Accessibility links

ҚМА: Боранбаевтың Астанадағы қонақ үйі мемлекет меншігіне өтті


Миллионер Қайрат Боранбаев.
Миллионер Қайрат Боранбаев.

Миллионер Қайрат Боранбаев құны 1,4 млрд теңге болатын Comfort Hotel Astana қонақ үй кешенін мемлекет меншігіне берді. Бұл жөнінде қаржы мониторинг агенттігі (ҚМА) хабарлады.

ҚМА ақпаратынша, Ауданы 5 мың шаршы метрден асатын қонақ үйдің жылдық айналымы – 900 млн теңгеге жуық.

"Заңға сәйкес, бұл қонақ үйді демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарына айналдыру арқылы әлеуметтік мақсатта пайдалану жоспарланып жатыр" делінген хабарламада.

12 қазанда Қайрат Боранбаевпен байланысты Phystech II компаниясы акцияларының 100 пайызын "өз еркімен және өтеусіз" мемлекет меншігіне қайтарды. Көмірсутек игерумен айналысатын компания акцияларының бір бөлігі Боранбаевқа тиесілі болған.

Бұған дейін Қазақстан үкіметі сотталған миллионер Қайрат Боранбаевтан тәркіленген мүлікті мемлекет есебіне беруді не сатуды, я сенімгерлік басқаруға беретінін хабарлаған.

Боранбаев биыл наурызда 8 жыл түрме жазасын алған. Кейін Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Боранбаевтың үкімін өзгертіп, қыркүйекте сот оны 6 жылға соттады. Боранбаев "Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi", "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемдену" және "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру" баптары бойынша айыпталған.

Биыл тамызда жергілікті БАҚ Боранбаевтың адвокатына сүйене отырып, кәсіпкер тергеу органдарымен процессуалдық келісім жасауға келіскенін, бас бостандықтан айырылу жазасының орнына кінәні мойындап, шығынды өтеуге келіскенін жазған.

Қайрат Боранбаев – экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы. 2021 жылы Forbes Kazakhstan оның байлығын 590 млн деп бағалап, оны Қазақстандағы ең дәулетті 50 бизнесменнің қатарына қосқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG