Accessibility links

Түркімен билігі халық санын жариялады. Оған шетелге көшкендерді де қосқан


Азаттық сөйлескен адамдар Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов халық санағы бұрмаланғанынан хабардар дейді.
Азаттық сөйлескен адамдар Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов халық санағы бұрмаланғанынан хабардар дейді.

Түркіменстандағы халық санағының нәтижесі бойынша, елде 7 миллион адам тұрады. Бірақ түркімендердің көбі бұл ақпаратқа сенбейді. Олар билік кейінгі жылдары халық саны күрт кемігенін жасыру үшін деректерді бұрмалап отыр деп есептейді.

Түркіменстанда өткен халық санағы ел азаматтарының саны 7 миллионға жеткенін көрсетті. Бірақ жергілікті жұртшылық бұл ақпаратқа күмәнмен қарап, билік халық саны азайып бара жатқанын жасырғысы келеді дейді.

Елдегі демографиялық дағдарысқа кедейлік, жұмыссыздық, жемқорлық пен саяси қуғын-сүргін себеп. Көп адам жақсы өмір мен қауіпсіздік іздеп, басқа мемлекеттерге көшіп кеткен.

2022 жылы желтоқсанда өткен жалпыұлттық халық санағының нәтижесі бойынша, Түркіменстанда 7 057 841 адам тұрады. Үкімет ресми деректі 14 шілдеде жариялады. Бұл 2006 жылғы соңғы жария халық санағы кезінде елде 6,7 миллион адамға болған.

2021 жылы Түркіменстан үкіметіне жақын ақпарат көздері Азаттыққа анонимді түрде “2022 жылғы халық санағы алдында жүргізілген алдын-ала сауалнама қорытындысы түркімендер саны 2,8 миллионға азайғанын көрсетті” деген.

Түркіменстан билігі Азаттықтың сұрақтарына жауап бермеді.

Бұл жағдайдан хабары бар ақпарат көздері Азаттыққа билік халық санын асыра көрсетіп отырғанын айтты.

– Шын мәнінде бірнеше жыл бұрын Ресей мен Түркияға кетіп қалса да, әлі күнге мекенжайы бойынша тіркеуде тұрған азаматтарды қосқанның өзінде Түркіменстан халқының саны 4 миллионға жетпейді, – дейді ақпарат көздерінің бірі.

Ақпарат көзі “билік халық санағы нәтижесін ойдан шығарған, президент Сердар Бердімұхамедов бәрінен хабардар” дейді.

– Үкімет бұл санды ауадан алып отыр, – дейді ол.

Тағы бір ақпарат көзі билік нәтижені бұрмалап отырғанын, халық санағы кезінде заңбұзушылықтар болғанын айтты.

Азаттықтың Түркімен қызметі бұл ақпаратты рас-өтірігін тексере алмады.

ЕСЕПТЕ БАР, БІРАҚ ЕЛДЕ ЖОҚ ТҰРҒЫНДАР

Халық санағы кезінде елде тұрып жатқан немесе уақытша шетелге кеткен азаматтар ғана есепке алынуы керек. Ал басқа мемлекетке қоныс аударып, азаматтық алғандар түркімен халқының қатарына кірмейді.

Бірақ шетелде тұратын бірнеше түркімен азаматы туыстарынан халық санағы кезінде өздерінің де аты-жөнін жазып әкеткенін естіген. Олардың қатарында 2019 жылы Ресейге көшіп, азаматтық алған әкесі мен баласы да бар. Олар Түркіменстанға оралғысы келмейді.

Ашғабаттағы Ресей елшілігіне шетелге шығу құжаттарын рәсімдеу үшін келген адамдар.
Ашғабаттағы Ресей елшілігіне шетелге шығу құжаттарын рәсімдеу үшін келген адамдар.

– Әйелім мен екі қызым Түркіменстанда қалды. Желтоқсанда өткен халық санағы кезінде билік өкілдері үйімізде 5 адам тұрады деп жазып кетіпті. Ұлым екеуіміз қанша жылдан бері шетелде тұратынымызды айтса да, бізді Түркіменстан халқына қосып тіркеген. Бірақ турасын айтсақ, Түркіменстандағы тұрғылықты мекенжайымыздан шығаруды сұрап, өтініш бермедік. Түркіменстан азаматтығынан да бас тартпадық, – деді ол.

Түркіменстан билігі елде халық саны азайып бара жатқанын ресми мойындаған емес.

– Бірақ кейінгі жылдары халық саны азайғанын растайтын ресми дерек көп. Мәселен, соңғы жарияланған ресми статистикаға сәйкес, жыл сайын Түркіменстанда 80 мың оқушы мектеп бітіреді. 2009 жылы олардың саны 115 мың еді. Үкімет оқушыларға емтихан тапсыруға мүмкіндік бермей, әскерге алып кетеді. Бұл да әскерге адам жетпей жатқанын көрсетеді, – дейді шетелде тұратын түркімен саясаттанушысы Сердар Айтақов.

Дамыған елдердің көбінде халық санының азаюы мәселесі бар. Бірақ бұл көбіне туу көрсеткішінің төмендеуімен байланысты. Ал Түркіменстаннан кейінгі он жылда көп адам басқа елдерге көшіп кеткен.

2012 жылы Ашхабадта жалпыұлттық халық санағы өтті. Бірақ нәтижесі сол күйі жарияланған жоқ. Үкіметке жақын ақпарат көздері “билік халық саны күрт кеміп кеткенін мойындағысы келген жоқ” дейді.

– 2019, 2021 жылдары үкімет тағы екі сауалнама жүргізді. Екеуі де халық саны азайып бара жатқанын көрсетті, – деді осы мәселемен таныс ақпарат көздері.

Ақпарат көзінің дерегінше, 2019 жылғы санақ 2008-2018 жылдары аралығын қамтыған. Санақ нәтижесінде 2 миллион адамның шетелге қоныс аударғаны анықталған.

– Олар шетелге тұрақтап қалуға немесе жұмыс істеуге кеткен, – деді ол. Бірақ мигранттар мен шетелде оқитын студенттер олардың қатарына кірмейді.

2022 жылғы халық санағының алдында Түркіменстан билігі азаматтардың шетелге шығуына кедергі жасаған. Студенттерді шетелге ұшатын рейстерден түсіріп алғаны туралы ақпарат та тараған.

2022 жылы отбасын көруге немесе төлқұжатын жаңартуға келген мигранттар шетелде жүруге рұқсат қағазы бола тұра, жұмысына орала алмады.

Түркіменстан азаматтары мұны биліктің халық санағы кезінде адам санын көбейтуге талпынысымен түсіндіреді.

Азаттықтың Түркімен қызметі

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG