Accessibility links

Генерал Джеймс Джонс: Батыс елдері Украинаға қару-жарақ беруге "аса сақтықпен" қарайды


НАТО-ның Еуропадағы бұрынғы басшысы, АҚШ-тың бұрынғы президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джеймс Джонс Украинадағы соғыстың нәтижесі бүкіл әлемге әсер ететінін, ұзақ қашықтыққа жететін қару-жарақ жағдайдың одан әрі ушығуына сеп болатынын айтады.

Джеймс Джонс – теңіз құрлық әскері корпусының төрт жұлдызды генералы, Еуропадағы НАТО бірлескен әскерінің бұрынғы бас қолбасшысы (2003-2006), АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі (2009-2010). Ол – қазір қауіпсіздік бойынша кеңес беретін сарапшы. Украинаға әскери көмек беруді қолдайды. Джонс Азаттыққа берген сұхбатында Украинадағы соғыстың ғаламдық салдары туралы пікірін бөлісті.

– Украинадағы соғысты шахмат тақтасы деп қарастырсақ, қазіргі жағдайды қалай сипаттар едіңіз?

АҚШ-тың бұрынғы президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джеймс Джонс
АҚШ-тың бұрынғы президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джеймс Джонс

– Владимир Путин Украинаға басып кіріп, тарихи қателік жасады. Бұл шешімге не әсер еткенін біле алмайтын шығармыз. Путин де басқа диктаторлар сияқты айналасындағы адамдардың айтқанын тыңдайды деп ойлаймын. Ол бұл соғысты Қырым аннексиясы сияқты тез аяқталады деп күтті. Бірақ қателесті.

Майданда не болып жатыр?

– Кесіп айту қиын. Өкінішке қарай, Украинаның маусымда басталған қарымта шабуылына бір маңызды элемент – авиация жетпеді. Орыстардың украин әскері келуі мүмкін деген аудандардың бәріне мина қойып үлгеруге жеткілікті уақыты болды. Бұл Украина күштерінің алға ілгерілеуін қиындатты.

– Соғыста әлі де бір тарап жеңіске жетуі мүмкін деген ықтималдық бар ма?

– Бұл сұрақтың жауабын білмеймін. Қазір қос тараптан да басымдық байқап отырған жоқпын. Бір нәрсе анық: Ресей Украинаны толық жаулап ала алмайды.

– Украинаның қарымта шабуылы аяқталып, Ресейге кезек келді ме?

– Соғыс Украинаның жеңісімен аяқталуы керек. Бұған қалай жетеміз, білмеймін. Бірақ бәрі осылай болуы тиіс. Ресей жеңілмесе, әлемдегі автократтар жігерленіп кетеді. Мәселен, Қытай Тайваньға қатысты позициясын өзгертуі мүмкін. Халықаралық қауымдастық ештеңе болмағандай, Путинді қайтадан қатарға қосып алса, бұл ең сорақы шешім болады. Өйткені Путин – әскери қылмыскер, бұл жай сөз емес, Халықаралық қылмыстық сот оған ресми түрде айып тақты.

– Өзіңіз айтқандай, әзірге соғыстың соңы көрінбейді. Ресей Авдеевкаға шабуыл бастады. Бұл қалай? Орыстар соғыстан шаршамады ма? Жаңа шабуылға қайдан күш алып жатыр?

– Ресейде халық саны көп. Орыстар әскери дайындықтан өтпеген азаматтарды, жас жауынгерлерді соғысқа салып жатыр. Бір жыл ішінде қос тарап бір-бірінің мықты және осал тұстарын танып үлгерді. Енді соны пайдалануға тырысады.

Харьковте аумақты минадан тазалап жатқан украин әскері.
Харьковте аумақты минадан тазалап жатқан украин әскері.

– Украинада отанын қорғауға дайын еріктілер көп деп еститінбіз. Бірақ Зеленскийдің Time журналына берген сұхбатынан кейін Украинаға әскери күш жетпейтіні белгілі болды. Ресей мен Украинаны салыстырсақ, бұл мәселе қай тарап үшін өзекті?

– Әскер қатарын адам санымен толықтыру – бір бөлек, ал әскери дайындықтан өткен, жақсы жабдықталған, ұйымдасқан күш құру – басқа әңгіме. Соғыстың бірінші жылы Украина қорғаныс позициясында болды, бұл әлдеқайда жеңіл. Кейін шабуылға көшті. Қарымта шабуыл кезінде әскер саны қарсыластан едәуір аз болса, адам шығыны артады. Оның үстіне, Украинада мықты авиация болмады.

– Соғыс тактикасына келсек, майдандағы сәтсіздіктер НАТО жоспарының әлсіздігін көрсете ме, әлде Украина соғыста өзін жақсы көрсете алмады ма?

– Украина қарымта шабуылға көшерде, одақтастары жақсы қару-жарақ беруі керек еді. АҚШ әуе қорғанысын қамтамасыз ететін техниканы кешіктірді. Батыс елдері Ресейге ауыр соққы жасайтын қару-жарақ беруге қорықты. Бұл – жауынгердің бір қолын арқасына қайырып, байлап қойғанмен тең.

– HIMARS қаруының соғыс барысына едәуір ықпал еткенін көрдік. Батыс елдері Киевке ATACMS (тактикалық зымыран жүйесі) және F-16 жойғыш ұшақтарын да беруі мүмкін бе?

– Иә. Бұл мәселемен Вашингтондағы әскери кеңес айналысады.

– Украинаға осыған дейін берілген ATACMS жүйелері ескі болғанын, аз қашықтыққа ғана ұшатынын байқадық. Аталған қару-жарақ түрлерінің алысқа жететін, заманауи үлгілері берілмей ме?

– НАТО елдері Украинаға Мәскеуге ауыр соққы жасайтын қару-жарақ берсек, шиеленіс артып кетуі мүмкін деп қорқады. Вьетнамдағы соғыс әлі есімде. Ол кезде де жауды Лаос пен Камбоджада, демилитаризация сызығының ар жағында қудалауға мүмкіндік бермейтін. Шектеу көп болғандықтан, өзімізді қолы байлаулы кісідей сезінетінбіз. Батыс мемлекеттері Путин ядролық соғыс бастауы мүмкін деп қауіптенеді. Қазір бастысы, Киевке қажет қару-жарақ беріп, Ресейдің Украинаның жаңа аудандарын жаулап алуына жол бермеуіміз керек.

– Жоғарыда айтылғандарды ескерсек, қазір Украинаға қалай көмектесуге болады?

– Авиациялық көмек қажеттігін екі-үш рет айттым. Орыстар көп жерге мина қойып кеткендіктен, украин әскеріне алға жылжу қиын болды. Әуеден қолдау болмағанда, адам шығыны геометриялық прогрессия бойынша өседі. Украина үшін әр жауынгер маңызды. Киев Путин сияқты адамдарды “тірі қалқан” етіп қолдана алмайды.

– Қасық қаны қалғанша отанын қорғауға дайын адамдар мен мемлекеттің мәжбүрлеуімен не ақша үшін майданға кеткен жауынгерлерді салыстырсақ, қай әдіс тиімді деп ойлайсыз?

– Бұл жағынан басымдық – Украинада. Олар туған жерін қорғап жатыр. Зеленский де – халық қаһарманы. Украиндар арасында “Жетер, шаршадық” деген үмітсіздік жоқ. Сондықтан АҚШ пен одақтастары Киевке қолынан келгенше көмектесуі керек.

– Соғыс басталғалы көп өзгеріс болды: Финляндия НАТО-ға қосылды, Швеция да одаққа кіруге ниет білдіріп отыр. Молдова Батыс елдерімен қарым-қатынасын түзеді. Әзербайжан Таулы Қарабақты өзіне қайтарып, Ресейден алшақтады, жақында тіпті Франция мен Үндістаннан қару-жарақ сатып алды. Мұндай жағдайда Грузияға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ресейден қауіп төніп тұрған елдердің бәрі НАТО-ға жақындай түседі. Әскери одақ осындай қауіп-қатер аймағындағы елдермен байланысын нығайтып, оларға қол ұшын созуы керек. Украина да НАТО-ға қосылу үшін қазірден әрекет ете бастаса, соғыс аяқталғанда, тағы бірнеше жыл күтіп, әуре болмас еді. Одаққа қабылдаудың неше түрлі стандарты бар. Түбінде Ресей қателік жасағанын түсініп, НАТО соғысқа дейінгі кезбен салыстырғанда әлдеқайда мықты ұйымға айналады. Сонда Грузия сияқты мемлекеттер де одаққа қосылады деп ойлаймын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG