Accessibility links

Кемел Тоқаев аудиториясы туралы даудан соң Түймебаев декан міндетін атқарушыны қызметтен босатты


Әл-Фараби атындағы ұлттық университетте Кемел Тоқаев атындағы аудиторияның ашылу салтанатына қатысқандар. Ортада аталған университет ректоры Жансейіт Түймебаев. 4 қазан 2023 жыл
Әл-Фараби атындағы ұлттық университетте Кемел Тоқаев атындағы аудиторияның ашылу салтанатына қатысқандар. Ортада аталған университет ректоры Жансейіт Түймебаев. 4 қазан 2023 жыл

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев осы университеттің оқытушысы Дастан Қастайға жасалған қысымнан кейін журналистика факультеті деканының міндетін атқарушы Мәншүк Мұқашеваны жұмысынан босатқан.

Бұл туралы журналистика факуьтетінде кафедра меңгерушісі Гүлмира Сұлтан әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Оның жазуынша, 9 қазанда журналистика факультетінде университет проректоры Ләззат Еркінбаева жиын өткізген.

"Проректор Ләззат Еркінбаева факультет ұстаздарымен кездесіп, ұжымның ой-пікірін тыңдады. 22 қыркүйек - 9 қазан аралығында декан міндетін атқарған Мәншүк Мұқашеваның Дастан Қастайға жасаған қысымы ашық айтылды. Бүгіннен бастап университет ректоры Мәншүк Мұқашеваны қызметінен босату туралы бұйрық шығарды. Жас оқытушыға жасалған қысым туралы университет басшылығы дер кезінде хабардар болмағаны рас" деп жазған.

Осыған ұқсас ақпаратты университеттегі жұмысынан негізсіз қуылғанын айтып, әлеуметтік желіде шағынған оқытушы Дастан Қастай да жазған. Оның сөзінше, ректордың "бейхабар" екенін журналистика факультетіндегі жиында проректор Ләззат Еркінбаева айтқан.

"Проректор Ләззат Еркінбаева Дастан Қастайдың оқытушылық қызметте қалатынын және ол туралы теріс ақпарат түсіріп, қудалауға жол бергендердің жазаланатынын қадап айтты. Ректор Жансейіт Түймебаевтың бұдан бейхабар екенін жеткізді. Сонымен қатар, журналистика факультеті деканының міндетін атқарушы Мәншүк Мұқашева өз еркімен қызметтен кетті" деп жазған.

Қызметінен кеткен Мәншүк Мұқашева мән-жайды сұрастырған Азаттықққа жауап бергісі келмеді. ҚазҰУ баспасөз хатшысы Қаншайым Байдәулет те Азаттық қоңырауын көтермеді, хабарламаға жауап бермеді.

Мәншүк Мұқашеван Дастан Қастайдың желідегі жазбасының астына "Қыркүйек айында факультетте екі кафедра бойынша жүктеме алған Дастан Қастайды жұмыстан шығару туралы өкім шыққан жоқ. Өкім шықса қызметкерге таныстырылар еді. Сол себепті Дастан Қастай жұмысқа қайтадан алынды деуге негіз жоқ. Мен жаңа ұсыныс түсуіне байланысты өтініш жаздым" деген пікір қалдырған.

7 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Дастан Қастай жұмысынан "себепсіз" қуылғанын және Кемел Тоқаев атындағы аудиторияның ашылуынан кейін оқытушыларға жаппай қысым басталғанын мәлімдеген. Мұқашева Азаттыққа Дастан Қастайдың жұмыстан қуылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарып, оқытушыларға қысым жасалған жоқ деген еді.

Дастан Қастай мәселесіне ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек араласып, "ҚазҰУ басшығымен сөйлескенін, Дастан Қастайды ешкім шығармағанын, жұмысын жалғастыра беретінін" жазған.

Дастан Қастайдың өзі басшылықтың шүйлігуіне әлеуметтік желіде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың әрекетін сынап, пікір жазғаны түрткі болғанын айтқан. Дастан Қастайдың желідегі жазбасынан кейін оқу орнының кей оқытушылары әлеуметтік желіде басшылық қысым жасайтынын мойындап, жазба қалдырған. Азаттыққа университет басшылығынан бұл туралы ақпарат алу мүмкін болмаған.

4 қазан ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде өткен жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған іс-шараға Азаттық журналисі де барған. Университет ректоры Жансейіт Түймебаевқа сұрақ қоймақ болған Азаттық журналисіне университет қызметкерлері кедергі жасаған. Бастапқыда тілшіге күшпен тосқауыл қойғанымен Түймебаев көп өтпей оралып, "жеке басқа табыну" туралы сұраққа жауап берген.

4 қазанда Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Кемел Тоқаев атындағы аудиторияның ашылған. Одан бөлек "Детектив дарабозы" кітабының тұсаукесері болған.

Кей сарапшылар кейінгі кезде елде президенттің әкесі Кемел Тоқаевты ұлықтайтын шаралар жиілеп кеткенін айтып, Назарбаев тұсында кеңінен етек алған “жағымпаздану жарысы” қайта басталды деп санайды. Бір күн бұрын мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Тоқаевтың әкесінің құрметіне аудитория ашуды "жағымпаздық деп санамайтынын" айтқан. Бұған дейін кейбір Телеграм-арналар "кемелдену" тенденциясы туралы жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG