АҚШ президенті Джо Байден сәрсенбі күні Ақ үйде Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссонмен кездесті. Екі саясаткер де таяуда Литва астанасында басталатын НАТО саммиті осы әскери-саяси одаққа кіргісі келетін Стокгольмнің өтінішін мақұлдауға "ең қолайлы уақыт" деп есептейді.
Ақ үйдегі кездесу АҚШ президентінің Еуропаға сапары қарсаңында өтті. Байден Вильнюстегі НАТО саммитіне қатысады. Алайда Швецияны НАТО қатарына қабылдауға қарсы болған Түркия оған дейін талабынан бас тарта қоюы неғайбыл деп есептейтіндер аз емес дейді Reuters.
Кристерссонмен кездесуде Байдан журналистерге Швецияның НАТО-ға "мүше болуын асыға күтіп жүргенін" айтты.
Былтыр 24 ақпанда Ресей Украинаға кең көлемді басқыншылық шабуыл бастағаннан кейін көп ұзамай Швеция мен Финляндия НАТО ұйымына кіруге өтініш берген.
Түркия мен Венгрия әзірге Швецияның өтінішін мақұлдаған жоқ. Түркия президенті Режеп Ердоған Стокгольмді Анкара "террористік ұйым" деп білетін топтардың мүшелерін паналатып отыр деп айыптайды.
АҚШ пен одақтастары Түркияның қарсылығын еңсеруге тырысып жүр деп хабарлайды "Америка дауысы". Ердоған "Күрдістан жұмысшы партиясын" жақтайтындар Швецияда шерулер өткізуді және Түркия билігі "террористік" деп есептейтін ұйымдарды қаржыландыруды жалғастырып отыр деп наразы.
Өткен айда Швеция өзінің терроризмге қарсы заңдарын күшейтіп, экстремистік ұйымдарға қатысқаны үшін жауапқа тартылғандар сегіз жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамау туралы өзгерістер енгізген.
ПІКІРЛЕР