Accessibility links

Ақтөбеде дизель қымбат деген фермерлерді әкімдік "басқа облыстардан арзан" деп жұбатуға тырысты


Дизель отынын арзандатуды талап етіп тұрған шаруалар. Ақтөбе қаласы, 24 шілде 2023 жыл
Дизель отынын арзандатуды талап етіп тұрған шаруалар. Ақтөбе қаласы, 24 шілде 2023 жыл

24 шілдеде Ақтөбе қаласындағы фермерлер қауымдастығы кеңсесінің алдына жиналған отыз шақты фермер дизель отынының қымбаттағанына наразылық білдірді.

Шаруалар Астанаға хат жолдап, жеңілдікпен берілетін дизель отынын арзандатуды талап етпек.

- Көктемде сәләркіні 207 теңгеден алдық. Қазір 265 теңге болды. Бір тонна сәләркінің шығын жабу үшін төрт тонна бидай сатуым керек екен. Көктемгі, күзгі жұмыстарды қоса есептегенде шаруашылығыма 300 тонна дизель отыны керек. Оған механизаторлардың жалақысын, тамағын, салықты қосыңыз. Қосалқы бөлшек те қымбаттап жатыр,- дейді Хромтау фермері Мақсат Лиманов.

Ақтөбе облысының Алға ауданынан келген Арыстанбек Құлбаланың сөзінше, ол осыдан бес жыл бұрын трактордың насосын 7 мың теңгеден алып жүрген. Тап сол бөлшек қазір 55 мың теңге.

-Былтыр күзде жеңілдікпен берілетін дизель отыны 191 теңге болды. Ал биыл күзде 265-тен бір-ақ шығып отыр. Қымбатшылық осы күйі кете беретін болса, мал ұстай алмаймыз. Қазірдің өзінде қолдағы малдың 80-85 пайызын сатуға шығарып отырмын. Өйткені, малға азық дайындау керек. Ал сәләркі қымбат. Еттің бағасы өзгерген жоқ. Сиыр етінің келісін алыпсатарларға 1800-1900 теңгеден беріп жүрміз. Табысымыз шығынымызды ақтамайды, -дейді Алға ауданындағы "Бесата" шаруа қожалығының жетекшісі Қайрат Атыраубаев.

Наразылардың сөзінше, олар шағымдарын ауыл шаруашылығы басқармасына айтқан. Басқармадағылар ауыл шаруашылығы министрлігіне, ал олар энергетика министрлігіне сілтеген.

Бүгін фермерлер қауымдастығының кеңсесіне жиналған шаруаларды сырттай бақылаушылар да көп болды. Солардың арасындағы Ақтөбе әкімдігінің өкілі "Бұл мәселемен таныспыз. Астанаға хат жолдадық" деп жауап берді.

Әкімдіктің мәліметінше, биыл күзгі дала жұмыстарына барлығы 14 мың тонна дизель отыны бөлінген. Оның сегіз мың тоннасы егіс жинауға, алты мың тоннасы мал азығын дайындаушыларға беріледі.

Әкімдік өкілі "Ақтөбеде дизель бағасы басқа облыстарға қарағанда арзандау. Мысалы, Қостанай облысында 285 теңге" деп фермерлерді сабырға шақырмақ болған. Бірақ оның сөзіне ешкім құлақ аспады. Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған отыз шақты фермер Астанаға хат жазатын болып тарасты.

Биыл сәуір айының басында Қазақстан бензиннің шекті бағасын 11 пайыз, дизель отыны бағасын 20 пайыз көтеретінін хабарлаған. Оны премьер-министр Әлихан Смайылов "Қазақстан мен көрші елдердегі баға айырмашылығын азайту үшін жасап отырмыз" деп түсіндірген.

Оның сөзінше, Қазақстан жанармайды қымбаттатпаса, алдағы уақытта тапшылық күшейе түсуі мүмкін.

– Қазақстанда дизельдің бір литрі 230-260 теңге болса, Ресейде одан 45 пайыз жоғары, яғни литрі – 345 теңге. Қырғызстанда 64 пайыз жоғары немесе 390 теңге. Өзбекстанда екі есе жоғары немесе литрі 480 теңге тұрады. Осындай айырмаға байланысты транзит көліктермен және түрлі "сұр экспорт арқылы" Қазақстан жанармайы көрші елдерге әкетіліп жатыр. Біздің арзан жанармайымыз ұлттық мүддемізге емес, көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп жатыр, – деген еді.

Премьер-министр жанармай тапшылығына жол бермеудің жалғыз жолы көрші елдермен арадағы баға айырмасын азайту деп мәлімдеген.

Премьер-министрдің сөзінен соң, 7 сәуірде Алматы облысында жүк көлігінің жүргізушілері дизельдің қымбаттауына байланысты наразылық білдіріп, Құлжа тасжолын жапқан.

25 сәуірде Атыраудағы "Аламан" базарының маңында "КамАЗ" жүргізушілері жанармайдың қымбаттауына байланысты наразылық білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG