Кремль ЧВК "Вагнер" жетекшісі Евгений Пригожин қаза болған ұшақ апатына қатысты тергеу баяу жүріп жатқаны жөнінде сынмен келіспейтінін мәлімдеді.
"Бұл күрделі тергеу, күрделі оқиға" деді Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге.
"Тергеу жүріп жатыр, сондықтан қандай да бір түсініктеме беру әзірге ерте" деді ол.
Бұған дейін Песков бортында "Вагнер" жеке әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин болған ұшақ қастандықтың нәтижесінде апатқа ұшырауы мүмкін деп мәлімдеген.
23 тамызда Ресейдің Тверь облысы Бологов ауданында Embraer бизнес-джеті құлаған. Ұшақ құлаған маңнан он адамның мәйіті табылған. Оның ішінде Евгений Пригожин болғаны айтылды. Ресей тергеу комитеті Евгений Пригожиннің ұшақ апатынан қаза болғанын растаған. Куәгерлер бортта жарылыс болғанын айтады. Апат ауданында зениттік ракета да ұшырылған болуы мүмкін деген болжам айтылған.
Ресей "апат ішкі рейсте болғандықтан оған халықаралық норма жүрмейтінін" алға тартып, аталған ұшақ апатын тергеуге Бразилияны жібермеген. Апат болған Embraer ұшағы Бразилияда құрастырылған. Сарапшылардың айтуынша, бұл Ресей билігінің ұшақ апатына қатысы болуы мүмкін деген күмәнді ұлғайта түседі.
The Wall Street Journal АҚШ-тың ресми тұлғалары ұшақ апаты Пригожинді өлтіру мақсатында астыртын сөз байласу нәтижесінде болды деп санайтынын жазған.
Кремль Ресей билігінің ұшақ апатына қатысы барын жоққа шығарған.
- Екі ай бұрын Пригожин бастаған "Вагнер" жалдамалы әскер тобы бүлік шығарып, Мәскеуге қарай аттанған. Бүлік кезінде Ресей әуе күштерінің бірнеше ұшағы мен тікұшағы құлаған. Путин "Вагнер" бүлігін "сатқындық" деген еді. Артынша Пригожин Мәскеуге жетпей жасағын кері бұрғанын мәлімдеді. Осыдан соң бүлікке қатысты қозғалған қылмыстық іс кейін тоқтап, "Вагнер" жасағы Александр Лукашенконың шақыртуымен Беларуське аттанған еді.
ПІКІРЛЕР