Accessibility links

"Түркия Каспий теңізінде үстем ойыншыға айналмақ". Тоқаевтан көмек сұраған диқандар


Қазақстан әскери теңіз күштерінің Каспийдегі әскери жаттығуы. Тамыз айы, 2022 жыл.
Қазақстан әскери теңіз күштерінің Каспийдегі әскери жаттығуы. Тамыз айы, 2022 жыл.

Қазақстанға әскери кеме жасап беретін Түркия Каспий теңізінде үстем ойыншыға айналмақ, Мәскеу бұған қарсы тұра ала ма? Ресей мен Қытайдың ықпалы Орталық Азияда әлсіреп жатқан уақытта АҚШ қырғи-қабақ соғыс кезінен қалған ереженің күшін жойып, аймақпен қарым-қатынасты күшейткісі келеді. Қуаңшылық пен күзде толассыз жауыннан зардап шеккен шаруалар Тоқаевтан көмек сұрады. Батыс басылымдары бұл аптада осы тақырыптарды көтерді.

МӘСКЕУ КАСПИЙДЕ ТҮРКИЯНЫҢ ЫҚПАЛЫНА ҚАРСЫ ТҰРА АЛА МА?

Астана мен Анкара жақында Түркия Қазақстанға әскери кеме жасап береді деген келісімге келді. Сарапшы Пол Гобл АҚШ-тағы Jamestown қорының сайтында бұл Ресейдің Каспий флотилиясының үстемдігіне қауіп төндіріп қана қоймай, Түркияны Каспий теңізіндегі басты ойыншыға айналдыруы мүмкін екенін жазды. Автор бұл мәміленің арқасында түрік үкіметі әскери теңіз саласында бірінші кезектегі мердігерге айналып, басқа елдерге жасап берген кемені өз мақсатына пайдалана алады дейді.

Бұл оқиға Мәскеудегі шенеуніктердің назарына ілікті, олар теңіз жағалауындағы өзге мемлекеттер Қазақстан ізімен кетуі мүмкін деп долбарлады. Қайсыбіреулер Түркия түркі әлемінде ғана емес, постсоветтік кеңістіктің оңтүстік бөлігінде, Қытай шекарасына дейінгі жерде ықпалын күшейтіп, үстем геосаяси ойыншыға айналады деп топшылады. Гоблдың ойынша, мұндай мәлімдемелер Түркияның Каспийде әскери теңіз флотын салу туралы жоспары жаңа геосаяси текетірес пен тіпті әскери бәсекеге жол ашатынын анық көрсетеді. «Мәскеу Каспийде ғана емес, теңіз жағалауындағы мемлекеттерде тарихи үстемдігінен айырылып қалмас үшін қарымта жауап қайтаруға мәжбүр болатын тәрізді», − дейді автор.

Түркияның теңіз әскери күшіне тиесілі F-243 TCG Yildirim фрегатасы.
Түркияның теңіз әскери күшіне тиесілі F-243 TCG Yildirim фрегатасы.

Гобл жақында Ресейдің «Совершенно Секретно» басылымындағы Сергей Балмасовтың осы тақырыпта жазылған мақаласына назар аударады. Балмасовтың жазуынша, Анкара Каспийдің мұнай-газ қорын бақылап, Түркіменстанмен газ қорына таласатын одақтасы Әзербайжанды қолдау үшін теңізге әскери күштерді орналастыруды діттеп отыр. Бірақ бұл ретте Түркия бұл күштерді Әзербайжан не Қазақстандікі деп көрсетеді. «2018 жылғы конвенция («Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы») Каспийде үшінші елдердің қарулы күштерін орналастыруға тыйым салғанмен, Баку мен Астана Ресей мен Иран таңған шектеуді [Түркияға] айналып өтуге көмектесуге дайын», − дейді Балмасов.

Балмасов Анкара Қазақстанға әскери кеме салып беріп, Әзербайжанға болысу арқылы Каспийдегі мұнай-газ қорына қол жеткізіп, үлкен аймақта үстемдікке ие болғысы келеді дейді. Оның ойынша, Каспийдегі Түркия флоты Ресейді айналып өтетін сауда дәліздерін кеңейтеді, сондықтан Мәскеу мен Пекин геоэкономикалық мәселеге тап болады.

Ресей журналисі Украинада соғыспен жүрген, Батыспен қарым-қатынасы шиеленісіп жатқан Мәскеу Қазақстан мен Орталық Азиядағы түрік үстемдігінің қарсы тұра ала ма деген сұрақ қояды. Автордың пайымдауынша, егер бұл Мәскеудің қолынан келмесе, оңтүстік шығыс шекарада «Ресейге адал емес» тағы бір мемлекет пайда болуы мүмкін.

Гобл Кремль Түркияның бетін қайтару үшін Қытай немесе Иранға қайырылуы мүмкін дейді. Дегенмен Шығыс пен Батыс арасында сауданың күшеюінен Қытай ұтады, сондықтан Пекин Мәскеуді қолдамауы мүмкін. Осы себепті Ресей бұл мәселеге Тегеранды араластыруы мүмкін.

Нәтижесінде Каспий теңізінде бастапқыда болмашы болып көрінген нәрсе Ресей мен аймақ елдері арасында ғана емес, Тегеран мен Батыс арасындағы бәсекені ушықтыруы ықтимал. Ал мұның арты Украинадан кем түспейтін қақтығысқа апаруы мүмкін.

ДЖЕКСОН-УЭНИК ТҮЗЕУІ: АҚШ ОРТАЛЫҚ АЗИЯМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ ҚАЙТА СҮЗГІДЕН ӨТКІЗЕ МЕ?

Diplomat басылымы АҚШ сенаторлары Крис Мерфи мен Тодд Янг Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстанды Джексон-Уэник түзетуі қолданылатын елдер қатарынан шығаратын заң жобасын ұсынғанын жазды.

Егер заң жобасы қабылданса, Орталық Азиядағы үш елге «қалыпты тұрақты сауда қарым-қатынасы» мәртебесі беріледі. Мақала авторы Кэтрин Путцтың ойынша, бұл қадам АҚШ-тың аймақ елдеріне ізгі ниетін көрсетер еді.

1974 жылы АҚШ конгресі СССР азаматтарының шетелге кетуіне кедергі келтіргені үшін сауда туралы заңға Джексон-Уэник түзетуін қабылдаған, бұл заң еркін эмиграцияға жол бермейтін, адам құқықтарын бұзатын, экономикасы нарықтық емес елдермен саудаға шек қояды. 1991 жылы Совет Одағы ыдыраса да, бұл түзету күшін жоймады. Бұл түзету Қырғызстанға 1998 жылдан бастап қолданылмайды. Дегенмен Орталық Азиядағы басқа елдерге бұл түзету әлі де қолданылып келеді.

Джексон-Уэник түзетуінің АҚШ-тың аймақ елдерімен қарым-қатынасына әсері жоққа тең. Вашингтондағы саясаткерлер дәстүрлі түрде Ресей ықпалында болған елдермен қарым-қатынасты күшейту жолдарын іздеп жатқанда, Джексон-Уэник түзетуі оған белгілі бір кедергі келтіретін болып шықты. Себебі қайсыбіреулер түзетудің күшін жоймауы инвесторлардың күмәнін тудырады деп есептейді.

Биыл ақпанда АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қазақстан мен Өзбекстанға сапары қарсаңында сенаттың халықаралық істер комитетінің Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия, Орталық Азия мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі кіші комитеті отырыс өткізді. Олар мемлекеттік хатшының Оңтүстік Азия мен Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Дональд Лу мен энергетика ресурстары жөніндегі көмекшісі Джеффри Пайеттің баяндамасын тыңдаған.

Мемлекеттік хатшының көмекшісі Лу бұған дейін, 2022 жылдың қыркүйегінде өкілдер палатасының сыртқы істер комитетінде сөйлеген сөзінде Байден әкімшілігі Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстанды Джексон-Уэник түзетуі қолданылатын елдер қатарынан шығаруды қолдайтынын айтқан. Лу бұл мәселе Блинкеннің Орталық Азиядағы әріптестермен әр кездесуінде көтерілетінін жеткізді.

Сенатор Мерфи осы жазда Diplomat басылымына жазған мақалада Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстанға қатысты бұл түзетудің күшін жоюды негіздеген. Ол бұл елдер АҚШ-пен тығыз қарым-қатынас орнату үшін адам құқықтары мен саяси бостандықты ілгерілету жолында әлі көп еңбек етуі керек дейді, дегенмен «қалыпты тұрақты сауда қарым-қатынасы» мәртебесін беру АҚШ-қа осы мәселелерді шешуге ықпал ету тетіктерін берер еді.

Мерфи Ресей мен Қытайдың ықпалы Орталық Азияда әлсіреп жатқан уақытта қырғи-қабақ соғыс кезінен қалған түзету АҚШ-тың аймақпен қарым-қатынасын қайта қарастыруға теріс әсер етеді дейді.

Сенатор Янгтың айтуынша, түзетудің күшін жою аймақ елдерімен сауда қарым-қатынасын жақсартып, үлкен нарыққа жол ашады, Қытай мен Ресейдің ықпалына қарсы тұру мүмкіндігін күшейтеді.

ТОҚАЕВТАН КӨМЕК СҰРАҒАН ДИҚАНДАР

Eurasianet басылымы жаздағы қуаңшылық пен күзде толассыз жауыннан зардап шеккен шаруалардың президенттен көмек сұрағанын жазды.

Биыл жаздағы қуаңшылықтан егін бітік шықпай, қурап қалған. Бидай өсіріп жатқан диқандар соңғы аптада басқа да мәселеге тап болды. Жергілікті ақпарат құралдары солтүстік облыстарда толассыз жауған жаңбырдың кесірінен астық ору мүмкін болмай жатқанын жазды.

Диқандардың Тоқаевқа жазған хатына қарағанда, қуаңшылық кесірінен өнім көпжылдық орташа көрсетіштен төмен.

Видео: Қураған егіс, қуарған дала. Жамбыл облысының шаруалары шығынға батты (5 қыркүйек 2023 жыл).

Қураған егіс, қуарған дала. Жамбыл облысының шаруалары шығынға батты
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:40 0:00

Ресми дерек те мұны растайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі елдің солтүстігінде астықтың 23 пайызы жиналғанын мәлімдеді. Қалған бөлігі өніп кетуі мүмкін.

Қостанай облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қауымдастығы жауын кесірінен астықтың 20 пайызы бүлінгенін, енді ол мал азығына да жарамайтынын хабарлады. Диқандар одағының басшысы Виктор Асланов күн сайын астықтың 3 пайызы бүлініп жатқанын айтты.

Диқандардың көпшілігі банкрот болуы мүмкін. Тоқаевқа хат жолдаған фермерлер несие төлемін бір жылға шегеруді, Азық-түлік корпорациясынан бидай келісін кемі 100 теңгеден сатып алуды сұрады. Сондай-ақ олар Ресейден ауыл шаруашылық өнімдерін әкелуге толық тыйым салуды талап етті.

Диқандар шығынға батып жатқанымен, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі туындамауға тиіс. Биыл жиналған бидай мен Азық-түлік корпорациясы қорындағы 1,3 миллион тонна бидай ішкі сұранысты өтейді, тіпті экспортқа шығаруға жетеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі 3 қыркүйекте Қытайдың Шаньдун провинциясына 1300 тонна астық жөнелткенін хабарлады. Азық-түлік корпорациясы Шаньдунге 200 мың тонна астық жеткізбек.

Мақала авторы Алмаз Куменов диқандар әрі-сәрі күй кешіп жатқанда Қазақстан экспорт бойынша жоспар түзіп жатқаны парадокс екенін жазады. Ресейден контрабандамен келетін арзан бидай диқандардың ахуалын одан бетер ушықтырып жіберді. Ең сорақысы, демпинг Қазақстан экспортерлерін Қырғызстан мен Иран нарығынан ығыстыруы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG