Accessibility links

Алматыда Қайрат Құдайберген және Арман Жұмагелдиевтің ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті


Арман Жұмагелдиев.
Арман Жұмагелдиев.

14 қыркүйекте Алматыда №72 қамау мекемесінде (бұрынғы N18 тергеу изоляторы) Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген мен қылмыс әлемінде "Дикий Арман" деген лақап аты бар Арман Жұмагелдиевтің ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Бұл жөнінде "Информбюро" сайты хабарлады.

Сайттың жазуынша, журналистер процесті мониторы бар бөлек залдан бақылаған. Алайда интернет байланысы нашар болғандықтан залдағылардың сөздері дұрыс естілмеген.

"Республика" сайтының жазуынша, желіде адвокаттарды процеске кіргізбегені туралы ақпарат тараған. Ізінше қалалық соттың баспасөз қызметі ақпаратты жоққа шығарып, процеске қатысушылардың кейбірі сотталушыларды әкелетін есіктен кірмек болғанын айтып, оларға мекемеге кіру жолы түсіндірілгенін хабарлады. Сот қамау мекемесінің "ерекше қорғалған нысан" екенін алға тартып, девайсты пайдаланудағы мәселелер "техникалық мәселе болуы мүмкін" екенінде ескерткен.

Бұл істе Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайбергеннен басқа 40-қа жуық күдікті бар.

Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты, блогер Қайрат Құдайбергеннің ұсталғаны былтыр сәуірде белгілі болған. Ол содан бері қамауда отыр. Алматы прокуратурасының мәлімдеуінше, Қаңтар оқиғасы кезінде Құдайберген "Дикий Арманның" жанында болған, "Қазақстан" қонақүйіне адамдарды жинап, "жаппай тәртіпсіздікке қатысқан". Қаңтар оқиғасы кезінде түсірілген видеоларда Құдайберген мен "Дикий Арманның" жүргені байқалады.

Оған дейін ақпан айында Қайрат Құдайбергеннің өзі "Арманмен таныстығы жоғын, тәртіпсіздік кезінде алаңда көргенін, ол жаққа халықты басу үшін барғанын" айтқан. Экс-депутаттың туыстары ақпарат құралдарына мәлімдеме жасап, Құдайбергенге тағылған айыптарға келіспейтінін айтқан.

"Дикий Арман" деген лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиев 2022 жылы 7 қаңтарда қамауға алынған. Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған Арман Жұмагелдиевке "тәртіпсіздік ұйымдастырды", дүрбелең кезінде "кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарды ұрлады", "заңсыз қару сақтады", "ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарды" деген айыптар тағылған. Адвокатының сөзінше, Арман Жұмагелдиев бұл айыптарды мойнына алмаған. Ол тергеу изоляторында қамауда отыр.

2023 жылы маусымда Арман Жұмагелдиев Қаңтар оқиғасы кезіндегі "азаптау" бойынша істе жәбірленуші деп танылды.

2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 238 адам қаза болған. Бұған дейін бас прокуратура Қаңтар оқиғасына байланысты сот пен тергеулер аяқталып келе жатқанын мәлімдеген. Алайда сарапшылар Қаңтар шындығының басты сұрақтарына әлі жауап берілген жоқ деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG