Accessibility links

Қаңтар оқиғасы: Арман Жұмагелдиев және Қайрат Құдайбергенге қозғалған қылмыстық іс сотқа түсті


Арман Жұмагелдиев.
Арман Жұмагелдиев.

Қаңтар оқиғасына байланысты Арман Жұмагелдиев (лақап аты "Дикий Арман") пен Қайрат Құдайбергеннің үстінен қозғалған қылмыстық іс Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа түсті.

Сот актілері базасындағы мәліметке қарағанда, істі судья Асхат Әшірбеков қарайды. Бұл істе Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайбергеннен басқа 40-қа жуық күдікті бар.

Іс сотқа 4 қыркүйекте түскен. Сот отырысы қашан басталатыны әзірге айтылмады.

Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты, блогер Қайрат Құдайбергеннің ұсталғаны былтыр 22 сәуірде белгілі болған. Ол содан бері қамауда отыр. Алматы прокуратурасының мәлімдеуінше, Қаңтар оқиғасы кезінде Құдайберген "Дикий Арманның" жанында болған, "Қазақстан" қонақүйіне адамдарды жинап, "жаппай тәртіпсіздікке қатысқан". Қаңтар оқиғасы кезінде түсірілген видеоларда Құдайберген мен "Дикий Арманның" жүргені байқалады.

Оған дейін ақпан айында Қайрат Құдайбергеннің өзі "Арманмен таныстығы жоғын, тәртіпсіздік кезінде алаңда көргенін, ол жаққа халықты басу үшін барғанын" айтқан.

Экс-депутаттың туыстары ақпарат құралдарына мәлімдеме жасап, Құдайбергенге тағылған айыптарға келіспейтінін айтқан. Қайрат Құдайберген 2021 жылы Алматы қаласы мәслихатының депутаты болып сайланған.

Ал "Дикий Арман" деген лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиев 2022 жылы 7 қаңтарда қамауға алынған. Оған "тәртіпсіздік ұйымдастырды", дүрбелең кезінде "кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарды ұрлады", "заңсыз қару сақтады", "ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарды" деген айыптар тағылған. Адвокатының сөзінше, Арман Жұмагелдиев бұл айыптарды мойнына алмаған. Ол да тергеу изоляторында қамауда отыр.

2023 жылы маусымда Арман Жұмагелдиев Қаңтар оқиғасы кезіндегі "азаптау" бойынша істе жәбірленуші деп танылды. Адвокаты Олег Черновтың айтуынша, іс бойынша Алматы полиция департаментінің қызметкерлері күдікті деп танылған. Ол азаптау бойынша тергеуді бастауға 2022 жылғы 7 қаңтарда "Ритц Карлтон" қонақүйінің қауіпсіздік қызметі түсірген Жұмагелдиевті ұстау видеосы себеп болғанын айтты. Черновтың сөзінше, видеода арнайы жасақ Жұмагелдиевті қатыгездікпен ұрып-соғып жатқаны көрінеді.

2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 238 адам қаза болған. Бұған дейін бас прокуратура Қаңтар оқиғасына байланысты сот пен тергеулер аяқталып келе жатқанын мәлімдеген. Алайда сарапшылар Қаңтар шындығының басты сұрақтарына әлі жауап берілген жоқ деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG