Accessibility links

"Целлофан кигізіп, тұншықтырды". Түркістанда екі адамды "қой ұрладың" деп азаптаған 6 полицей сотталды


"Екі адамды заңсыз ұстап, азаптады" деп айыпталған алты полицей сот үкімін тыңдап тұр. Түркістан, 26 шілде 2023 жыл.
"Екі адамды заңсыз ұстап, азаптады" деп айыпталған алты полицей сот үкімін тыңдап тұр. Түркістан, 26 шілде 2023 жыл.

26 шілдеде Түркістан қалалық соты "Азаптау" және "Заңсыз ұстау" баптарымен айыпталған алты полицейді түрме жазасына кесті. Полиция қызметкерлері екі тұрғынды "қой ұрлығына айыптап", "қылмысты мойындарына алу үшін азаптаған" деп сотқа тартылған еді. Сот үкім шығарған сәтте залда шу шығып, судья мен прокурор залдан қашуға мәжбүр болды.

Судья Абай Бекботаев "Азаптау" және "Заңсыз ұстау" бабымен айыпталған полицейлер Бекзат Құдайқұл мен Азамат Мейірманды; "Азаптау" бабымен айыпталған Ерсейіт Еденов және Бексұлтан Өсербай 4 жылға соттады.

Ал Рахат Шегеев ("Азаптау" және "Заңсыз ұстау" бабы) пен Алтынбек Ажеков ("Азаптау" бабы) үш жарым жылға түрме жазасына кесілді. Сотталушылар жазасын қатаңдығы орташа түрмеде өтеуі тиіс. Алты полицей де Сауран аудандық полиция бөлімінде жұмыс істеген. Сот үкіміне сай, олар енді үш жыл құқық қорғау органдарында қызмет ете алмайды.

Түркістанда екі адамды "қой ұрладың" деп азаптаған алты полицей сотталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:20 0:00

Бұл сотқа түрткі болған оқиға 2022 жылы 8 ақпанда болған. Сол күні кешке полицейлер "екі қойды ұрлауға қатысы бар" деген күдікпен Нұрболат Өмірбеков пен Дәулеткелді Досан деген екі азаматты Сауран ауданы полиция бөліміне жеткізген. Прокурор Берік Бегалиев сотта полицейлер Өмірбеков пен Досанды "ұрып-соғып, балағаттап, басына пакет кигізіп, аяусыз азаптаған", "қылмысты мойындауға мәжбүрлеген" деді.

Сот үкіміне сай, полицейлер моральдық шығын ретінде Өмірбековке 2,5 млн теңге, Досанға 3 млн теңге төлеуі тиіс.

СОТ ЗАЛЫНДАҒЫ ШУ: СУДЬЯ МЕН ПРОКУРОРДЫҢ ҚАШУЫ

Сот үкімін тыңдауға жүзден аса адам жиналды. Сот залына сыймағандар сыртта қалды, тағы ондаған адам сот кабинетінің терезесінен қарап тұрды. Жиналғандар мен сотталушылар үкімді үнсіз тыңдады. Судья "дәлелдемелерге күмәнмен қарауға негіз жоқ" дегенде залда шу шықты.

Сот залына сыймағандар үкімді сыртта тыңдап тұр. Түркістан, 26 шілде 2023 жыл.
Сот залына сыймағандар үкімді сыртта тыңдап тұр. Түркістан, 26 шілде 2023 жыл.

Жиналғандар арасынан "ұятсыз", "соттауға бір дәлел жоқ, неге сүйеніп жаза кестің?" деп айқайлағандар болды. Судья айқайлағандарды шығарып жіберуді бұйырғанда шу одан әрі ұлғайды. Бірнеше адам "Әділетсіздік!" деді дауыстап. Айыпталушылардың туыстары "прокурорлар тергеу кезінде пара сұрады" деп айыптады. Ал сотталушылар прокурор Бегалиевтің айыптауы негізсіз екенін айтып жатқанда олардың бірі өздерін тұрған қоршаудың әйнегін сындырып, сыртқа секіріп түсті. Судья мен прокурор сот залынан қашып шығып, сотталушыларды айдауылдар мен полицейлер ұстап қалды. Әйелдер айқайлап жылап, кейбірі талып жатты. Оларға жедел жәрдем қызметі көмектесті. Сотталушыларды полицейлер қоршауға алып, сот залынан шығарды.

Үкім оқылған соң сот залында шу шықты. Түркістан, 26 шілде 2023 жыл.
Үкім оқылған соң сот залында шу шықты. Түркістан, 26 шілде 2023 жыл.

Кейін прокурор Бегалиев Азаттыққа "пара сұрады" деген өзіне қатысты айыптауды жоққа шығарды.

"27 сот отырысы болды. Бірін қалдырмай қатыстым. Бірде-бір дәлелдеме келтірмеді. Балам кінәсіз. Апелляциялық шағым міндетті түрде түсіреміз" деді сотталған полицей Бекзат Құдайқұлдың анасы Рая Құдайқұл. Оның сөзін жалғаған Рахат Шегеевтің ағасы "Інім әлі диплом алмаған еді, жедел уәкіл деп қамап тастады. Видеода даусы жоқ. Кабинетке кіріп, шыққаны үшін қамады" деді ашынып.

Ал жәбірленушілер сот үкімімен келісетіндерін жеткізді. Дегенмен үкім әлі күшіне енген жоқ, тараптардың апелляциялық шағым түсіруге мүмкіндігі бар.

"АЗАПТАҒАН КЕЗДЕ ДӘРЕТІН ЖІБЕРІП ҚОЙҒАН"

Сот тергеуі кезінде айыпталушы полицейлер істі әділ тергеуіне күмән келтіріп, прокурорға екі рет, судьяға бір рет қарсылық білдірген еді. Бірақ сот олардың қарсылығын қанағаттандырмады.

Соттағы жарыссөзде прокурор Берік Бегалиев 2022 жылдың 8 ақпанында түнде полицейлер Сауран аудандық полиция бөлімінің қызметтік кабинетінде әуелі Досанды, одан кейін Өмірбековті мәжбүрлеп алып келгенін айтты.

"Құдайқұл, Мейірман, Шегеев үшеуі Досанды бір жарым сағат шамасында балағаттап, ұрып-соғып азаптаған. Құдайқұл Досанды еденге отырғызып, қолын артқа қайырып, "скотчпен" байлаған. Басына бірнеше рет целлофан пакет кигізіп, тұншықтырған. Досан қарсылық білдіргенде Мейірман мен Шегеев оның аяғынан басып отырған. Азаптауға шыдамаған Досан мал ұрлығын мойындауға және серігі ретінде ауылдасы Өмірбеков деп көрсетуге мәжбүр болған. Құдайқұл Досанның асқазанынан ауыр соққы жасағанда ол құсып жіберген" деді прокурор сотта.

Прокурор Берік Бегалиев (сол жақта көк формада) сот залында отыр. Түркістан, 26 шілде 2023 жыл.
Прокурор Берік Бегалиев (сол жақта көк формада) сот залында отыр. Түркістан, 26 шілде 2023 жыл.

Прокурор Бегалиевтің сөзінше, үш полицей Өмірбековті де күштеп, полиция ғимаратына жеткізген. Психологиялық қысым көрсеткенде мал ұрлығын мойындамаған соң күш қолданып, азаптаған.

"Мейірман Нұрболат Өмірбековтің қолын артқа қайырып, "скотчпен" байлап, Шегеев аяғын басып, Құдайқұл басына целлофан пакет кигізіп, тұншықтырған. Осы әрекетті шамамен 15 минутта 5 рет жасаған. Өмірбеков азаптауға шыдай алмай қатты қорқып, үлкен және кіші дәретін жіберіп қойған. Ол да мал ұрлығын мойындауға мәжбүр болған. Досан мен Өмірбековті азаптауға әуелі Ажеков, артынан Еденов пен Өсербай қосылған. Олар екеуін балағаттап, сексуалдық сипаттағы сөздер айтып, психологиялық қысым көрсеткен. Еденов Өмірбековке аяқ киімін сүртуге мәжбүрлеген" деді мемлекеттік айыптаушы.

Жәбірленушілер Досан мен Өмірбеков сот процесі кезінде прокурормен келісетінін айтқан. Ал айыпталушылар сот барысында тағылған айыптарды мойындамайтынын бірнеше рет қайталаған. Олар істегі дәлелдемелер бұрмаланды, прокурорлар полицейлерді соттауға мүдделі болды деген еді.

"Сотталсам сотталайын, басымды кессе кессін. Бұл екеуінен кешірім сұрамаймын. Ешкімді азаптаған жоқпын" деген айыпталушы Өсербай сот отырысының бірінде. Оның сөзіне басқа айыпталушылар да қосылған еді.

Халықаралық ұйымдар мен қазақстандық құқық қорғаушылар Қазақстан түрмелерінде, тергеу орындарында сотталушылар мен күдіктілер азаптауға ұшырайтынын, қамаудағыларға дұрыс жағдай жасалмайтынын айтып, Астананың назарын осы мәселеге жиі аударады. Сотталушылардың я күдіктілердің жақындары да қамауда отырғандардың азапталғанын жиі айтып, дабыл қағады.

Биыл көктемде БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитетінің өкілдері Қазақстанға арнайы келіп, қамау орындарын аралап шыққан. Комитет сапардан кейін "Қазақстан түрмеге қамалғандарды азаптаудан қорғау үшін тиісті шараларды жүзеге асыруды күшейтуі керек" мәлімдеген еді.

Билік қамау орындарындағы азаптаулармен күресіп жатырмыз дегенімен шағымдар азаяр емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG