Accessibility links

АҚШ бас прокуроры соғыс қылмысын тергейтін Украина және халықаралық қылмыстық сотпен ынтымақтастық туралы айтты


Украина бас прокуроры Андрий Костин (сол жақта) мен АҚШ бас прокуроры Меррик Гарланд
Украина бас прокуроры Андрий Костин (сол жақта) мен АҚШ бас прокуроры Меррик Гарланд

АҚШ әділет министрлігі халықаралық қылмыстық сотпен ынтымақтаса жұмыс істейді және әскери қылмыстарды тергеп жатқан Украина прокуратурасын қолдайды.

Дүйсенбіде АҚШ бас прокуроры Меррик Гарланд өзінің ведомствосы Украинаның құқық қорғау органдарына көмектесіп жатқанын растады. Гарланд бұл туралы АҚШ-тың Колорадо штатындағы Денверде Америка заңгерлер қауымдастығының алдында сөйлегенде айтты.

АҚШ бас прокурорының сөзінше, Конгресс жақында Украинамен байланысы бар шетел азаматтары жөнінде тергеу кезінде халықаралық қылмыстық сотқа көмектесуге рұқсат берген. Меррик Гарланд әділет министрлігі АҚШ-тың бұл мәселе бойынша өзге елдермен ынтымақтастығында негізгі рөл атқаратын болады деп уәде берді.

"Біз әділдікке қол жеткізіп, кінәлілерді жауапқа тарту үшін соғыстың аяқталғанын күтпейміз. Кінәлілерді жауапқа тартуға болатын сәтке дайын болу үшін халықаралық серіктестерімізбен дәлелдерді жинап, тығыз жұмыс істейміз" деді Гарланд.

Өткен айда New York Times газеті Америка шенеуніктеріне сілтеме жасап, АҚШ президенті Джо Байденнің мемлекеттік қызметтерге Ресейдің Украинадағы әскери қылмыстарына дәлел жинау бойынша халықаралық қылмыстық сотқа (ХҚС) көмектесуге тапсырма бергенін хабарлады.

New York Times газетінің ақпаратына қарағанда, Америка барлау қызметінің қолында Ресей басшыларының Украинаның азаматтық нысандары мен украин балаларын Ресейге күштеп депортациялау туралы шешімдері жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат бар.

"Америка дауысының" жазуынша, "халықаралық соттың Украинадағы агрессия бойынша қылмыстық қудалауға заңдық күші жоқ, өйткені Ресей де, Украина да Рим статутын ратификацияламаған. Оның сүтіне АҚШ та халықаралық қылмыстық соттың мүшесі емес. Сот құрылған Рим келісімі күшіне енген сәттен бастап, Америка әкімшілігі халықаралық сотқа іс жүзінде немқұрайды ұстанымда болған. Өйткені сот АҚШ-тың әскери немесе жоғары лауазымды шенеуніктерін тергеуі немесе қудалауы мүмкін деп есептеген".

АҚШ-тың халықаралық сотқа қарсылығы Дональд Трамп әкімшілігі кезінде ерекше көзге түскен. Ол Ауғанстан мен Ирактағы Америка күштері жасаған әскери қылмыстарды тергегені үшін халықаралық соттың бұрынғы бас прокуроры мен оның көмекшілеріне санкция салған.

Кейін Джо Байден әкімшілігі бұл санкцияларды алып тастады. Associated Press агенттігінің жазуынша, Ақ үйдің Украинадағы тергеулерге байланысты сотқа белсенді түрде көмектесуі халықаралық қылмыстық сотпен ынтымақтастықтың тағы бір қадамын білдіреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG