Accessibility links

Литва Балтық теңізіндегі порттарын Украина астығын экспорттауға пайдалануды ұсынды


Ресей астық келісімінен шыққан соң Литва Балтық теңізіндегі порттарын Украина астығын тасымалдайтын балама жол ретінде Еуропа одағына ұсынды. Бұл жөнінде 24 шілдеде Еурокомиссияға жолданған хатқа сілтеп, AFP хабарлады.

Литваның үш министрі қол қойған хатта "Ресейдің астық келісімінен шығып, Одесса портын атқылап жатқаны әлемде онсыз да ушығып тұрған азық-түлік қауіпсіздігін одан сайын қиындата түседі. Мұндай жағдайда жылына 25 миллион тонна астық тасымалдай алатын Литваның Балтық теңізіндегі порттары Украина ауыл шаруашылығы өнімдерін алып шығуға сенімді балама болады" деп көрсеткен.

Өткен аптада Клайпеда теңіз портының бас директоры Альгис Латакас Литваның негізгі порты 10-15 миллион тонна астық қабылдай алатынын, бірақ Балтық теңізі жағалауына жүк жеткізу проблема екенін айтқан.

Кеше Украина президенті Владимир Зеленский Еуропа одағының кейбір елдерінен Украина ауыл шаруашылығы өнімдеріне салған шектеулерін алып тастауды ұсынған.

Болгария, Венгрия, Польша, Румыния мен Словакия Украинаның арзан астығынан рыногын қорғау үшін мамыр айында шектеу қойған. Оның күшін қыркүйекте аяқталады.

17 шілдеде Мәскеу Одесса портындағы Украина астығын Қара теңіз арқылы тасымалдау қауіпсіздігіне кепілдік беретін астық келісімінен бас тартқан. Келісімді Ресей, Түркия және БҰҰ жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG