Accessibility links

9 жыл түрме, 25 млрд шығынды өтеу. Байзақтағы жарылыс үшін екі сарбаз сотталды


Байзақтағы әскери қоймадағы жарылысқа айыпталған Әсет Әшірбай сот үкімін тыңдап тұр. Шымкент, 20 қазан 2023 жыл.
Байзақтағы әскери қоймадағы жарылысқа айыпталған Әсет Әшірбай сот үкімін тыңдап тұр. Шымкент, 20 қазан 2023 жыл.

20 қазанда Шымкент әскери гарнизоны соты Жамбыл облысы Байзақ ауданының әскери бөліміндегі қару қоймасында 2021 жылы болған жарылысқа қатысты айыпталған алты адамның төртеуін ақтап, екеуін 9 жылға соттады. Сотталған екі сарбаз бен олардың туыстары үкіммен келіспей, сот залында наразылық білдірді.

Судья Бөрлібай Каипов Байзақтағы жарылысқа күдікті деп танылып, айыпталған алты адамға үкімді бір жарым сағат оқыды. Ол 22 жастағы сарбаздар Әсет Әшірбай мен Ерпулат Тұрановты Қылмыстық кодекстің "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабымен кінәлі деп тауып, 9 жылға соттады. Ал "Әскери мүлікті қасақана жою не бүлдіру" бойынша "жасаған қылмысының мерзімі өтуіне байланысты" қылмыстық жауаптан босатты.

Жамбыл облысындағы әскери қоймада жарылыс болған сәт. 26 тамыз 2021 жыл.
Жамбыл облысындағы әскери қоймада жарылыс болған сәт. 26 тамыз 2021 жыл.

2021 жылы 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің оқ-қару сақталған №14 қоймасында өрт шығып, жойқын жарылыс болған. Ресми мәліметке сай, жарылыстан 18 адам қаза тауып, 81 адам жарақаттанған еді. 139 ғимарат пен 37 көлік бүлінген. Жарылыстан кейін әскери қоймаға жақын орналасқан алты ауылдан жүздеген адам эвакуацияланды.

Әшірбай мен Тұранов жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуі тиіс.

Екі жауынгермен бірге жауапқа тартылған төрт офицер – 36 жастағы Аслан Бақытжанов, 38 жастағы Руслан Несіпқалиев, 45 жастағы Ерлан Бошай мен 37 жастағы Берік Омарбековті сот ақтады. Олар "Қызметке салғырт қарау" бабымен күдікке ілінген еді.

Ақталған офицерлер Ерлан Бошай (cол жақта) мен Берік Омарбеков (оң жақта) сотта тұр. Шымкент, 20 қазан 2023 жыл.
Ақталған офицерлер Ерлан Бошай (cол жақта) мен Берік Омарбеков (оң жақта) сотта тұр. Шымкент, 20 қазан 2023 жыл.

Бұл баптан бөлек Бақытжанов пен Несіпқалиев "Қару-жарақпен жұмыс істеу қағидаларын бұзу" бабымен айыпталған. Сот бұл айыпты "жасаған қылмысының мерзімі өтуіне байланысты" қысқартты. Судья оларға іс қысқарғанымен "сотталғаны" жойылмайтынын ескертті. Сөйтіп бұған дейін үйқамақта және кепілмен жүрген төрт офицер сот залынан босап шықты.

СОТТАҒЫ ШУ

Сотталушылар мен олардың жақындары үкімді үнсіз тыңдады. Сот залына сыймай қалған сотталушылардың туыстарының бір бөлігі екінші сот залында үкімді онлайн тыңдады. Кейбірі сыртта терезеден қарап тұрды.

Ерлан Бошай мен Берік Омарбеков ақтау үкімі оқылғанда үнсіз жылады. Қайта-қайта көз жасын сүртіп, басын шайқай берді. Сот Бошай мен Омарбековке негізсіз жауапқа тартылғаны үшін тергеу орнына арыздануға құқылы екенін айтты.

Ақталған төрт офицер де үкімге қатысты Азаттыққа қандай да бір комментарий беруден бас тартты.

Ерпулат Тұранов пен Әсет Әшірбай 9 жылға бас бостандығынан айырылғанын естігенде "Осы ма әділдік?!", "Қазақстанда әділет жоқ?!" деп өздері тұрған қоршауды ұрды. Оларды судья мен қорғаушылар тыныштандыруға тырысты. Содан кейін олар үнсіз жылады.

Жамбылдағы жарылысқа екі жауынгерді кінәлады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:28 0:00

Судья үкімді түсіндіріп болғанда Әшірбай "Әділетсіздік қой мынау! Әділетсіздік! Әділдік қайда?!" деп айқайлады. Айдауыл қолына кісен салмақ болғанда "9 жылға кетіп барам, жібер!" деген жан дауысы шықты.

Осы кезде екінші сот залында үкімді тыңдаған олардың туыстары шу шығарды. Әскерилер екі сотталушыларды сот залынан алып кетпек болғанда олармен бірге туыстары қарсылық білдірді. Әскерилер сотталушыларды күштеп арнайы көлікке мінгізді. Сотталғандардың туыстары аңырап жылап жатты. Кейбір әйелдер талып қалды.

- Жазықсыз екенін дәлелдейтін айғақтарымыздың бәрін жоққа шығарды. Үкіммен келіспейміз. Қазақстанда әділет жоқ. Тоқаев мырза, естисіз бе?! Әділет жоқ! - деді Әшірбайдың анасы.

Адвокат Әміре Сағадат тергеушілер Тұранов пен Әшірбайды бір жауынгердің сөзін негізге алып, айыптағанын айтады. Ол "басқа дәлел, айғақ жоқ" дейді.

– Айыптау бойынша Тұранов қойманың терезесін ашып, темір қоршау торын керіп, жанып тұрған шүберекті ішке тастады деген. Алайда қойма қақпасынан жанып тұрған шүберекті ішке тастау мүмкін емес. Өйткені темір қоршау тордан кейін шыны терезе бар. Іс бойынша ешбір құжатта осы терезе жазылмаған, – дейді адвокат.

Істі Оңтүтік өңірлік әскери-тергеу басқармасы бір жарым жыл тергеген. Іс сотқа ақпан айында түскен еді. Жәбірленуші ретінде қорғаныс министрлігімен бірге 251 адам танылған. Бірақ олардың ешбірі сот үкімін тыңдауға келмеді. 251 адамның сотталушылардан моралдық, материалдық шығын талап етпеді.

Тек қорғаныс министрлігі кінәлі деп танылған адамдардан 25 миллиард теңге өндіріп беруді сұраған. Бұл соманың 23 миллиард теңгесі – жарылыс кезінде жойылған оқ-дәрілердің құны. Қалғаны әскери бөлім мен өрт сөндірушілердің техникасы екені айтылды.

Судья қорғаныс министрлігінің 25 миллиард теңге өндіру туралы талабын қанағаттандырды. Бұл соманы Тұранов пен Әшірбайдан өндіруді міндеттеді.

"ҚОЙМА МАҢЫНДАҒЫ КАМЕРАЛАРДАҒЫ ЖАЗБАЛАР ҚОЛДАН ӨШІРІЛГЕН"

Айыпталушы Ерпулат Тұрановтың жарыссөзде айтуынша, жарылыс болған күні қойма маңын 44 сарбаз тазалап жүрген. Жарылыстан кейін олардың бәрін командирі эвакуация жасаған. Бір айдан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеушілері тергеуге шақырған. 44 сарбаздың ішінен төрт жауынгерді қайта-қайта тергеген.

– Тергеуші "сарбаз Нұрзат Қалдарбек қойманы өртеді" деп көрсетіңдер деді. Жала жабудан бас тарттым. "Өз обалың өзіңе, өкініп қаласың" деді. Соңында Нұрзат Қалдарбек маған және Әшірбайға жала жауып, куәлік берді. Таң қалдық. Қысым, қорқыту басталды. Маған Қылмыстық кодекстің "Диверсия" бабын оқып, мойындамасаң осы баппен өмір бойына сотталасың деді. Шын өртеген болсам қойма терезесінен шүберекті қалай тастауға болады? Бетонның қалыңдығы 60 см, оның сыртында айна, айнадан кейін темір қоршау торы тартылған. Осының бәрінен өтіп кететін аруақпын ба? – деді Тұранов.

Тергеу материалдарында "Тұранов пен Әшірбай алдын-ала сөз байласып қасақана қойманы өртеген" деп жазылған.

"Тұранов өзімен бірге жасырын сіріңке алып келіп, №14 оқ-дәрілер сақталған қойма маңындағы бульдозердің жанар-жағармайына қоқыстан алған шүберекті малыған. Сосын қойма терезесінің металл жапқышын ашып, оның артындағы темір қоршау торын екі қолымен тартып, шүберекті сіріңкемен жағып, қойма ішіне лақтырған. Салдарынан өрт шығып, оқ-дәрілер жарылған. Осы сәтте Әшірбай қоймаға ешкім келмеуін бақылаған" дейді тергеу материалында.

Бірақ адвокат Әміре Сағадат тағылған айып негізсіз, дәлелсіз деп санайды. Оның сөзінше, тергеу кезінде қоймадағы жарылысқа шын кінәлілердің кім екені анықталмаған, Тұранов пен Әшірбайдың қоймаға өрт қойғанын растайтын айғақтар жоқ.

– Қойма маңындағы бейнебақылау камераларындағы жазбалар қолдан өшірілген. Мысалы, сараптама қорытындысы бойынша, өрт СП-60 маркалы патрон салынған жәшіктен шыққан. Бұл патрон қойма дуалынан алыста тұр. Оған терезе арқылы от тастау мүмкін емес. Жарыссөз кезінде 200-ден аса жәбірленуші сотталушыларға қояр талап-тілегі жоқ екенін айтты. Мұның өзі – олардың тергеу ісіне сенбейтінінің бір айғағы, – деген адвокат жарыссөзде судьядан Тұранов пен Әшірбайды ақтауды сұрады.

Жамбыл облысындағы жарылыс болған әскери қойманың спутниктен түсірілген суреті.
Жамбыл облысындағы жарылыс болған әскери қойманың спутниктен түсірілген суреті.

Тергеу құжаттарында 2021 жылы тамызда Қазақстанды дүр сілкіндірген жарылысқа негізінен әскери қызметкерлер мен сарбаздар айыпталып, олардың жұмысына "салғырт қарағаны" жазылған.

Сотталушылардың адвокаты үкімге қатысты апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

2021 жылы 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы оқ-дәрі жарылысынан қаза тапқан 18 адамның көбі – қорғаныс министрлігі мен төтенше жағдай министрлігі өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері. Марқұмдардың көбіне кейін мемлекеттік марапаттар берілген.

Осы жарылыстан кейін Қазақстанда 29 тамызда аза тұту күні деп жарияланған еді. Ал елдің сол кездегі қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кету туралы рапорт жазып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оны қызметінен босатқан.

Танымал әскери сарапшы Павел Фельгенгауэр Байзақтағы жарылыстан соң Азаттыққа берген сұхбатында "Жамбыл облысындағы әскери бөлімшеде болған жарылысқа қорғаныс министрлігі басшылығы тікелей жауапты, ал өрттің шығуына кінәлі азаматтарды іздеудің еш мәні жоқ" деген еді.

Қазақстан тарихындағы оқ-дәрі жарылыстары
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:59 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG