Accessibility links

Қазақстан энергетика министрі қырғызстандық майнинг-компания туралы сұраққа жауап берді


Қазақстан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қырғызстанның Шу облысындағы майнинг компания тамыздан бастап Қазақстаннан электр энергия сатып ала бастайды деген ақпаратқа түсініктеме берді. Бұған дейін мұны Қырғызстан энергетика министрі Талайбек Ибраев мәлімдеген.

Сәтқалиевтің сөзіне қарағанда, қазақстандық энергия секторы артылған электр энергияны экспорттай алады, алайда қырғызстандық майнинг-компаниямен нақты келісім жасалған жоқ.

"Қазақстанда электр энергия нарығын реформалауға байланысты Бірыңғай электр энергияны сатып алушы атты [мекеме] құрылған. Бұл электр энергиясын көтерме бағамен сататын, импорттық-экспорттық операцияларды жүзеге асыратын Қазақстан энергетика министрлігіне еншілес компания. Бірыңғай сатып алушының қазіргі жұмысына қарап, белгілі бір уақытта қазақстандық энергия жүйесінде электр энергияны экспорттауға мүмкіндік барын көріп отырмыз. Біз бұл энергияны халықаралық нарыққа, оның ішінде Орталық Азия республикаларына экспорттауға дайынбыз. Оны кім алатынын ол жақта өздері анықтайтын шығар. Біз Қазақстан мүддесіне қарай әрекет етеміз" деді Азаттық сұрағына жауап берген Қазақстан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

"Қырғызстандық майнинг-компания 1 тамыздан бастап Қазақстаннан электр энергия ала ма?" деген сұраққа Сәтқалиев:

"Бұл бойынша нақты мәліметті анықтау үшін маған уақыт керек. Басқаша айтқанда, біздің сатып алушы компаниямен экспортталатын энергияның көлемін енді ғана анықтадық. Менің білуімше, әзірге нақты келісімге келген жоқ. Бірақ мұндай мүмкіндік бар екенін растаймын. Энергетикалық компаниялардың деңгейінде келіссөздер жүріп жатқанын айтып қоюым керек", - деді Сәтқалиев.

Осының алдында Азаттықта "Кеминдегі майнинг компания кімдікі?" деген атпен зерттеу мақала жарияланған. Онда "Соларкоин" мемлекет өндірген энергиядан 30 МВт электр қуатын алатыны, компания қожайындары "НБТС КейДжи" фирмасы, Люй Цзиньчэн және Татьяна Мартынова екені, директор ретінде Айсана Исмаилова көрсетілгені анықталған. Майнинг ферманың тау-кен өндіруші кәсіпорындардан көп электр тұтынатыны анықталған.

Бұған дейін президент Садыр Жапаров майнинг-ферманың істеп жатқанын растап, Кеминдегі станцияның қуаты жететіндіктен билік оның құрылысына рұқсат берді деп жауап берген. Оның айтуынша, Қырғызстанда жазда электр энергиясы жеткілікті мөлшерде өндіріледі, тіпті "артылып та қалады, оны ешкімге сатпай отырмыз" деді.

Алайда зерттеу авторлары майнинг-ферманың электр тапшылығы сезілетін қыста да істейтінін анықтаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG