Accessibility links

Мәслихат депутаты Түркістанда пантеон салу мәселесі "Аманаттың" жиынында талқыланғанын айтты


Пантеонға кімдер жерленеді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:16 0:00

Пантеонға кімдер жерленеді? Астана пантеоны туралы сюжет. 2018 жыл

"Аманат" партиясының мүшесі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалима Жантөреева Түркістан қаласының маңынан ұлттық пантеон салу мәселесі "Аманат" партиясының жергілікті жиынында талқыланғанын айтты.

Азаттық тілшісімен сөйлескен депутат Қалима Жантөреева пантеон салу туралы ұсынысты таяуда "Aманат" партиясы мәслихат депутаттарының республикалық бірінші форумында баяндап, ұлттық экономика министрлігіне ресми депутаттық сауал қойған.

Жантөрееваның бұл ұсыны жергілікті БАҚ-қа жарияланған. Онда Жантөреева:

- 29 маусым күні Астанада өткен "Аманат" партиясы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының республикалық бірінші форумының пленарлық отырысында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа Түркістан қаласында пантеон салу бойынша ел аманатын ауызша жеткізіп, депутаттық сауалымды ұсындым. Бұл ұсыныс "Аманат" партиясының Түркістан облыстық филиалы жанындағы мәдениет пен өнерді қолдау жөніндегі "Мирас" кеңесінде талқыланған болатын", – деп көрсеткен.

Ашық ақпараттарға қарағанда, "Аманат" партиясының жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі "Мирас" кеңесін мәжіліс депутаты, "Аманат" партиясының мүшесі, айтыс ақыны Аманжол Әлтай басқарады.

Қалима Жантөрееваның Азаттық тілшісіне айтуына қарағанда, пантеон салу идеясын осыдан 4 жыл бұрын жергілікті ақсақалдар көтерген. Ұмыт бола бастаған ұсыныс биыл кезектен тыс өткен мәжіліс және мәслихат сайлауы алдындағы үгіт-насихат кезінде қайта айтылған.

Депутаттың сөзінше, пантеон орны ретінде Түркістан қаласына кіре берісте Түркістан-Шәуілдір тас жолының бойындағы 50 га жерді таңдау, жерлеу орындарынан өзге музей де салу туралы бейресми бастамалар қазірдің өзінде бар.

- Бұл - жоба, ұсыныс қана. Пантеонға Алаш арыстарынан бастап ұлт зиялыларының топырағы әкелініп, басына қойылған тасқа олардың өмірбаяны мен еңбегі жазылса деймін. Жоба біреуге ұнауы, біреуге ұнамауы мүмкін,- дейді депутат Азаттыққа.

Жантөрееваның сөзінше, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы оған " ұсынысыңыз арнайы жиында қаралады" деген ресми жауап қайтарған.

- Пантеонға қала, облыс әкімдерін, мәжіліс, сенат депутаттары болғандарды жерлеу деген ой жоқ. Кімді жерлеу керек екенін қоғам өзі шешуге тиіс,- дейді мәслихат депутаты.

Түркістан қаласында пантеон салу туралы ұсыныстар 2018 жылы Түркістан облысы құрылғанда айтыла бастаған.

2011 жылдары парламенттің бұрынғы депутаты Ирак Елекеев Қазақстан премьер-министрі мен Астана қаласы әкіміне сауал жолдап, Астанада ұлттық пантеон салу мәселесін алғаш рет көтерген еді. Бұл идея Қазақстанның мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов сүйегінің күлі Мәскеуден әкелінген соң туғанын айтқан.

2013 жылы қараша айының соңында Астана қаласы әкімдігі ұлттық пантеонның үздік жобасына конкурс жариялап, артынша Астанадан 20 шақырым жерде, Қабанбай батыр кесенесі маңына салу туралы шешім қабылданған.

2017 жылы мамыр айының соңында Қазақстан үкіметі Астана маңындағы Ұлттық пантеон туралы ереже бекіткен. Бұл ережеде "Ұлттық пантеон - мемлекеттің, ғылымның, мәдениеттің аса көрнекті қайраткерлерінің, ел дамуына үлес қосқан тұлғалардың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында негізі қаланған, мемориалдық маңызы бар нысан" деп жазылған.

Ережеде "пантеонға Қазақстан президенттері және олардың отбасы мүшелері; премьер-министрлер мен орынбасарлары; парламент палаталары төрағалары мен орынбасарлары; мемлекеттік хатшылар, президент әкімшілігі басшылары; конституциялық кеңес, жоғарғы сот, ұлттық банк төрағалары; министрлер; президентке тікелей бағынатын мекемелер басшылары, облыстар, республикалық маңыздағы қала және Астана әкімдері; "Халық қаһарманы", "Қазақстан еңбек ері" атағы бар, "Алтын қыран", "Отан", "Қазақстанның тұңғыш президенті", үш дәрежелі "Еңбек даңқы" ордендерімен марапатталған; "Совет Одағы батыры", "Социалистік еңбек ері" және "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" атағына ие болған азаматтар; Қазақстан президентінің ерекше шешімімен басқа да азаматтар; пантеонда жерлеуге жататын тұлғалармен олардың кейін қайтыс болған жұбайлары жерленуі мүмкін" деп көрсетілген.

Бұған қоғамда түрлі пікір айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG