Accessibility links

Сот Қаңтар оқиғасынан кейін оққа ұшқан отбасының өліміне кінәлі деп танылған жауынгерге шыққан үкімді өзгертпеді


Сейітқұловтар мінген көлікке оқ атты деп айыпталған жауынгер Данияр Егембаев (оң жақ шетте). Алматы, 26 маусым, 2023 жыл.
Сейітқұловтар мінген көлікке оқ атты деп айыпталған жауынгер Данияр Егембаев (оң жақ шетте). Алматы, 26 маусым, 2023 жыл.

Астананың әскери сотының апелляция алқасы Талдықорғанда Қаңтар оқиғасынан кейін, 8 қаңтарда көшеде көлігімен кетіп бара жатқан Сейітқұловтар отбасына оқ атты деп танылып, 7 жыл түрмеге кесілген қатардағы жауынгер Данияр Егембаевқа шыққан үкімді өзгерпеді. Бұл жөнінде "Республика" басылымы жазды.

Сайттың жазуынша, үкім 1 қыркүйекте күшіне енген. Егембаевтың адвокаты енді Жоғарғы сотқа шағымдана алады. Олардың бір жыл уақыты бар.

Былтыр 8 қаңтарда Нұрболат Сейітқұлов пен Алтынай Етаева және олардың 15 жастағы қыздары Нұрай Оразақын Талдықорған қаласында кешкі тоғыздар шамасында жеке көлігімен кетіп бара жатқанда "құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлер" атқан оқтан қаза болған.

Биыл 26 маусымда Алматы гарнизонының әскери соты Сейітқұловтар отбасына оқ атқан қатардағы жауынгер Данияр Егембаев деген тұжырымға келіп, жеті жылға соттаған. Алайда сот үкіміне қарағанда, Данияр Егембаевтың оғынан Нұрболат Сейітқұлов пен 15 жасар қызы Нұрай Оразақын өлген. Олармен бір көлікте, бір мезетте бірге өлген Алтынай Етаеваға тиген оқты кім атқаны дәлелденбеген. Алтынай Етаева ісі бөлек сотта қаралады деп айтылады.

Сот №18 404 әскери бөлім қызметкері, 21 жастағы жауынгер Данияр Егембаевты Қылмыстық кодекстің "Билікті асыра пайдалану" (451-бап, 2-бөлім, 1-тармақ) бабы бойынша кінәлі деп таныған. Егембаевтың өзі "көліктің дөңгелегін көздегенін" айтып, айыппен келіспеген. Бірінші инстанциядағы үкім шыққанда сотталушының анасы үкімге қарсылық білдіріп, "ұлым бұйрықты орындаушы ғана, оның қасында 12-13 әскери қызметкер болған" деп мәлімдеген.

Ал жәбірленуші жақ "кінәлілердің барлығы жазаланбады" деп айтқан.

Марқұм Сейітқұловтың әпкесі, жәбірленуші Дариға Дәуітәлиева "Сейітқұловтарға 120 оқ атылған" деп санайды.

- Сот Нұрболат пен Нұрайдың басына тиген оқтарды дәлелденді деп отыр. Оларға 120 оқ атылған. Бірақ бір адам ғана кінәлі боп шықты. Атқан адамның бәрі жауапқа тартылуға тиіс еді, - деді жаз айында Дәуітәлиева Азаттыққа.

2022 жылы Талдықорғандағы Қаңтар оқиғасы кезіндегі дүрбелеңде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші құлатылған. Қаңтардың 4-і мен 5-індегі дүрбелең аяқталған соң, қаңтардың жетісіне кешкі сегізге қарай үйінен шыққан ерлі-зайыпты Қайрат Нұрғалиев пен Лаура Нұрғалиева және достары Андрей Карпиленко мінген көлікке оқ атылып, Қайрат пен Андрей өлген, Лаура жараланған. Бұл іс бойынша әзірге сот үкімі шыққан жоқ.

Қаңтардың сегізі күні Сейітқұловтар отбасына мінген көлікке оқ атылып, көліктегі үшеуі бір мезгілде қаза болған.

Қаңтар оқиғасынан кейін әскери гарнизон шетінен өтіп бара жатып, оққа ұшқан 24 жастағы малшы Ерназар Қырықбаевты атымен қоса атып өлтірген жауынгер Марк Злуняев алты жылға бас бостандығынан айырылған еді. Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG