Accessibility links

ШҚО-да түрмедегі екі адам өзін жаралаған. Оқиға қатысты тергеу болады


Қазақстандағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.
Қазақстандағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.

Кеше, 14 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданындағы №18 түрмесінде екі адам өзін жаралаған. Бұл жөнінде Азаттыққа сотталушылардың туысы хабарлады. Ақпаратты облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі растады.

- Балам өзінің басын жарған. Өзіне қол салған. Қазір мекеме қызметкерлерінің қысымын көріп отыр. Жазасын тыныш өтеуіне мұрша бермейді. Кеше маған таксофоннан қоңырау соғуы керек еді. Өткен аптаның бейсенбісінде "шеше, егер бір рет саған таксофоннан хабарласпасам, онда менің жағдайым алаңдарлықтай болғаны" деп айтқан еді. Бүгін сондағы балалар маған қоңырау соғып, балам өзіне қол салғанын, басы жарылғанын айтты. Медициналық көмек көрсетілмеген. Ол изоляторда мекеме әкімшілігінен қысым көріп, азапталған, - деді Азаттыққа хабарласқан Светлана Владимировна есімді адам.

Оның айтуынша, ұлы "ұрлық" ісімен бір жарым жылға сотталған.

Азаттық тілшісіне тағы бір адам хабарласып, аталған колонияда жазасын өтеп жатқан туысы "өзіне қол салды" деп ақпарат берді. Ол аты-жөнін атамауды өтінді.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, кеше, 14 қыркүйекте №18 түзеу мекемесінде екі адам "денелерін жаралаған". Ауруханаға жатқызылмаған, бірақ оларға "медициналық көмек көрсетілген".

"Сотталғандар мекеменің ұстау тәртібіне келіспегендіктен осындай әрекетке барғанын айтады. Атап айтқанда, мекемеде еркін жүріп-тұруды, телебағдарламалар көруді және камера есігін құлыптамауды талап ететінін түсіндірді" деп жазылған департамент ақпаратында.

Департаменттің баспасөз қызметі Азаттыққа "азаптау" жөнінде ақпарат бермеді, болған фактіге қатысты "қылмыстық тергеу тағайындалғанын" жеткізді.

Қазақстанда сотталғандар уақытша қамауға алынғандар түрмедегі жағдайға, азаптауға қатысты жиі шағымданады. 8 қыркүйекте Ақмола облысы Атбасардағы түрмеде азапталған белсенді Тимур Дәнебаевтың туыстары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдаған.

Биыл сәуірде БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті Қазақстан түрмеге қамалғандарды азаптаудан қорғауды күшейтуі керек деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG