1 тамыз күні Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «төрт жасар ұлын өлтірді» деп айыпталған Артур Ахуновқа өмір бойына түрме жазасын кесті. Соттағы соңғы сөзінде ол өзге екі баласы мен жүрегі ауыратын кәрі шешесіне қамқор болғысы келетінін айтып, соттан бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Ахунов үкімді эмоциясыз тыңдады. Ол өзін кінәсіз деп санайды. Тергеу кезінде қысым жасалғанын, сол себепті өзіне тағылған айыпты мойындауға мәжбүр болғанын айтқан. Сотталушы ұлы Данил Ахуновтың өлімін «қайғылы жағдай» деп атады. Өзінің айтуынша, бұл науқастанып қалған ұлына төсек сала бастағанда, екі бауыры Данилді құлатып алған.
Сот жарыссөзі кезінде прокуратура "Жас баланы өлтіру" (Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі) бабымен айыпталған Артур Ахуновқа өмір бойғы түрме жазасын сұраған. Сот Ахуновтың қылмысы бұлтартпас айғақтармен толық дәлелденді деп санайды.
Тергеу материалдарына қарағанда, әкесі ұрып өлтірген Данил Ахуновтың сүйегі былтыр 30 желтоқсан күні Ақтөбенің шетіндегі шұңқырдан табылған. Ақтөбе тұрғыны Артур Ахунов 2022 жылғы 23 желтоқсан күні трактор жалдап, тереңдігі екі метр шұңқыр қаздырған. Тракторшыға “құрылыс материалдарының қалдығын көмемін” деген Ахунов сол күні кешкілік “қылмысын жасыру үшін” баланың сүйегін көрпеге орап апарып, көміп тастаған. Кейін полицияға хабарласып, аулада ойнап жүрген жерінен ұлының жоғалып кеткенін айтқан.
Сот-медицина сараптамасы бас сүйегіндегі ашық жарақаттан Данил Ахуновтың миына қан құйылғанын, самай сүйегінің сынғанын анықтаған. Одан бөлек баланың кеудесі мен ішінде ауыр соққының ізі болған. Тергеу Артур Ахунов төрт жасар ұлын ауыр затпен ұрған деп санайды.
"Суық өтіп, сырқаттанып қалған бала мазасызданып жылай берген. Оны көтере алмаған әкесі Данилді ұрып-соққан" дейді айыптаушы тарап.
Қырық жастағы Артур Ахунов 2022 жылғы 30 желтоқсанда ұсталып, 2 қаңтарда сот санкциясымен қамауға алынған.
Данил Ахунов – үшемнің бірі. Шешесі аналық құқығынан айырылған соң, балалар 2020 жылғы қараша мен 2022 жылғы қараша аралығында Ақтөбедегі "Үміт" жетімдер үйінде өскен. Балалардың әкесі заңды өкілі ретінде құжат әзірлеп, 2022 жылғы қарашада үшемді жетімдер үйінен алып кеткен. Данилдің өлімінен соң оның екі бауыры қайтадан жетімдер үйіне оралған.
Бала жоғалғаны туралы хабар тиісімен Ақтөбедегі Zello.Poisk еріктілер тобының елу мүшесі мен қала тұрғындары, жалпы саны жүзден астам адам Данил Ахуновты екі тәулік бойы іздеген. Баланың сүйегі 30 желтоқсан күні Ақтөбенің шетіндегі шұңқырдан табылған.
ПІКІРЛЕР