Accessibility links

Армения Батысқа бет бұрды ма?


Армения премьер-министрі Никол Пашинян
Армения премьер-министрі Никол Пашинян

Армения басшылығы Ресейге ашық қарсы шығып, мәлімдеме жасай бастады. Бұған қоса, елде АҚШ жасағының қатысуымен әскери жаттығу өтіп жатыр. Бұл Ереван Мәскеуден іргесін аулақ сала бастады дегенді білдіре ме?

БАТЫСҚА СИГНАЛ ЖӘНЕ УКРАИНАҒА КӨМЕК

Армяндар ғасырлар бойы Ресеймен тығыз қарым-қатынас ұстанып келді. Алайда соңғы жарты жылда екі ара шиеленісе бастады, себебі армян одақтастары Әзербайжанның "қысымына ұшырадым" дегенде Украинадан басқа мәселеге мойын бұра алмай қалған Ресейдің қол ұшын созуға шамасы жетпеді.

Бұл шиеленіс соңғы екі аптада шегіне жеткенге ұқсайды, себебі премьер-министр Никол Пашинян бастаған Армения үкіметі Ресейді сынаған жария мәлімдемелер жасап, одан алыстай бастағанын байқатты. Оған қоса, Ереван АҚШ-пен бірлесіп өткізетін әскери жаттығуға қатысатын америкалық сарбаздарды қабылдайтынын мәлімдеді. Жаттығу 11 қыркүйекте басталып та кетті.

"Пашинян Батыспен жақындасу мақсатында саясатын өзгерте бастады" деп дабылдатты Ресейдің мемлекеттік ТАСС ақпарат агенттігі. Мұндай арандатушы тақырып Арменияның да, Ресейдің де жоғары лауазымды шенеуніктерін "Ереванның НАТО мүшелігіне үміткер" деген пікірді жоққа шығаруға мәжбүр етті.

Сарапшылардың айтуынша, Батысқа толық бет бұру әзірге мүмкін болмаса да, Армения Ресейге тәуелділіктен ақырын құтылуға тырысып, сыртқы саясатын әртараптандыру мақсатында түрлі әрекеттер жасауға көшкен. Сонымен бірге қауіпсіздігіне қатер төніп, сыртқы қолдауға деген мұқтаждығы арта түскен уақытта онысы тіпті қарқын ала бастады.

Сарапшылар Арменияның соңғы екі аптада Ресеймен қарым-қатынас туралы айтып, дабыл қаққанынын "әлем назарын өзіне аудару талпынысы" деп бағалайды. Ереван Украинаға гуманитарлық көмек жіберді. Көмекті Пашинянның жұбайы Анна Акопян өзі барып табыс етті. Сонымен қатар ол Ресейдің нөмірі бірінші дұшпаны – Украина президенті Владимир Зеленскийге достық лебіз білдіріп, онымен суретке түскен.

Бұл Ереванның Ресейден алыстай бастағанының белгісі іспетті, себебі Армения бұған дейін Ресей–Украина соғысына ешқандай назар аудармауға тырысқан. Ол Ресейдің Украинаға заңсыз басып кіруін сынаған да, қолдаған жоқ. Акопян сапарынан кейін Ресей Сыртқы істер министрлігі Арменияның Ресейдегі елшісін кеңесуге шақырып, елді "Киевтің нацистік режиміне" дем берді деп айыптады.

РЕСЕЙДІ СЫНАУ

Ал армян шенеуніктері Ресейдің бұл әрекетіне өткір сын айтты. Пашинян италиялық газетке сұхбат беріп, Ресейге тәуелділік "стратегиялық қате" болғанын мәлімдеді. Армения парламенті спикері Алан Симонян Ресей сыртқы істер министрінің баспасөз хатшысы Мария Захаровамен сөзге келіп қалып, нәтижесінде оған "қайдағы бір хатшы" деп тіл тигізді.

Симонян сонымен қатар Армения 1998 жылы Халықаралық қылмыстық сот енгізген және төрт жылдан кейін күшіне енген келісімшарт – Рим статутын ратификациялауы мүмкін екенін айтты. Олай істесе Армения Гаага соты іздеу жариялаған Ресей президенті Владимир Путинді тұтқынға алуға тиіс болады. Оның алдында Симонян құжатты ратификациялау Армения үшін артықшылық емес деп мәлімдеген.

"Армения–Ресей қарым-қатынасында қандай да бір даудың тууына осы бір шағын қадамдардың өзі жеткілікті, алайда мұның бәрі қосылғанда, бұрын-соңды болмаған маңызды оқиғадай әсер қалдырады" дейді еревандық саяси сарапшы Микаел Золян.

Арменияның жуырдағы қадамдары "тәуелсіз сыртқы саясатты қалпына келтіру әрекеттеріне" ұқсайды, – деді Золян Азаттық радиосына берген сұхбатында. "Бірақ Армения Батыстың қуыршағы болғысы келеді деп ойламаймын" деді ол.

Армяндар екі жүз жылдай бұрын Ресей Кавказға басып кіргелі бері орыстармен тығыз қарым-қатынаста болды.

Совет одағы құлағаннан кейін Ресей Армения қауіпсіздігінің басты кепілгеріне айналды: түрік-армян шекарасы маңындағы Гүмріде Мәскеудің бірнеше мың әскері орналасқан базасы бар, ресейлік шекарашылар Арменияның Түркиямен және Иранмен шекарасын қорғайды.

Армения – Ресей басқаратын өзара қорғаныс пактісі саналатын Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) мүшесі. Ал 2020 жылы Ресейдің бітімгерлер контингенті Армения бақылауындағы Таулы Қарабаққа орналастырылды.

БАТЫСҚА ЖАҚЫНДАУ

Бірақ 2022 жылдың ақпанында Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін армяндар өзін алданған одақтас сезінген. Ресей бітімгерлері Әзербайжанмен арадағы кикілжіңде Арменияға араша түсе алмайтынын я оған құлықсыз екенін аңғартты. Әзербайжан, сонымен қатар, Армения аумағына бірнеше рет шабуыл жасады, ал ҰҚШҰ Арменияның көмектесу өтінішіне жауап бермеді. Бұл тұрғыда Золян Ресейден алыстағаннан "Армения ештеңе жоғалтпайды" деді.

Ереван сыртқы саясатын бірнеше бағыт бойынша әртараптандыра бастаған. Ол Украинада соғыс басталысымен бұған дейінгі жеткізушісі болған Ресейден келетін қару-жарақ тоқтағаннан кейін қарудың жаңа көзі ретінде Үндістанмен қарым-қатынасын жақсартуға белсене кірісті. Армения сонымен бірге, армян территориясын Әзербайжанның ықтимал шабуылынан қорғайды деп, оңтүстік көршісі Иранмен қарым-қатынасын жақсарта бастаған.

Ең бастысы, Батыс елдерімен қарым-қатынасын нығайтты. Еуроодақ Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығысты реттеуді қолға алғаннан кейін армяндар ЕО шекара бақылаушыларын қарсы алды. Ереван тіпті НАТО-ның бұрынғы бас хатшысы Андерс Фог Расмуссенді лоббист ретінде жалдаған, Ереванға барған сапарында Расмуссен Американың қауіпсіздік кепілдіктері мен Еуропадан болатын әскери көмекті жақтап сөз сөйледі.

Ресей Арменияның Иранмен және Үндістанмен қарым-қатынасына алаңдамағанымен, Батыс елдерімен байланысына алаңдайтын сияқты. "Ресей мұның бәрін Арменияның Батысқа бет бұруы деп қабылдауы мүмкін. Арменияның әрекеті ресейшіл болмаса, Ресей оны бірден антиресейлік деп ұғады" дейді сарапшы Золян. Ресей сырт көзге бұған салқынқанды қарайтынын байқатты. 12 қыркүйек күні Ресей президенті Владимир Путин "Армениямен арада проблемамыз жоқ" деді. Дегенмен, Мәскеуде нарызылық өршіп келе жатқандай.

"Ереванның мотивін біз емес, армян тарапы бағалап, түсіндіріп айтып беруі керек", – деді Захарова келесі күні. Армян шенеуніктерінің Ресейге қарсы жасаған бірнеше мәлімдемесін алға тарта отырып, ол былай деп қосты: "Біз бұл қадамдарды алауыздық деп бағалаймыз және оны армян әріптестерімізбен, серіктестерімізбен, екіжақты арналардағы достарымызбен талқыладық, қазір бұл туралы көпшілікке жария ететін уақыт жетті, өйткені сұрақ көбейіп бара жатыр" деді Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі.

АҚШ-ПЕН БІРЛЕСКЕН ӘСКЕРИ ЖАТТЫҒУ

Ресейге қарсы осындай риторика өршіп тұрғанда Вашингтон мен Ереван Арменияда бірлескен әскери жаттығу өткізетінін мәлімдеді. Қазір Ереван маңындағы "Зар" және "Армавир" полигондарында өткізіліп жатқан Eagle Partner–2023 жаттығуы 20 қыркүйекте аяқталады деп жоспарланған.

Жаттығудың өзі әскери тұрғыдан аса маңызды емес: ол бітімгерлік мақсатты көздейді және оған АҚШ-тың бар болғаны 85 әскери қызметкері қатысып жатыр. Бірақ сарапшылар бұл әрекетті Арменияның қыр көрсетуі дейді. Оның үстіне, Армения биыл ҰҚШҰ жаттығуын өз жерінде өткізуден бас тартқан болатын.

– Жаттығу арқылы ол "Бакуге де, Мәскеуге де, Арменияның мүмкіндігі көп, қамқор достары да жеткілікті" дегенді айтқысы келгенге ұқсайды", – деді Ереван аймақтық зерттеулер орталығының сараптама бөлімінің жетекшісі Ричард Киракосян. – Оның дәл қазір өтуі де кездейсоқ деп ойлаймын. Өйткені мұндай жиындар әдетте бір ай бұрын жоспарланады.

Жаттығу уақыты жақындаған сайын жоспарлаушылар, қауіпті геосаяси сәт тууы мүмкін екенін түсінсе де, жоспарды жалғастыра берді деді Кавказдағы бұрынғы амекрикалық әскери атташе, қазіргі АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы әскери колледждің оқытушысы Боб Хамильтон.

"Мұның астарында "біз орыстар ренжиді деп жаттығудан бас тартқан ел атанғымыз келмейді" деген ой жатқандай көрінді" дейді Хамильтон. Ол мұны "кеме қатынасы бостандығы" жаттығуларымен салыстырды. Ондай жаттығулар кезінде әскери-теңіз кемелері құқығы бар екенін көрсету үшін халықаралық суларға жүзіп барады.

"Дегенмен АҚШ-тың Армениядағы қауіпсіздік мүддесі шектеулі, – деді Хамильтон. – Менің ойымша, біз АҚШ енді Арменияның ірі әскери серіктесі ретінде әрекет етуді бастады дегенді жеткізуге тырыспаймыз, өйткені бұл өтірік. Біздің ісі әскери серіктестікті ақтайтындай Арменияда ешқандай мүддеміз жоқ".

Кейбір сарапшылар Арменияның Мәскеуге бұлай қыр көрсетуінің артында себеп жоқ деп санайды. "Маған бұл жерде ешқандай стратегия жоқтай көрінді. Бұл жай ғана Әзербайжанның, Батыстың, Ресейдің әрекетіне реакция сияқты" деді APRI Armenia Ереван талдау орталығының сыртқы саясат жөніндегі аға ғылыми қызметкері Беньямин Погосян. – Бірақ бір анық нәрсе бар. Ол үкіметтің қыркүйектің басынан бері Ресейдің ашуына тиетін қадамдар жасай бастауы.

РЕСЕЙДІҢ ЫҚПАЛ ТЕТІКТЕРІ

"Пашинян Батыспен қарым-қатынасты жақсарту үшін Ресейдің қытығына тиетін әрекет жасауымыз керек деп ойлайтын сияқты, – дейді Мәскеу мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтының сыртқы саясат сарапшысы Николай Силаев. – Мұндай әрекеттер Ресейдің алдында Батысқа бетбұрыс болып көрінеді. Әрине, Арменияның жағдайындағы елде серіктестермен қарым-қатынасты әртараптандыру үшін ерекше дипломатия керек. Ал Пашинян жақсы дипломат емес. Дегенмен оның әрекеттері дипломатиялық қателіктен гөрі, ойланып шығарған шешімге келеді".

Бұл стратегия батысшыл деген әсер қалдырып, Әзербайжанға қарсы қолдауға ие болуды көздеуі мүмкін, дейді Золян. Армяндар Әзербайжан қарулы күштері жасағының шекараға жақындай бастағанына, Израильден қару тасымалдауына және Бакудің күн өткен сайын күшейіп жатқан мәлімдемелеріне алаңдаулы.

"Армения ұзақ уақыт Ресейдің одақтасы ретінде танылды және Түркия мен Әзербайжан оған қарсы күш қолдану себептерін осымен байланыстырды, Меніңше, қазіргі әрекеті Батыс пен Әзербайжанға бағытталған. Батысты жақтайтынымызды көрсету арқылы Арменияға жасалған кез келген шабуыл Батыстың болашақ серіктесіне немесе Ресейдің ықпалы аясынан шыққысы келетін елге шабуылмен тең дегенді білдіргісі келетіндей, – дейді Золян.

Оның айтуынша, соңғы уақытта Армения сыртқы қолдауға ерекше мұқтаж, соған қарамастан Ресейді көзге ілмеген сыңай танытуы "Батыспен араны нығайтудан басқа амал қалмады" дегенді аңғартуы іспетті көрінеді. "Бірақ меніңше Пашинян Батыстан қандай да бір хабар алып, соған арқа сүйеп, орыспен қарым-қатынаста батыл әрекеттерге барып отыр" деді ол.

– Бірақ бұл – өте қауіпті стратегия: Батыстан келген сигнал Батыс берген уәдесінің бәрін орындайды дегенді білдірмейді. Сондықтан бұл шақ – Армения үшін де, Қарабақ үшін де қауіпті, – деді Золян.

Ресей Арменияның шектен шығып бара жатқанынан сезіктенсе, қолында Арменияға қысым көрсете алатын бірнеше тетігі бар. Ереван Ресейдегі еңбек мигранттары аударатын қаражатқа қатты тәуелді. Мәскеу қаласа, осы тетіктікті пайдалана алады. Армения сондай-ақ бүкіл табиғи газын Ресейден алып отыр. Сонымен бірге қауіпсіздікті қамтамасыз ететін Таулы Қарабақтағы ресейлік бітімгерлер Армения үшін маңызды рөл атқарады. "Орыстардан құтылу – оларды шекарада ұстаудан да да қауіпті" деді Золян.

Дегенмен, Ресей мұндай қадамдарға бара ма, жоқ па – белгісіз. "Өйткені Армения Ресейге қайта-қайта қарсы шықты, бірақ Ресей тарапынан кесімді жауап болмады. Армения үкіметі қанша жерден шектен шығуға тырысқанымен, өте сақ қимылдайды" деді Киракосян.

Силаев та осы пікірмен келіседі. "Ресей тетіктерді бұрайды деп ойламаймын. Ресей "біз Армениямен одақтастықтан айныған жоқпыз, Мәскеу қарым-қатынасты бұзуға ниетті емес" деген ұстанымда. Пашинян Арменияның сәтсіздіктері үшін Ресейге жауапкершілік артқысы келетін сияқты. Олай болса, Ресей үкіметі неліктен армян халқына қысым көрсету арқылы оған қосымша дәлел келтіруі керек? Сөздің өзі жеткілікті ғой".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG