Мәскеу мэрі Сергей Собянин жексенбі күні сағат 11-лер шамасында "қалаға кіруге ұмтылған" дрон атып түсірілгенін хабарлады. Ұшқышсыз аппаратты әуе қорғаныс жүйесі қалаға жақын маңда жойды деп жазды Собянин Телеграм-арнасында.
Ресей әскері 6 тамызда Мәскеу облысының Подольск ауданында украин дронын жойғанын мәлімдеді.
Осы аралықта Мәскеудің Внуково әуежайында ұшақтарды жөнелту және қабылдауға уақытша шектеу қойылды. Әуежайдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, әуежай аумағында "Ковер" жоспары енгізілген. Ол әуеде белгісіз немесе қауіпті нысан байқалған кезде күшіне енеді. Ұшуға тиіс 11 рейс және қонбақ болған 15 рейс кешіктірілген.
Соңғы рет Мәскеуге дрондар шабуылы 30 шілде мен 1 тамызда жасалған. Сол кезде "Москва-Сити" мұнарасындағы кеңсенің алдыңғы жағы бүлінген еді.
Жексенбі күні Ресейдің Украинамен шекаралас Брянск облысында екі дрон атып түсірілген. Курск және Белгород облыстарында екі елді мекен атқылауға ұшыраған. Зардап шеккендер жоқ.
- Украина жағы әдетте Ресейдің шекаралас аумағындағы әуе шабуылдарына түсініктеме бермейді. Кейінгі кезде Украинамен шекаралас аудандар ғана емес, Ресейдің орталық аймақтары да дрондар шабуылына ұшырап жатыр.
ПІКІРЛЕР