ХАМАС радикал тобының жалпы барлауын басқаратын адам Газа секторының оңтүстігіндегі Хан-Юнис қаласында Израиль армиясының әуе шабуылынан қаза тапқан. Бұл туралы 16 қазанда кешке Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) хабарлады.
Израиль 7 қазанда ХАМАС тобы тұтқиылдан шабуыл жасағаннан кейін қарымта іс-қимылға көшіп, "Темір қылыш" операциясын бастаған, ол әлі жалғасып жатыр.
ХАМАС пен оның Израильге шабуылын қолдап, араласқан "Исламдық жихад" тобы әлемнің көп елі террорлық ұйымдар деп таныған. Жихадшылардың Израильге жасаған шабуылынан 1400-ден астам адам қаза тапты. Газа секторында, Палестина жағының дерегінше, құрбан болғандар саны 3 мыңға жуықтаған.
Израильдің жалпы қауіпсіздік қызметінің басшысы Ронен Бар өзінің қоластындағы қызметкерлер мен олардың отбасыларына жазған хатында ХАМАС шабуылының алдын ала алмағаны үшін өзін жауапты сезінетінін мәлімдеген.
Израильге қолдау танытып жатқан елдердің арасында АҚШ бар.
16 қазанда АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Иерусалимге барды. Ол Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен және сол елдің президенті Ицхак Герцогпен кездесті. Блинкен Газа секторында жаяу әскер операциясын бастауға дайындалып жатқан Израильге қолдау білдірді. Оның сөзінше, Вашингтон Израиль үкіметіне азаматтарын қорғау қажеттінің бәрін беруге дайын.
Америкалық Wall Street Journal басылымы Пентагондағы дереккөзіне сүйеніп, АҚШ әскери басшылығы Израильді қолдауға аттануға дайын тұратын екі мыңға жуық сарбаз іріктеп алды деп жазды. Оларға кеңес беру, медициналық қолдау көрсету міндеті жүктеледі.
Блинкен бұның алдында да Израильге барып, Таяу Шығысқа сапарын 12 қазанда сол елден бастаған. Әу баста ол Израиль басшшылығымен кездесіп, сосын Иорданияға барып, сол жақтан сапарын аяқтап қайтады деп жоспарланған. Бірақ кейін сапар мерзімі ұзартылып, ол Қатар, Бахрейн, Сауд Арабиясы мен Египетке, ал ең соңында Біріккен Араб Әмірліктеріне барды.
Жексенбі кешке Израиль премьер-министрі Нетаньяху Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті Мұхаммедом бин Заид әл Нахайянмен кездесті. Екі басшы жихадшылар Израильге шабуыл жасағалы бері алғаш рет жүздесті.
БАҚ жазуынша, БАӘ Сирияны Израиль мен ХАМАС арасындағы жанжалға араласпауға көндірген.
ПІКІРЛЕР