Accessibility links

СІМ: Қазақстан Газадағы азаматтарын эвакуациялау үшін Израильден көмек сұрады


Газа секторы.
Газа секторы.

Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Израиль сыртқы істер министрі Эли Коэнмен телефон арқылы сөйлескенде Газа секторында қалған қазақстандықтарды эвакуациялауға көмек сұраған. Бұл туралы Қазақстан СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, Мұрат Нұртілеу израильдік әріптесімен сөйлескенде Газада қалған қазақстандықтарды еліне қайтару үшін Египет билігімен де жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеген.

Қазақстан тарабының ақпаратынша, Израиль сыртқы істер министрі Эли Коэн "Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға бар күшін салатынын және бұл мәселені бақылауға алатынын" айтқан.

Бұған дейін СІМ Газа секторында 76 қазақстандық (отбасы мүшелерімен қосқанда 161 адам) қалғанын мәлімдеген. Ведомство сол кезде Египет арқылы шығуға шектеулер барын және ХАМАС радикал тобы (АҚШ пен ЕО "террористік ұйым" деп таныған) рұқсат етпегенін алға тартқан.

Ал Израиль үкіметі "Газа секторынан шетелдіктердің шығуына кедергі келтіріп отырған жоқпыз" деген.

23 қазанда Қазақстан СІМ Газа секторындағы атыста Қазақстанның бір азаматы және оның 23 жастағы қызы (Палестина азаматы) қаза тапқанын хабарлаған. 11 қазанда Тель-Авивтен арнайы рейспен Алматыға 166 адам (оның 124-і – Қазақстан азаматы) келген.

Қазақстан "бұл қақтығысты бейбіт келіссөздермен және дипломатиялық диалогтармен шешуді" ұсынып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG