Accessibility links

Алматыда полиция тағы бір белсендіні ұстап әкетті


Белсенді Марат Мусин (оң жақта) және оны бөлімшеге алып кетпек болып тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 19 қазан 2023 жыл.
Белсенді Марат Мусин (оң жақта) және оны бөлімшеге алып кетпек болып тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 19 қазан 2023 жыл.

19 қазанда белсенді Марат Мусинді соттан шыққан бетте полиция қызметкерлері тоқтатып, Алатау аудандық ішкі істер бөліміне алып кетті. Мусиннің болжамынша, оны ұстауға 19 қыркүйек күнгі “әуежайды басып алу ісі” бойынша өткен сотқа баруы түрткі болуы мүмкін.

Бір күн бұрын сол сотқа барған белсенді Дархан Уәлиев “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деп айыпталып, 15 тәулікке қамалған еді.

Бейсенбі күні Марат Мусин өзге де азаматтармен бірге белсенді Назым Табылдиеваның сотына қатысқан. Табылдиеваның үстінен "көрінеу жалған ақпарат тарату" және "билік өкілін қорлау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Табылдиева айыптарға келіспейді, ол мұны белсенділігімен байланыстырады.

Бұған дейін шетелде жүрген Ақорда сыншысы, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов жақтастарын 25 қазанда митингіге шығуға шақырған. 17 қазанда Қазақстан ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха "Қазақстанның демократиялық таңдауы" "экстремистік ұйымына митинг өткізуіне рұқсат бермейміз" деп мәлімдеген. (Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ұйымын Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп таныған, ал Еуропарламент "оппозициялық бейбіт ұйым" деп атаған – ред.).

Бір күн бұрын "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 25 қазан күнгі митинг қарсаңында белсенділерді қудалау үдегенін, құқық қорғаушылар адам құқығын бұзу жайттарын жіті бақылап отырғанын жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG