Accessibility links

Қазақстан референдум өткенге дейін АЭС салу тақырыбы тоқтайтынын мәлімдеді


Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев референдум өткенге дейін АЭС салу тақырыбы тоқтайды деп мәлімдеді.

"Референдумға байланысты [АЭС құрылысы жөнінде] жалпыхалықтық диалог өткізіледі. Сосын барып референдумға дайындық жұмыстары жүреді. Қазіргі кезде біз бұл тақырыпқа байланысты жұмыстардың бәрін тоқтатып тастадық", - деді энергетика министрі.

Министр қазір технологияны жеткізетін төрт ел — Франция, Қытай, Ресей және Оңтүстік Кореяны қарастырып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге америкалық компаниялардың да ұсыныстары қаралып жатыр деді.

Билік АЭС салуға қатысты референдум күнін әлі жарияламады. Осыған дейін Орталық сайлау комиссиясы егер шешім қабылданса, жылдың соңына дейін өтуі мүмкін деген.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте жолдауында АЭС салу мәселесін референдумға шығаруды ұсынған. Дегенмен кей сарапшылар елде "референдум әділ өтпеуі мүмкін екенін" еске салып, "бұл биліктің АЭС салу туралы шешімін заңдастыру жолы болуы мүмкін" деген пікір айтқан. Кей экологтар мен белсенділер АЭС салуға 20 жыл мораторий жариялау қажеттігін алға тартады.

"АЭС салуға қолайлы орын" деп танылған Алматы облысы Үлкен ауылында 22 тамызда АЭС бойынша жария талқылау өтіп, қарама-қайшы көзқарастағы адамдардың айғай-шуымен аяқталған. Шарадан кейін энергетика министрлігі "Үлкен ауылының тұрғындары АЭС-ті қолдайды" деп мәлімдеді. Ал оған қатысқан өзге өңірлерден барған экологтар, белсенділер "АЭС салу мәселесін тек Үлкен емес, тұтас республика халқы шешу керек" деп айтқан.

XS
SM
MD
LG