Accessibility links

Тоқаев: Қазақстан ҰҚШҰ-ны дамытуға ниетті


ҰҚШҰ-ға мүше елдердің басшыларының жиыны. 23 қараша 2023 жыл.
ҰҚШҰ-ға мүше елдердің басшыларының жиыны. 23 қараша 2023 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Минскіде өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ) сессиясында Астана "ұйымды дамытуға, барлық мүше елдердің ұлттық мүдделерін ескеріп, нығайтуға ниетті" деп мәлімдеді.

"Қатысушы мемлекеттердің абырой-беделін және олардың әскери-саяси әлеуеті мен қуатын ескере отырып, ұйымның риторикасы қатал, әйтсе де белгілі бір деңгейде қисынды болуы тиіс. ҰҚШҰ беделді әскери-саяси ұйым ретінде өзінің жетістіктерін паш етті. Бірақ алдымызда ұйымға мүше мемлекеттердің конструктивті мүддесіне сай келуге тиіс жаңа міндеттер тұр" деді ол.

Бұдан бөлек, Тоқаев 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұйым төрағалығы Беларусьтен Қазақстанға өтетінін мәлімдеп, Қазақстанның төрағалық кезінде басымдық беретін бірнеше бағытты атап өтті:

  • ҰҚШҰ-ның мүдделі елдермен және БҰҰ, ТМД, ШЫҰ қарым-қатынаста болуы;
  • Әскери қарым-қатынас мәселелеріндегі бірлескен іс әрекеттер;
  • ҰҚШҰ-ның біріккен жедел күштерін қамтамасыз ету мәселесінің құқықтық-нормативтік базасын жетілдіру;
  • Контингенттердің, әскери авиацияның кедергісіз транзиті;
  • Ұйымның бітімгерлік потенциалын арттыру;
  • Халықаралық терроризм мен экстремизммен күресті бірлесіп жүргізуді дамыту;
  • Экстремизм мен терроризмге қатысы бар адамдарды іздеу, ұстау, экстрадициялау механизмі;
  • Есірткі саудасымен күрес;
  • Заңсыз қару айналымы мен трансұлттық қылмыспен күрес;
  • Төтенше жағдайларды алдын алу және төтенше жағдайдан кейін қалпына келтіруде бірлесе жұмыс істеу;
  • Ақпараттық технология саласындағы қылмыстармен күресу.


Тоқаев жиында Израиль мен ХАМАС арасындағы соғысты "барлық ел мен континентті шарпымай тұрғанда тоқтатуға", Ауғанстандағы халыққа көмекті жалғастыруға шақырды. Қазақстан президенті бұл жиында Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысы жайлы ештеңе айтпады.

Минскідегі жиынға Тоқаевтан бөлек, Ресей президенті Владимир Путин, Беларусьтегі режимді ұстап отырған Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон және ұйымның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысты.

Тоқаев, Путин және өзгелер. Минскіде ҰҚШҰ саммиті өтті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

Бұл жиынға ұйым мүшесі Армения премьер министрі Никол Пашинян келмеді. Сарапшылар Қарабақтағы қақтығыста ҰҚШҰ-дан нақты көмек болмаған соң Ереван бұл ұйымнан өзін алыс ұстай бастағанын айтады.

Пашинян Таулы Қарабақта қақтығыс жалғасып жатқан кезде кейінгі оқиғалар "ұйымның тиімсіздігін көрсетті" деп мәлімдеген. Ол"қауіпсіздік саласында Мәскеуге толық тәуелділік стратегиялық қателік болғанын" және Ереван қазір саясатын әртараптандыруға тырысып жатқанын айтқан.

2022 жылы Қазақстанда Қаңтар оқиғасы болған кезде Тоқаев елге "шетелде дайындықтан өткен мыңдаған террорист шабуылдады" деп мәлімдеп (әлі күнге дейін дәлел көрсеткен жоқ), ҰҚШҰ-дан көмек сұраған. Осылайша ҰҚШҰ әскері алғаш рет басқа елдің аумағына кірген.

Кейбір бақылаушылар ҰҚШҰ әскерінің Қазақстанға кіруі "билікке талас кезінде" шешуші рөл атқарғанын айтып, Тоқаевқа қызметін сақтап қалуға мүмкіндік берді деген.

22 қарашада Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров "ҰҚШҰ-дан шығатын ойымыз жоқ" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG