Accessibility links

Тоқаев Абай облысының әкіміне сөгіс жариялады


Абай облысындағы өрт. 8 маусым 2023 жыл.
Абай облысындағы өрт. 8 маусым 2023 жыл.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа "өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін" сөгіс жариялады. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

11 маусымда кешке қарай Абай облысында төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың отырысы өткен.

"Қателік көп. Шұғыл әрекеттің жетіспеуі, мәселеден сырт қалуыңыз осы апатқа әкелді. Өзіңіз де оқиға орнына кеш жеткеніңізді маған баяндадыңыз. Сондықтан жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілім толмайды. Түсінемін, облыс енді құрылды, сіз – жаңа әкімсіз. Осы себепті ғана сізге сөгіс жариялаймын. Негізі, мұндай қателік үшін бірден қызметтен босату керек" деді Тоқаев.

Ол "Он төрт адамнан айырылып қалдық. Бұл не сізге, ойыншық па? Олар қызметтік борышын атқара жүріп қаза тапты" деген.

Ақорданың жазуынша, Тоқаев отырыс кезінде Юрий Ильинді төтенше жағдай қызметінен босату себебін де түсіндіріп, оның "қызметтік міндетін орындауға немқұрайлы" қарағанын айтты.

Сенбі күні сәл ертерек мемлекет басшысы "министрлік және басқа да тиісті органдар апаттың ауқымы бойынша қате болжам жасаған" деп айтқан. Отырыс кезінде ол бас прокуратураға қозғалған қылмыстық іс аясында "уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекетіне нақты баға беруді тапсырған".

Ол қазіргі басты міндет "адам өмірін сақтап қалу және өртті тоқтатып, елдімекендерге таралуына жол бермеу" деп, зардап шеккен тұрғындарға көмек беруге уәде берген.

Сенбі күні отырыс өтпей тұрып Тоқаев Абай облысында өрт кезінде қаза болған 14 орманшының жақындарымен кездесіп, көңіл айтқан. Ақпаратқа қарағанда, қаза болғандардың туыстары отбасын асырап отырған жақындарынан айырылғандықтан Тоқаевтан қаржылай көмек көрсетуін сұраған. Бұған қоса, кейбір тұрғындар жол жөндеу көрмегендіктен өрт сөндірушілердің оқиға орнына баруға қиналғандарын айтқан.

Соңғы ақпаратқа қарағанда, Абай облысында орман өрті сөндіріліп жатыр. Абай облысының әкімдігінің хабарлауынша, желдің күшеюі өртті сөндіруге қиындық келтіріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG