішуді тоқтатқан кезде метастазалар екі есе жылдамдықпен өсе бастайды. Дәріні 10 күнге кешіктіріп ішкеннің өзінде не болары белгісіз, – дейді Елена Калякина.

"РАКҚА ШАЛДЫҚҚАН НАУҚАС ҮШІН ДӘРІНІ КЕШІКТІРУ ӨЛІММЕН ТЕҢ"

Ақтөбеде тұратын екінші топ мүгедегі, онкологиялық науқас Николай Гаврилов пандемия мен карантин кезінде дәрінің уақтылы жеткізілмеуінен денсаулығы нашарлағанын айтады. Ол екі рет терапиядан өте алмай қалған. Осыдан метастазалардың көлемі үлкейген. Николай қиын кезде дәріге қол жеткізудің әуресі туралы күн сайын әлеуметтік желідегі парақшасына жазып отырады.

Николай Гаврилов
Николай Гаврилов

2006 жылы Николайға мидың қатерлі ісігі деген диагноз қойылған. Бірнеше жыл төсек тартып жатқан, ауыр ота жасатқан. 2017 жылы қатерлі ісік табылған соң, бүйрегін алып тастауға тура келген. Гистология нәтижесінде қатерлі ісіктің өте қауіпті түрі анықталып, науқас иммунотерапиядан өтуге жіберілген, бірақ дәрі өте қымбат болып шыққан. 2019 жылы метастаза өкпеге өтіп, химиотерапия алған. Николай дәрілік препараттарға қол жеткізу қиын екенін айтады. Сөзінше, жыл соңында дәрі таусылып, оған тапсырыс беру тек жаңа жылдан кейін ғана басталады, ал науқастардың препаратты өз қалтасынан сатып алудан не тегін дәріні күтуден басқа амалы жоқ.

– Дәрігерлердің бәрін коронавирусқа қарсы күреске салды. Ал онкологиялық ауруы бар науқастармен жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Шын мәнінде онкологиялық ауру бойынша өлім көрсеткіші коронавирустан да жоғары. Былтыр [пандемия кезінде] дәрі-дәрмек үш айға кешікті, екі ай химиотерапиядан өте алмай қалдым. Үшінші айда әлеуметтік желіге жағдайымды жазып, көмек сұрадым. Адамдар дәріге ақша жинап берді. Онсыз өліп кетер едім. Бір дәрі 600 мың теңге тұрады. Ал маған екі қорап дәрі керек болды, екінші дәрінің бағасы – 900 мың теңге. Биыл дәріні екі ай күттім, бір апта бұрын ғана келді. Онкологиялық ауруы бар адам үшін дәріні кешіктіру өліммен тең. Дер кезінде химиотерапия алмағандықтан, метастазалардың көлемі үлкейіп кетті. Былтыр бір танысым химиотерапиядан қайтыс болды. Оның ағзасындағы тромбоцит, лейкоцит сияқты барлық көрсеткіш түсіп кеткен, ал оларды қалпына келтіріп, науқастың жанын сақтап қалатын препарат болмаған, – дейді Николай.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Оның айтуынша, химиотерапияға арналған дәрілерді мемлекет береді. Ал қалғанын, мысалы, химиотерапияның кесірінен қызметі нашарлайтын бауырға арналған дәріні науқастардың өзі сатып алады.

"БІР-БІРІМІЗГЕ ДӘРІ БЕРІП, КӨМЕКТЕСУГЕ ТЫРЫСАМЫЗ"

– Пандемия деген – сұмдық. Енді коронавирусқа тест тапсыру қосылды. Онсыз да бар ақшасын тегін берілмейтін дәрілерге жұмсайтын онкологиялық ауруы бар науқас үшін тест тапсыру да қосымша шығын. Әйтеуір, достарымыз, көмек беріп тұратын еріктілер бар. Онкологиялық ауруы бар науқастар бір-бірімізге көмек қолын созып тұрамыз. Бүгін біреу маған дәрісін береді, ертең мен бөлісемін. Менде қазір "Гептрал" (бауыр мен миға арналған дәрі) таусылды, жақын күндері оны бұрын менен дәрі алған адамдар әкеліп береді. Әлемде жақсы адамдар көп. Ақтөбеде жарты жылдан бері томограф (МРТ) жұмыс істемейді, ал ол өте маңызды. Қымбат тұратын аппарат бұзылып қалған, соны жөндей алмай отыр. Қызық, – дейді Николай Гаврилов.

Нұр-Сұлтан қаласында тұратын зейнеткер Ирина З. онкологиялық аурудың әуресімен бұрыннан таныс. Оның сүт бездерінен қатерлі ісік табылған. Зейнеткер ісікке қарсы дәрілерді үзбей ішуі керек. Төрт жыл бұрын зейнеткердің денсаулығы нашарлай бастаған. 2018 жылы туыстары өз қаржысы мен демеушілердің ақшасына шетелден Қазақстанда тіркелмеген жаңа препарат алғызған. Дәрі жақсы әсер еткен. Бір айға ғана жететін бір қаптаманың бағасы екі мың евродан асады. Зейнеткерге бұл дәріні бірнеше рет сатып алып берген. 2019 жылы бұл дәрі Қазақстанда тегін беріле бастаған. Бірақ пандемия кезінде дәрілік препараттарды жеткізу қиындаған.

– Қазақстанда бұл дәрі беріле бастағанда ерте қуанған екенбіз. Наурызда карантин басталды, содан үш ай бойы (наурыз, сәуір, мамыр) дәрі болмады. Оны тағы да Германиядан алдыруға мәжбүр болдық. Кейін дәрі беріле бастады, ал жыл соңында қараша, желтоқсан, қаңтар айларында қайтадан препаратқа қол жеткізе алмай қалдық. Дәріні арнайы рецепт бойынша белгіленген күндері үзбей ішу керек. Адам күтіп қалмауы керек, әйтпесе, денсаулығы нашарлап кетуі мүмкін. 25 қаңтарда тағы бір айға ғана дәрі берді. Анам ішуі керек тағы бір ісікке қарсы дәрі де уақытынан кешігіп жатыр. Ол дәрі желтоқсанда да, қаңтарда да берілген жоқ. Өзіміз іздеп, интернеттен Алматыдағы бір фирмадан таптық. Олар төрт күнде жеткізіп берді. Екі инеге 255 мың теңге төледік. Бұл инені ай сайын кесте бойынша салғызу керек. "СК-Фармация" компаниясына хабарласып "дәрі қайда?" деп сұрадым. "Өндіруші кешіктіріп жатыр. Ақпанның ортасында онкологиялық диспансерлерге түседі" деді. Енді күтіп отырмыз, – дейді зейнеткердің қызы Әлия.

"ТЕРІДЕГІ ҚАЛ ӨЗГЕРІП, ҚАНАЙ БАСТАҒАН"

Қызылордада тұратын, аты-жөнін көрсетпеуді сұраған ракқа шалдыққан науқас сырқатына көндігу қиын екенін, бұл туралы айтқысы келмейтінін білдірді. Оған "терінің беткі қабатына таралатын меланома", басқаша айтқанда, терінің қатерлі ісігі деген диагноз қойылған. Оның терісіндегі қалы өзгеріп, қанай бастаған. Пандемия кезінде Алматыда тексеруден өтуі керек еді. Бірақ блокпостарға байланысты қалаға кіру қиындаған. Ол үш ай сайын ПЭТ/КТ аппаратынан (науқастың ағзасында қатерлі ісіктің таралу деңгейін көрсететін сәулелік диагностика әдісі) тексеруден өтуі керек. Бүкіл Қазақстан бойынша мұндай үш қана аппарат бар.

– Біз жиі бақылаудамыз. Ем жазып берген жоқ. Әкеме мүгедектігі жөнінде құжат алып бергіміз келген. Бірақ терапиядан өтпеген деп тіркеуге алмай отыр. Яғни, әкем мүлде емделмеді. Үш ай сайын ПЭТ/КТ аппаратымен тексеруден өтеміз. Осы жолы Алматыдағы аппарат істемей қалғанын естідік. Ал біз 1 ақпанға жазылып қойып едік. Бұл аппарат – басқа өңірде тұратын адамдар үшін үлкен мәселе. Науқастар не Алматыға (қазір ол жақтағы аппарат істен шыққан), не Нұр-Сұлтанға баруға мәжбүр. Сонда бұл аппарат соншалық қымбат тұра ма?! – дейді әкесі қатерлі ісікке шалдыққан Тахир Жорабаев.

"НАУҚАСТАР "МАҒАН ДӘРІ БЕРІҢДЕРШІ" ДЕП СҰРАМАУЫ КЕРЕК"

Қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың бастамасымен құрылған "Өмір үшін бірге" қорының өкілдері өңірлерде тұратын азаматтар көбіне мемлекет тарапынан тегін берілуі тиіс ем-шаралар туралы біле бермейтінін айтады. Қор басшысының сөзінше, онкологиялық ауруы бар науқастардың заңда жазылған құқықтары дұрыс қорғалмаған.

– Ақпараттық жұмыс дұрыс жүрмейді, науқастарға ақпарат жетпейді. Көбіне тіпті дәрігерлердің өзі жақсы білмейді. Қазақстандық медицина дәрілік препараттармен жақсы қамтылған. Бірақ бізде бюрократиялық кедергілер көп. Қоғамның арқасында кей мәселелерді шешуге мүмкіндік туады. Басты мәселе дәрі-дәрмекті жергілікті жерге дейін жеткізуде болып отыр. Науқасқа дәрі жоқ десе, көбі үндемей кетіп қалады. Науқастар "Маған дәрі беріңдерші" деп сұрамауы керек. Тағы бір мәселе, Қазақстанда тіркелмеген препараттарды сатып алуға болмайды. Екі жылдан бері осы мәселені көтеріп келеміз. Жыл соңына қарай көп аппарат істен шықты, бұл науқастарға қиындық туғызып отыр. Тексеруге мыңдаған километр жерден келетін адамдар бар, – дейді онкологиялық ауруы бар науқастарға көмек көрсетумен айналысатын қор басшысы Әсия Маханова.

Әсия Маханова
Әсия Маханова

Бүкіләлемдік қатерлі ісікке қарсы күрес күні қор өкілдері Қазақстанда науқастардың бастамасымен құрылған ұйымдар жұмыс істеп, онкологиялық қызметте бәсеке артып, барлық процеске, мысалы, дәрі-дәрмек жеткізуге жауапты орган болса деген тілек білдірді.

ОНКОЛОГИЯЛЫҚ АУРУЛАР БОЙЫНША "КӨШ БАСТАП ТҰРҒАН" ҮШТІК

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар саны бойынша Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Түркістан облыстары көш бастап тұр. Қатерлі ісікпен ауыратын науқастар саны жыл санап артып келеді. Жыл сайын 30 мың адамнан қатерлі ісік табылып, 14 мың қазақстандық онкологиялық аурудан көз жұмады. 4 ақпан – бүкіләлемдік қатерлі ісікке қарсы күрес күні қарсаңында, Онкология және радиология жөніндегі қазақ ғылыми-зерттеу институты қазақстандықтарды онкоскринингтен өтуге шақырды. Әйелдерге жатыр мойны, сүт бездері мен ішек қатерлі ісігіне, ал 50 жастан асқан ер адамдар ішек қатерлі ісігіне тексеруден өтуі керек.

Онкология және радиология жөніндегі қазақ ғылыми-зерттеу институтының сайтында жарияланған Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың дерегі бойынша, 2019 жылы 1 шілдеде 185 878 адам онкологиялық ауруы бойынша бақылауда болған. Ашық дереккөздерде одан кейін жарияланған жаңа статистика жоқ. Онкологиялық аурулар арасында сүт бездерінің, өкпе пен ішектің қатерлі ісігі жиі кездеседі. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында қатерлі ісікке шалдығу деңгейі және одан болатын өлім көрсеткіші жоғары. Ауру пайда болғаннан кейін бес жылға дейін өмір сүретін науқастардың үлесі 51 пайызға артқан. Бірақ Қазақстанда қатерлі ісіктің жекелеген түрлері бойынша бұл көрсеткіштер дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың дерегінше, Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеу саласында мынадай мәселелер бар:

  • Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының елдерімен салыстырғанда, қатерлі ісікті ерте анықтау деңгейі төмен;
  • Халықтың бәрі бірдей онкоскринигтен өтпейді;
  • Ауруды анықтаудың жоғары технологиялық әдістері, инновацияық емдеу шаралары мен сәулелік терапияға қолжетімділік төмен;
  • Онкологиялық науқастарды бақылауға алып, толық емдеу үшін медициналық ақпараттық жүйелердің жеткілікті деңгейде интеграциядан өтпеген; онколог мамандар тапшы;
  • Заманауи технологиялар саласында отандық ғылыми база аз.

Онкологиялық аурулар әлемдегі адам өлімінің кең таралған себептерінің бірі саналады. Дәрігерлердің болжауынша, 2030 жылға қарай жылына қатерлі ісік диагнозы қойылатын адамдар саны 23,6 миллионға дейін өсуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG